22.06.2020, 16:00

Қытайдан қашып келген екі жігіт бостандыққа шықты

фото: Ләззат Ахатованың өзі facebook парақшасынан
Қастер мен Мұрагерге алдағы уақытта босқын мәртебесі берілуі мүмкін.

Қытай мен Қазақстан арасындағы шекараны заңсыз кесіп өтті деген айыппен қамауға алынып, Семей түрмесіне жабылған Қастер Мұсахан мен Мұрагер Әлімұлы бостандыққа шықты.

Сүйінші жаңалықты екі жігіттің қорғаушысы Ләззат Ахатованың өзі facebook желісіндегі парақшасында жариялады.

«Сүйінші, бостандық!!! Екі бауырымыз Қастер мен Мұрагер бостандықта!!! Кешелі бері хабарласып жатқан, екі жігіттің түрмеден босаған кезінде жанында боламыз деген семейлік ағайыннан, басқа да бауырлардан, журналистерден үлкен кешірім сұраймыз! Мұрагердің әпкесі Нұргүлге колониядан хабарлағанда, бүгін 11:00-де келіп, алып кету керек деген болатын. Біз келем деушілерге сол уақытты айтып едік. Алайда, таңғы сағат 6:00-де, ұйқыдан телефон қоңырауы оятты. Колониядан хабарласып, тез келуімізді сұрады. Себебін келген соң естисіздер деген соң, үрейленіп, тез арада киініп, не болды деп, Нұргүл, Әділ (Нұргүлдің жолдасы) үшеуміз колонияға жеттік. Телефондарымызды тапсырып, ішке кіргенде, мекеме басшысы алдымыздан шығып, екі жігітті ешкіммен байланыстырмай, алып шығуымызды өтінді. Өйткені, мекемеден короновируспен ауырғандар шығып жатыр екен. “Екеуінің де, басқа адамдардың да денсаулығы мен өмірін ойлаңыздар. Қазір осындай кезең, вирус ошағы Семейден шығып жатыр. Қастердің де ыстығы көтеріліп, біраз ем қабылдады”- деген соң, таңғы 7:00-де қаладан шығып кеттік. Таң азанымен хабарласып, елдің ұйқысын бұзуды жөн санамай, ешкімге хабарласып, жағдайды айтпадық», – деп жазған Ләззат Ахатова фейсбук парақшасында.

Адвокаттың айтуынша, Қастер мен Мұрагерге алдағы уақытта босқын мәртебесі берілуі мүмкін. Әзірше  екеуіне шілде айының аяғына дейін жарамды уақытша куәлік тапсырылған. 

«Екі жігіт алдымен Семейде қалатын болған. Сол жақтан жұмыс тауып, босқындық сұраған арыздары қаралғанша, тұратын болып еді. Кейін ақылдаса келе, Мұрагердің әпке-жездесі тұратын Ақмола облысындағы Қоянды елді мекенінде тұратын болып шештік. Босқындық туралы арыздары да ШҚО-да емес, Ақмола облыстық көші-қон Департаментінде қаралатын болды. Өтінішімізге құлақ асып, рұқсат берген тиісті тұлғаларға арнайы РАҚМЕТ айтамыз! Әзірге екі бауырымыз пана іздеуші тұлға куәлігімен жүреді. Келесі айдың соңына дейін мерзімі жарамды. Сол уақыт аралығында босқындық пен азаматтық туралы мәселе де қаралады», - дейді Ләззат Ахатова.

Естеріңізде болса, осы жылдың басында бұл екі жігіт Шыңжаң өлкесіндегі мұсылмандарға жасалған қысымға шыдамай Қазақстанға қашып келген болатын. Ұзамай Қытай-Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп өтті деген айыппен екеуі қамауға алынды.

Қаңтар айында Шығыс Қазақстан облысының Зайсан аудандық соты Қастер Мұсахан мен Мұрагер Әлімұлын  Семей түрмесіне қамау туралы шешім шығарды. Сот олардың шекараны заңсыз кесіп өткендерін өз ауыздарымен айтқандарын және еш қарсылықсыз берілгендерін, сондай-ақ, кінәларын мойындап, өкінгендерін ескере отытып елден Қытай тарапына тапсырмағандарын айтқан болатын.   

Тегтер: шекара сот