$ 494.87  520.65  4.91

«Костюміміз ауа өткізбейтіндіктен, күн ұзаққа оны киіп жүру де ауыр болып жатыр» - инфекция бөлімінің дәрігері

Әсем жұмыс істейтін аурухана бөлімі 100 адамға арналған.

Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласындағы карантиндік госпиталь дәрігері Әсем Омарова Azattyq Ruhy тілшісіне карантиндегі адамдармен қалай жұмыс істеп жатқанын, мемлекет тарапынан дәрігерлерге қандай жағдай жасалғанын айтты.

Есік қаласының көпсалалы ауруханасы карантин режиміне 10 наурыздан бастап көшкен. Бір айдан бері өмірін қауіпке тігіп жүрген ақ халаттылар өздерінен бұрын жақындарының өмірі үшін алаңдайтындарын жеткізді.  

«Қазіргі уақытта мен коронавирус инфекциясын жұқтырған адаммен байланыста болған науқастармен жұмыс істеймін. Емханадан шықпай жұмыс істеп жатырмыз, себебі, жақындарымыз үшін уайымдаймыз. Жақындарыңмен араласпау ғана емес, костюміміз ауа өткізбейтіндіктен, күн ұзаққа оны киіп жүру де ауыр болып жатыр. Бір қуантарлығы, ауруханамызда коронавирус инфекциясын жұқтырған дәрігер жоқ», - дейді ол.

Әсемнің айтуынша, қорғаныш костюмін киіп-шешудің өзіне кемі бір сағаттан аса уақыт қажет.

«Жұмысымыз оңай болып жатқан жоқ. Ауруханаға кірген бетте үстімізге арнайы костюм, респираторлы медициналық маска, көзімізге көзілдірік, аяғымызға етік киеміз. Қорғаныш костюмін киюге шамамен 20-25 минут кетеді, ал оны шешуге жарты сағаттан аса уақыт жұмсаймыз. Костюмнің жарамдылық уақыты 6 сағатты құрайды, содан кейін біз оны суға салып, дезинфекцияға береміз. Науқастармен араласып, жағдайларын біліп, температураларын өлшеп, медициналық манипулияциялар жасаймыз. Мемлекет тарапынан берілген костюмдер мен маскалар толық мөлшерде жеткілікті. Киген костюміміз бірден утилизацияға жіберіледі», - дейді Әсем.

Әсем жұмыс істейтін аурухана бөлімі 100 адамға арналған. Айтуынша, карантин режимінде жұмыс істеп жатқан дәрігерлерге мемлекет басшысының тапсырмасымен беріліп жатқан үстемақы уақытылы түсуде.

«Мемлекет тарапынан беріліп жатқан үстемақыны уақытында алдым. Маған айлықтан бөлек 300 мың теңге түсті. Қазақстандықтардың, мемлекеттің дәрігерлердің еңбегін бағалап, мәртебесін өсіріп жатқаны қуантарлық жайт. Шынын айтсақ, үстемақы туралы көп ойлап жатқан жоқпыз. Мұндай жағдайда бізге ақшадан бұрын, ел азаматтарының денсаулығы маңыздырақ. Денсаулық министрлігі жұмысымыздың өнімді болуы үшін жағдайымызды жасап жатыр. Қазақстандықтарға үйде болыңыздар, жақындарыңыз бен өз өмірлеріңізге қауіп төндірмей, барынша сақтануға тырысыңыздар, иммуниттетеріңізді көтеріп, қолдарыңызды жиірек жуыңыздар дегім келеді», - деп аяқтады ол әңгімесін.

Айта кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасымен коронавируспен күресіп жүрген дәрігерлерге үш ай бойы қосымша үстемақы төленеді. «Қауіптілігі аса жоғары» саналатын бірінші санатқа: реанимация бөлімшелерін қоса алғанда, инфекциялық стационарлардың дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері кіреді. Олардың жалақысына ай сайын ең төменгі 20 жалақы мөлшері, яғни, 850 мың теңге қосылады. «Қауіптілігі жоғары» саналатын екінші санатта: провизорлық стационарлар мен жедел жәрдем дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері қосымша 425 мың теңге алады. «Қауіптілігі орташа» санатында: карантиндік стационарлардағы дәрігерлер, орта және кіші медицина қызметкерлері, санитарлық дәрігерлер, жедел жәрдем жүргізушілері және басқаларға 212 500 теңге үстемақы беріледі. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары