Нұр-Сұлтан қаласы жергілікті полиция қызметінің бастығы Ғұсман Жакин блокпостардан ақша ұсынып өтіп кеткісі келетіндердің жолы кесілетінін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жалпы карантин енгізілгелі бері 5 мыңға тарта азамат әртүрлі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Алайда азаматтар қазір жағдайға түсіністікпен қарай бастады. Сондай-ақ блокпостан полиция қызметкерлеріне ақша беріп, ешқандай тіркеусіз, анықтамасыз өтіп кетпек болған адамдар да кездесті. Әлбетте мұндай фактілердің бәрінің жолын кесеміз. Бізден бөлек блокпоста әкімдіктің, денсаулық сақтау саласының қызметкерлері де кезекшілік атқарады. Сол себепті мұндайға жол берілмейтінін айтқымыз келеді», - деді Ғұсман Жакин ОКҚ-да өткен баспасөз мәсхихатында.
Сонымен қатар ол әлеуметтік желілерде тараған ақпараттарға қатысты пікір білдірді. «БАҚ-та, чаттарда кей азаматтар белгілі бір сомамен блокпостан өтіп кетуге болады дегендей ақпарат таратып жатыр. Мұндай фактілерге жол берілмейді», - деді ол.