«Әп-әдемі ән еді, пұшық шіркін қор қылды» демекші түгелдей халық болып аза тұтып жатқан қаралы күнді де әлдебіреулер пиар-шоуға айналдырып үлгерген сыңайлы, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Әлеуметтік желі бетінде жолдың бойында тізіліп тұрған дәрігерлердің бейне жазбасы пайда болды. Куәгерлердің айтуынша, ақ халат киіп тізіліп тұрған бұл дәрігерлер коронавирус құрбандарын еске алуға арналған бір минуттық үнсіздік шарасы үшін шақыртылған екен. Яғни бір минуттық шара үшін дәрігерлердің жарты күндік уақытын алған.
Артынша бұл видеоның Шымкентте түсірілгені белгілі болды. Сонымен қатар, желі қолданушылары Ақтөбе, Павлодар қалаларында да осындай арзан пиар шаралар өткізілгенін айтып жатыр.
Бұл жағдай жұртқа әрине, тосын көрінгені белгілі. Пікірлер де тым ауыр, жұрт болып аза тұтып жатқанда бұл не қылған мазақ деп жазған. Тағы біразы онсыз да дәрігер жетпей жатқанда басшылардың бұл тірлігі өрескел қателік болғанын айтқан.
Алма Тусупбекова есімді қолданушы «Не жыларымды не күлерімді білмей отырмын. Мынау неткен сорақылық? Емханалардың дәлізінде қаншама адам бір жұтым ауаға зар болып жатыр. Ауыздарына бір тамшы су тамызатын дәрігерлер жоқ? Біздің Гиппократ антын қабылдаған жандар жол жиегінде маскарад-шоу тамашалап тұр. Қашан осындай сорақылықты қоямыз?», -деп жазған.
Айтолкын Кенжебекова есімді адам
«УАУ, ДУ ҚОЛ ШАПАЛАҚ.
Шапалақ ұрғандарға шоколад. Адам ӨЛІМ мен ӨМІР арасында жанталасып, күресіп жатқанда дәрігерлердің көшеге шығуға уақыттары бар екен. ТАМАША. КЕРЕМЕТ. Не деген идеология десеңші. Денсаулық сақтау министрі келген бе, әлде әкім рейд жасаған ба? МЫНАЛАРЫҢ МЫҚТЫ ЖАҢАЛЫҚ ҚОЙ. ЖАРАЙСЫҢДАР, ҰЙЫМДАСТЫРУШЫЛАР», - деп өз ренішін білдірген.
Сол секілді журналист Ұларбек Дәлейұлы да үнсіз қала алмапты. «Флешмобыңдыіссейін, жексұрындар! Ми қайнаған ыстықта осыншама дәрігерлер мен медбикелерді қинап, жол шетіне тізіп қойғанда қаншама науқас көмекке мұқтаж болып жатты? Одан да бұл дәрігерлерге бір жұтым су, бір қасық тамақ, жарты сағаттық демалыс сонша маңызды еді. Алексей Цой, тым құрса, дәрігерлер құқын қорғай алмасаң, несіне қоқиланып жүрсің?», - деп эмоциясын білдіріпті.
Ал журналист Арнұр Асқар мұны арзан пиарға теңеген. «МВД - 8 мартта полицияның арқасына қыздарды мінгізіп отжимания жасатады. Вокзалда филармонияға ән салдырады. Денсаумин дәрігерлерді жолдың шетіне тізіп қояды. Пиары күшейген саладан қорқу керек», - деп пікір қалдырған.