Елдегі пандемиялық жағдай әлі ушығып тұр. Дәріханаларда дәрі мәселесі де шешіле қойған жоқ. Жұрт әлі де парацетамол, аспирин мен аскорбин қышқылы секілді қарапайым дәрілердің дәріханаларға түспегенін айтады. Сол секілді, оттегі баллондары, ИВЛ аппараттары жетіспей кейбір өңірдің емдеу мекемелер жұрттан жылу жинауға мәжбүр болып жатқаны тағы бар. Биліктен еш қайран болмаған соң амалсыз халық өзі есеп-шот ашып жұрттан қаржы жинауға кіріскен, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Қоғам белсенділерінң ойынша, асты-үсті байлыққа толы елде отырған елді дәл мұндай жағдайға түсіру нағыз сорлылық. Халық билікті емес керісінше билік халықты жарылқауы тиіс.
Мәселен, қоғам белсендісі Сәуле Әбілдаханқызы дәрі-дәрмек пен аппараттарға керекті қаржыны халық емес биліктің өзінен талап ету керек деп есептейді.
«Арыста бомба жарылып, бір қала қирап қалады - халық ақша жинайды, азық-түлік, киім-кешек жеткізеді...
Мақтаралды су басады - тағы да халық өзі тырбаңдап тіршілігін қылады...
Елді індет жайлайды - халық дәрі-дәрмек таппай сандалып, бір-бірімен дәрі-дәрмегін бөліседі... ауа жетпей тұншыққан халық өздері ақша жинап, аппарат сатып алады...
Ал мемлекеттен бөлінген қаражаттар әркезде миллиондап, миллиардтап тоналады... гуманитарлық көмек тоналады... халық қырылып жатқанда бұлар салют атып, той тойлайды...», - деп еш әрекетсіз қарап отырған билікке жанайқайын жеткізген.
Оқи отырыңыз: «Министр ұшақ жағын реттеп бере алса, 500-ден астам аппарат сатып алуға әзірміз» - Қайрат Жолдыбайұлы
Сонымен қатар, ол халықтан ақша жинай бергенше, сол қажетті қаржыны биліктен өзіміз талап етейік деп мәселе көтерген.
«Айналайын халқым-ау, «судың да сұрауы бар»емес пе? Ақша жинай бергенше, қазынадан бөлінген миллиардтарымызды сұрайық та! Ол миллиардтар да сіз бен біздің өз ақшамыз ғой! Дәрі-дәрмекті де, аппараттарды да солардан талап етуіміз керек қой!.. Билік қашан өз функционалдық міндеттерін дұрыс атқарады???
Иесі жоқ, басшысы жоқ, айдалада өз трагедиясымен өзі қалған жетім елміз... қожайындары бар құлдармыз...», – деп жазады фейсбук парақшасында.