Елімізде жарияланған Төтенше жағдай мен карантин режимі бірнеше саланың тынысын тарылтқаны анық. Соның ішінде көп зардап шеккендердің бірі туризм саласы екені белгілі. Алматыдағы туристтік компания өкілдері де жұмысынан уақыитша айырылып, әлеуметтік көмекке мұқтаж болды. Соның бірі – Жұлдыз Қасымханова, - деп хабарлайды Sn.kz.
Жұлдыз жұмысынан айырылғандарға жалақының ең төменгі мөлшеріндегі әлеметтік көмек көрсетіледі дегенді естігенде қатты қуанған.
«Сенбі күні құжаттарды Е-gov сайты арқылы тіркедік. Сейсенбі күні қоңырау шалып, өтініш мақұлданды деп айтты. Және шот нөмірді сұрады. 1-2 күнде түсті ақша. Тіпті, осындау уақытта кез келген отбасыға 42 мың көп көмек болады деп ойлаймын. Көңілімізге қая түскенде мемлекеттің қазақстандықтарға қол ұшын бергені, біздің елеусіз емес екенімізді білдірді», – деді қала тұрғыны Жұлдыз Қасымханова.
Осы қауіпті індет салдарынан, Төтенше жағдай жарияланып, карантин режимі енгізілгелі бері көп алматылық жұмысынан уақытша айырылды. Әсіресе қарапайым қызметкерлер мен саудамен айналысатындардың жұмысы тоқтап қалды.
Осындайда әлеуметтік көмектің шарапатын көргендердің бірі – Татьяна Буль. Карантин басталған уақытта табысынан айырылған ол бірден e-gov сайтына тиісті құжаттар тапсырған.
«Алғашында шыны керек қатты сенбеп едім. Алайда, көп күттірмей құжат тапсырғанның ертесіне маған хабарласты. Банкегі ағымдағы шот туралы ақпарат алып, үш күннен кейін 42 500 теңге қолыма түсті. Қуанғаннан бірден дүкенге барып, азық-түлік алдым. Қалалық әкімдікке алғыс айтамын», – деді қала тұрғыны Татьяна Буль.
Айта кетейік, Еңбек министрлігі 42 500 теңге мөлшеріндегі жәрдемақыны төтенше жағдай режимі кезінде екінші рет алу мүмкіндігі туралы хабарлады. Қазақстандықтар 42 500 теңге жәрдемақыны екінші рет ала алады, өйткені төтенше жағдай режимі ұзартылды. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Нариман Мұқышев мәлімдеген болатын.
«Біз 42 500 теңге табысынан айырылған қазақстандықтарға ай сайын беріледі деп айтқан едік. Әрине, төтенше жағдай ұзартылғаннан кейін азаматтар бұл төлемді екінші рет алады», - деді Мұқышев.