$ 494.87  520.65  4.91

Нұр-Сұлтанда көпбалалы аналар биліктен үй алуға жеңілдік сұрады

«Біз биліктен тегін баспана сұрап отырған жоқпыз. Жалға берілетін баспана да сұрамаймыз. Біз өз ақшамызды жинап, төмен пайызбен баспаналы болғымыз келеді», - дейді олар.

2 маусымда бір топ әйел Министрліктер үйінің алдына жиналып, көпбалалы отбасыларға баспана беру бағдарламасының дұрыс жұмыс істемейтініне шағымданып, Үкімет өкілдерінің өздерімен кездесуін талап етті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Азаттық радиосына сілтеме жасап.

Нұр-Сұлтан қаласының төрт баласы бар тұрғыны Аягөз Үтембаева өзінің «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысу үшін кішкентай балаларын үйіне қамап, зейнетақы қорына ақша аудару үшін жұмысқа тұрғанын айтады. Алайда, қажет соманы жинап, банкке барғанда, ол бағдарламаға қатыса алмайтынын білген.

«Біз биліктен тегін баспана сұрап отырған жоқпыз. Жалға берілетін баспана да сұрамаймыз. Біз өз ақшамызды жинап, төмен пайызбен баспаналы болғымыз келеді. Бірақ, бізге әкімдік «Бақытты отбасына» жолдама бермей отыр. «2016 жылдан бастап кезекте тұруларың керек еді» дейді. Біз осы бағдарламаға ілігу үшін атаулы әлеуметтік көмектен де бас тарттық», - дейді ол.

Оның сөзін қалған жиналғандар да қоштап, «Баспана!», «Жолдама!» деп айқайлады. Министрліктер үйінің алдына топтасқан әйелдерді полицияның арнайы жасағы қоршап, Үкімет үйі мен Ақордаға барғысы келген наразылардың жолын бөгеді.

Наразы аналармен құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы комитеті басшысының орынбасары Бейбіт Шаханов кездесті. Ол бұрынғы «Үкімет «Бақытты отбасы» бағдарламасына 49 миллиард теңге бөлген. Оның тек 5 миллиард теңгеге жуығы Нұр-Сұлтанға тиесілі және оған 414 пәтер ғана алуға болады» деген жаттанды сөзін қайталай салды.

Бірақ, көпбалалы аналар шенеуніктің сөзіне қанағаттанбады. Олар министрлік алдына қонатындарын айтып, Үкіметті диалогқа шақырды.

Бұған қоса, көп балалы аналар бұған дейін әр балаға беріліп келген 21 000 теңгелік жәрдемақыны қалпына келтіруді талап етті.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары