Шымкент қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі коронавирус эпидемиясымен күресте кәсіби борышын атқару кезінде қаза тапқан тоғыз дәрігерге «Құрмет», «Парасат», «Барыс» ордендері тағайындалып, марқұмдардың отбасына материалдық көмек берілді деген мәлімет таратты.
Бірақ онда эпидемиямен күрес жолында жүріп қайтыс болған дәрігерлердің өліміне нақты қандай диагноз қойылғаны әрі қанша көлемде жәрдемақы төленгені туралы айтылмаған. Дегенмен, кейбір ақпарат құралдары қауіпті вирустан көз жұмған дәрігерлерге бір миллион теңгеден берілгенін айтады.
КТК арнасының мәліметінше, Шымкент қаласында соңғы бір айдың өзінде ғана тоғыз дәрігер қайтыс болған. Ішінде дәрігер де, медбикелер де бар. Олардың алтауына «Құрмет», «Барыс», «Парасат» ордендері берілген.
Бірақ мылтықсыз майдан даласында жүріп көз жұмған дәрігерлерге қала әкімдігі ел президенті Тоқаев уәде еткен 10 миллион теңге беруден бас тартқан. Басшылардың айтуынша, дәрігерлер мен медбикелердің қазасы коронавирустан емес, пневмониядан болған. Сондықтан қайтыс болған ақ халаттылардың туыстарына 10 миллион теңге берілмейді.
«Біз Бұл індетпен күресіп жүрген дәрігерлерді тастап қоймаймыз. Бізде қазір коронавируспен ауырған науқасты емдеу барысында дерт жұқтырып, содан қайтыс болған дәрігер жоқ. Бірақ көбі ауырады да, ары қарай жұмыс істей береді. Жазылып шығып, бірден жұмысқа кіріседі. Бар қажырымен күресіп жатқан баршасына рахмет айтамыз», – деп түсіндірген бұл жағдайды қала әкімі Мұрат Әйтенов.
Соңғы бір айдың ішінде Қазақстандағы белгісіз пневмония түрі белең алып тұр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен көптеген мамандар бұл вирустың Covid-19 екенін айтады. Оны ресейден келген мамандар да растап отыр.
«Қазір барлық пневмониялардың коронавирус инфекциясы болуы ықтимал. Себебі жазғы кезеңдегі эпидемиологиялық көрсеткіштер пневмонияға тән емес. Біз жай ғана статистиканы алып, өткен жылы қанша пневмония болғанын салыстыра аламыз. Осы сандарды алып тастағанда, коронавирус инфекциясының таралуын байқаймыз», – деп мәлімдеген РФ денсаулық сақтау министрлігінің фтизиопульмонология және жұқпалы аурулар ұлттық медициналық зерттеу орталығының пульмонологы Евгений Попов. Оның пікірінше, қазіргі уақытта қойылған пневмония диагноздарының барлығын дерлік әлеуетті коронавирус инфекциясы ретінде қарастыру керек.
Бірақ соған қарамастан, елімізде бұл пневмония түрін коронавирус деп мойындамай отыр. Пневмониямен қайтыс болғандарды да жалпы қайтыс болғандардың санына қосқан жоқ.
Қазір коронавируспен қайтыс болғандарға қарағанда пневмониядан қайтыс болғандардың саны әлдеқайда артық деп дабыл қағылып жатыр.