$ 494.87  520.65  4.91

«50 мың шошқасының астын жуады»: Ақтөбе облысында ауыл тұрғындары шошқа фермасынан ығыр болған

Осыған дейін «Жұмыс беретін ауылдағы шаруашылық» деп басшылар шаң жуытпай келген. Алайда, Бестамақ ауылы тұрғындарының 80%-ы жұмыссыз болса да шошқа фермасына жұмысқа бармайды.
фото: hozyaistvo.com
фото: hozyaistvo.com

Ақтөбе облысындағы Тама ЕСЕТ батыр кесенесі бар Бестамақ халқы шошқа фермасынан әбден ығыр болды. Жапа шегіп отыр. Араша сұрайды. Әсіресе, биылғы ыстықта фермадағы 50 мың шошқаның сасық иісінен ауыл халқы тұншығып өлердей. Ауылда халыққа ауыз су графикпен беріледі. Ал бау- бақшалары кеуіп жатыр. Судың қызығын шошқа фермасы (Тетерян ) көріп отыр. Не деген сұмдық?!

50 мың шошқасының астын жуады. Ол қоқысқа қоса шошқаны сойғанда қалатын қан-жыны (боғы, ішек-қарны) үйіліп, сасып, айналаны бүлдіріп болған. Тұрғындар шаршадық деп зар жылап, шағымданумен жүр. Осыған дейін «Жұмыс беретін ауылдағы шаруашылық» деп басшылар шаң жуытпай келген. Алайда, Бестамақ ауылы тұрғындарының 80%-ы жұмыссыз болса да шошқа фермасына жұмысқа бармайды.

Өзбекстаннан келген гастарбайтерлер жүр дейді. Бұл ауылдағы жалғыз шаруашылық болса да, субсидиядан бастап дотация сияқты т.б. не түрлі мемлекеттік қолдау алып отырса да халыққа қайыры жоқ, оның әлеуметтік жауапкершілігі байқалмайды. Ауылдағы орталық бір көшені осы он-он бес жыл ішінде бір рет те жөндемеген.

Шошқа торайларын егіп, (ГМО! беріп) 2-3 айда семіртіп, сойып сатып, тапқан пайдасынан халыққа тиері жоқ. Бестамақта жұмыс орнын ашпаған. Тек зиян. Тұрғындардың айтуынша, шошқаның боғы, иісі, қаны т.б. ауылдағы өзенге құйылмасын деп осы маңдағы Батпақты өзенін бөгеп тастады. Бұдан келер пайда жоқ. Күзде, көктемде су тасығанда бәрібір боқты шайып алып кетеді. Бəрі-бəрі жерге сіңіп, жерасты суын ластап жатыр.

Батпақты көпірі мен Есет батыр ескерткіші маңында жол апаты көбейді. Жылда 10-18 адам авариядан қаза табады. Есет бабамыздың әруағы назалы. Бұл мәселе қоғамды дүрліктіргені сондай, облыстық қоғамдық кеңес қолына алды.

Біз бәріміз бірге осы халық наразылығын тудырған, сол Бестамақ ауылы тұрғындарының денсаулығына қауіп төндірген, ең бастысы, сол жердегі ірі шаруашылық бола тұра әлеуметтік жауапкершілік дегенді ұмытқан шошқа фермасы ластаған жерге келтірген зиян көлемін анықтатып, экология басқармасы иесіне айыппұл салдырту үшін сотқа беруін және ол шошқа фермасын қасиетті Есет батыр жатқан ауылдан басқа жаққа көшірту мәселесіне мұрындық болуымыз керек деп санаймын.

Тағы оқи отырыңыз: «Киімнің бәрін үйде кептіреміз»: Павлодар облысында тұтас бір ауыл шошқа сасып отыр

Бұған дейін Тертерянның дәурені жүріп, халыққа да, жерге де жаны ашымай, алшаңдап, тайраңдап келген екен. Енді оған жол жоқ. Халықтың төзімі таусылды. Тоқтату керек. Қазір қоғам өзгерді. Талап қоя біледі. Әділетсіздікке төзбейді.

Үкімет «еститін билік боламыз» деп отыр ғой. Естісін халық зарын. Мына сорақы жағдайды түзетсін.

Бақыт ЖАНШАЕВА, журналист

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары