$ 498.51  522.84  4.81

«Мына ауру пәле болды, шаршатты» демеді»: Бейсен Құранбектің жары халыққа алғыс айтты

Көрермен қауым, жора-жолдас, майдандас әріптестер, үлгі тұтып соңынан ерген жастар қандай тұлғадан айрылып қалғанын сөзбен жеткізе алмай, зар илеп жоқтап жатыр.
фото: 7-su.kz/news
фото: 7-su.kz/news

Жақында дүниеден өткен белгілі журналист Бейсен Құранбектің жары қазақ халқына алғыс айтты. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат порталы хабарлайды.

Ол асыл азаматының қайтыс болуына орай, қайғысына ортақтасыпғ көңіл айтып жатқан елге ризашылығын білдіріп, жарының instagram парақшасы арқылы жазба жариялады.

Көгілдір экран арқылы әлеуметтің мәселесін көтеріп елдің ықыласына бөленген Бейсен Құранбектің жарының айтуынша, ол ешқашан аурудан қажығанын айтып, еңсесін түсірмепті.

"Ардақтым, азаматым, асыл жарым өмірден өтті... Мәңгілік мекеніне жетті... Ол кісінің демі үзілсе, менің де тынысым тоқтайтындай көрінетін. Алайда кеудемдегі жаным шықпаған соң, тірі адам тіршілігін жасай береді демекші, басымды көтеріп, айналама қарауыма тура келді. Алланың ісіне көндім.

Бейсекемнің артынан қаза қайырлы болсын айтып жатқан адамның санында есеп жоқ, қалың қазақ қабырғасы қайысып, көңіл айтуда. Еліміздің игі жақсылары лебіздерін білдіріп, жеделхаттар жолдап жатыр.

Әлеуметтік желілердегі жазбалар, арнаулар мен комментарийлерді  бей-жай оқу мүмкін емес, жүрегіңді қан жылатады деген ағайынның өзара әңгімесін үш күннен бері естудемін. Олардың барлығын ашып оқуға жүйкем шыдамады...әйтсе де кеше бірқатарын көрдім,  түсіндім. Көрермен қауым, жора-жолдас, майдандас әріптестер, үлгі тұтып соңынан ерген жастар қандай тұлғадан айрылып қалғанын сөзбен жеткізе алмай, зар илеп жоқтап жатыр. 

Телеарналар Бекең туралы сюжеттері мен хабарларын жедел түрде дайындап, халық назарына ұсынып, ыстық ықыластарын білдіруде. Алыс-жақын шетелдердегі бауырлар да орны толмас қайғыға ортақтасуда. Баршаңызға әулетіміздің атынан алғысымды білдіремін.

Бейсекемнің  мақтауын жеткізіп, бояуды аямай, әсірелеп айта берсем болар еді, бірақ, Құдайға шүкір, оны меннен неше есе артық жақсы жеткізетін адамдар баршылық. Әрі оның шынайы бейнесін бетпе бет кездескенде де, көгілдір экраннан да өздеріңіз көріп, бағасын беріп жатырсыздар. Сондықтан мен оның осы дүниеден шын дүниеге өтер кезіндегі соңғы ойларын ғана жеткізсем деймін.

Ол ұзақ ауырды, аурудың жақсысы жоқ, алайда нақ осы дерт адамның сабырлылығы мен төзімін сынауға арналған ба деген ойға қалдым. Ауру дендеп, денені құрсап, қинап жатса да, Бейсекем қабағын бір шытпады, «мына ауру пәле болды, шаршатты» дегенді айтпады. Дүниеден озу осындай да болады екен", - деді марқұмның жары. 

Тағы оқи отырыңыз: «Ұйқысыз түндерімде үш нәрсені тереңірек түсіндім» - Бейсен Құранбектің соңғы жазбасы

«Ақысы бата еді...»: Бейсен Құранбек таксист болып, жолаушыларды тегін тасыған

Естеріңізге сала кетейік, Бейсен Құранбек 18 мамыр күні дүниеден өткен болатын. Елге танымал журналистің қайтыс болуына байланысты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев және Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев көңіл айтты. Оған қоса, қоғам белсенділері мен танымал кісілер ол жайлы естеліктерін әлеуметтік желіге жариялады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары