$ 494.87  520.65  4.91

«Бір адамды жоқтаймыз деп...»: көп қазақтың індетті жаназадан жұқтырып жатқаны айтылуда

Мұндай жағдайда сыртынан қара қапшық кигізіліп, зарарсыздандырылып барып, барлық сақтық тәртіптері бұлжымай орындалуы тиіс. Ал жаназада халық марқұмды төбесіне қойып, соңғы сапарға шығарып салған бейнежазбадан мұның бірінің сақталмағанын көреміз.

Белгілі журналист Анар Төлеуханқызы facebook парақшасына коронавирустың тажал індет болып тұрғанын, сондықтан мемлекет шұғыл шара қабылдап, адамдардың жаназаға жинала беруіне тосқауыл қоюы керектігін алға тартқан көлемді жазба жариялады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Ел аумағында індет шеңгеліне ілінбеген елді мекен қалмады. Бүгінде вирустың өкпеге өтуінен, пневмониядан көз жұмғандардың саны сағат сайын артып жатқаны анық. Оның үстіне ескі созылмалы ауруларды қозғап, бүйрек, жүрек, қан қысымы, т.б. дерттерден де бақиға қаншама отандасымыз аттанды. Енді осы қайтыс болған жандарды ақтық сапарға шығарып салу қалай өтуде?» - деген ол, таяуда Сарыағаш ауданындағы медресенің директоры Әбдуғаппар Смановтың COVID-19-дан қайтыс болғанына тоқталды.

Әріптесіміздің айтуынша, танымал уағызшының жаназасына нөпір халық қатысқаны жайлы бейнематериалды көргенде, оның жаны түршіккен. Себебі, сол рәсімге 2 мыңға жуық адам жиналған еді.

«Тәртіп бойынша мүрде туысқандарына берілгенімен, үйге апарып жуындыруға болмайды да, денені ауруханадан бірден зиратқа алып кетіп жерлеу ләзім. Және мұндай жағдайда сыртынан қара қапшық кигізіліп, зарарсыздандырылып барып, барлық сақтық тәртіптері бұлжымай орындалуы тиіс. Ал жаназада халық марқұмды төбесіне қойып, соңғы сапарға шығарып салған бейнежазбадан мұның бірінің сақталмағанын көреміз.

Екіншіден, қазір жер-жерде туыстарын жоғалтқан адамдар, COVID-19-дан емес, пневмониядан немесе басқа бір аурудан қайтты деп, марқұмдарды қара жер қойнына аттандырарда сүйекке 7 адам түсіріп, мәйітті жуындырып, кебіндеп жөнелтуде. Бұл жерде жуындырған жандарға ауру жұқпай ма?» - дейді Анар Төлеуханқызы.

Шынымен, сарыағаштық дін өкілі қайтыс болғанда сүйекке түскен адамдардың сол жаназадағы нөпір халықтың ортасында жүргені мәлім. «Ендеше, ауру таралуының басты ошағының бірі – жаназа болуда» деген журналист, Денсаулық сақтау министрлігіне де ұсыныс тастады.

«Бүгін әлеуметтік желіде маңғыстаулық бір аудан азаматтарының жаназада сүйекке адам түсірмей, көпшілік жинамай, ақтық сапарға тек ет жақындарының ғана шығарып салуын үндеген жазба тарады. Өте дұрыс, ел болып қолдайтын, індеттің өршуіне тосқауыл қоюдың амалы деп санаймыз.

Осы ретте еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі барлық қалалар мен кенттерде, ауылдардағы ауруханаларда және үйлерінде қайтыс болған адамдарды жөнелтудің рәсімін нақтылау қажеттігі туады. Марқұмның ажалы турасындағы куәлік-құжатта вирус кесірінен қоздаған мынадай дерттен көз жұмды деген анықтама берілуі жедел түрде қолға алынбаса, халықты індет құрығынан сақтау деген бос әңгіме, далбаса болып қалмақшы», - дейді ол.

Еске сала кетсек, кеше белгілі дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлы да facebook парақшасында дәл осы мәселені көтерген болатын.

«Қайтыс болған кісілердің өте жақын туысы болмасаңыздар, жаназасына да, басқа да рәсімдеріне бармаңыздар! Үйде отырып Құран бағыштап, дұға жасаңыздар», - деп жанашырлық танытты ол көпшілікке.

Бұлай деуіне мысал ретінде өзінің бір танысы Ақтөбедегі өлімге барып, сол жақтан індет жұқтырып келіп, қайтыс болғанын келтірді. Бұл – көз көріп, құлақ естіген бір ғана айғақ. Әйтпесе, бүгінде кез келгеніміздің айналамыздағылар індетті сол бір бітпейтін жасырын той-томалақ пен жаназаларға жиналу арқылы өршітіп отырғаны анық.

«Бір адамды жоқтаймыз деп, үйдегі үлкен кісілерге зиянымыз тиіп жүрмесін. Ауырсаңыздар, барлықтарыңызға біздің медицина көмек көрсете алмайтынын көріп отырсыздар. Қарапайым дәрі-дәрмектің өзі тапшы. Емханаларда орын жоқ» - дейді дінтанушы.

Сол сәтте, журналист Болат Мүрсәлім: «Қайреке, кісісі өлген үй – ақы иесі «Ет-жақын туыстан өзге ешкім келмесе де ренжімейміз» деп өздері айтуы керек сияқты осындай сөзді. Әйтпесе, «ұят» деп қазақ бара береді» деп жазды.

Бәрін айт та бірін айт, өз басына іс түспейінше, «айтқанға көнбей, айдағанға жүрмей», нақты айғақтың өзіне қолды бір-ақ сілтеп, пыш-пыштап отыра беретін жұртқа шын ойланатын уақыт, міне, енді келді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары