$ 494.87  520.65  4.91

Алматы облысының кей тұрғыны карантин кезінде жаңа кәсіпті меңгерген

«Өсірген көшеттерді Қаскелең қаласында сатамыз. Үй ауласына бау-бақша егетіндер көп болғандықтан, сұраныс та көп», - дейді Светлана Скрипина.
фото: minsknews.by
фото: minsknews.by

Карантин кезінде қол қусырып отырмай, жаңа кәсіпті меңгергендер бар. Алды табыс тауып, отбасын асырап жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұндай отбасылар Алматы облысының Қарасай ауданында көп. Қаскелең қаласының тұрғындары Ғалым Илекенов пен Шыңғыс Хангелді карантинге дейін той бизнесімен айналысқан. Яғни, мерекелік жиындарды әуенмен әрлеп, сәнін кіргізіп отырыпты. Төтенше жағдай жарияланғалы олардың тұрақты табыс көзі тоқтады. Тығырықтан шығу үшін кәсіби музыканттар мемлекеттік жәрдемақыға қарап отырмай, тұрақты жұмысқа орналасқан.

«Карантин енгізілгенге дейін біз той-думанда жүретін едік. Аппаратураларды құрып, тасып. Қазір ол жоқ болғаннан кейін біз өз автокөлігімізді басқаша переоборудование жасап, жөргек, маска тасумен айналысудамыз. Табысымыз бұрынғыдай емес, сонда да жеткізіп жатырмыз. Тұрақты жұмыс жақсы былай», - дейді Шыңғыс Хангелді.

Гүл сатумен айналысатын Светлана Скрипина да қиын кезеңдерді бастан өткеріп жатыр. Сұраныс төмендеген соң дүкен сөресіндегі гүлдері солып, кәсіпкер 1,5 млн теңге шығынға ұшыраған. Шетелден тағы да тапсырыс беруге саудагердің жүрегі дауаламапты. Үйреншікті кәсібінің орнына ол жылыжайға көшет өсіріп, оны сатуды қолға алды.

«Бұл – қиын кезеңнен шығаратын қосымша табыс көзі. Үйде отырғанша, осылай кәсібімізді өзгертіп, жұмыс істеуді жөн деп санадық. Өсірген көшеттерді Қаскелең қаласында сатамыз. Үй ауласына бау-бақша егетіндер көп болғандықтан, сұраныс та көп», - дейді Светлана Скрипина.

Жыл сайын 20 мыңнан аса түп қызғалдақ өсірілетін жылыжайға қазір қызанақ, қияр, бұрыш, өзге де көкөніс түрлері егілген. Көшеттердің басым бөлігі бірден сатылып кетіпті. Төтенше жағдай гүл сататын кәсіпкерге қосалқы шаруашылығын жандандырып, бағбандыққа ден қоюына ықпал етті. Әрі қиындық тың мүмкіндіктердің бастауы екеніне көз жеткізді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары