Белгілі журналист Жанахмет Ағыбаев марқұм досы Бейсен Құранбек жайлы есінде қалған жайттарды баяндап, көпшіліктің жүрегін елжіретті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Бейсен Құранбек жайлы журналистің жазбасын белгілі телепродюсер Әлия Құдайбергенов Instagram парақшасында жариялады.
"Бейсекеңнің арамыздан кетіп қалғанына да айдан асыпты. Өткенде есіміз шығып жүріп газетке дұрыстап естеліктер бере де алмадық. Сосын асықпай қырқына қарай арнайы бет ұйымдастырамыз дегенбіз. Ол уақыт та келді. Осы жұмада "ЗАҢ газетін" оқырсыздар!
Ол өзінің өмірлік миссиясын орындады
Бейсен туралы жазу өте ауыр. Кеткен жоқ сияқты, күні ертең қайтып келетіндей көрінеді де тұрады.
Қазір қандай заман? Көшеге шықсаң, қаптаған көлік пен көйлек, бірақ адам таппайтын заман. Қу дүние қасиет атаулының бәрін арзандатып жіберген, өзің адам болып қалу үшін адамдардан алшақ жүру керек болған заман. Дегенмен, Бейсен мына жалғанда, жақсысы мен жаманы, адалы мен арамы сапырылысқан, дұрыс пен бұрыстың шегі көмескіленіп кеткені сонша ақ пен қараны ажыратудың өзі қиын болып кеткен дүдәмал заманда да адам, тұлға болып қалуға, сол атқа сай, лайықты өмір сүруге болатынын көрсетіп кетті.
Қазіргі адамдарда бәрі жетеді. Ақыл - асып жатыр, білім - алапат, байлық - арнасынан төгіліп жатыр. Бірақ, көбінде жүрек жоқ. Бейсекеңде жүрек бар еді, үлкен жүректің иесі еді. Шыны керек, өмірдегі түрлі әділетсіздіктерді көргенде жүрегі бар адамның өзінің жүрегі қарая бастайды. Бірақ, Бейсен жүрегін сол табиғи, таза қалпында сақтап қалды.
Бізде қалай? Елге, ұлтқа жөн сілтер дәрежедегі серкелер өздерінше шетінен құса, шетінен ғаріп. Өмірге сан сұрақ қойып, жауабын таба алмай қамығады да жүреді. Абайша сілтейді. Өздері керемет, тек уақытынан бұрын туған. Бейсен ше? Ол бәріне күліп жүріп-ақ жауап табатын. Сан қырлы мәселелермен бетпе-бет келетін, жүздеген адам проблемаларын айтып алдына жүгінетін. Бірақ, Бейсекең ешнәрсені де ауырлатпайтын. Әрине жеңілдетпейтін де, бірақ бір қисынын келтіріп тығырықтан шығар жолды көрсететін. Себебі рухы мықты еді, ешқашан еңсесі түспейтін, сынбайтын, қыңбайтын. Сол сынбаған күйі кетті.
Бейсен аспаннан салбырап осындай боп туған жоқ. Ол өзін-өзі өсірді, тәрбиеледі. Бейсеннің бойындағы қасиеттердің ішіндегі ерекше атап өтетінім - ізденімпаздығы. Бейсен талмай оқып жүретін. Ол үнемі өзін дамытып отырды. Бейсен бәрінен биік еді. Пендешіліктен де, дүниеқоңыздықтан да, мансапқорлықтан да, тіпті жағымпаздықтан да!", - делінген желідегі жазбада.
Естеріңізге салай кетейік, елінің біртуар азаматы, "Айтуға оңай" бағдарламасының жүргізушісі Бейсен Құранбек жайлы біз бұған дейін көптеген ақпарат жариялағанбыз.