Елорда маңындағы «жасыл белдеуде» жидек теру маусымы аяқталуға жақын. «Биыл қарақат терген адамдар өткен жылдарға қарағанда өте көп», - дейді Ақмола облысы Шортанды ауылының тұрғыны Айболат Солтанбайұлы. Ол ҚазАқпаратқа карантин кезінде қалай нәпақа тауып отырғанын және қарақат терудің қиыншылықтары, маусымдық жұмыстың ерекшеліктері туралы айтып берді.
Қарақат теру – маусымдық жұмыс
Мен өзім 7-8 жылдан бері қарақат теріп, нәпақа табамын. Қарақат теру маусымы жалпы 45 күнді құрайды. Оның ішінде жауын-шашынды күндері жидек теруге бармаймыз. Осы кезең ішінде үлгеріп, сәл де болсын ақша тауып қалуға тырысамын. Қарақатты терудің өзіндік техникасы бар. Ол, әрине, жеке тәжірибе арқылы келеді. Жидек теретін адамдар қай жерде қарақат көп екенін шамамен болсын білуі тиіс, ол – бір. Екіншіден, адам жылдам қозғалса ғана жидекті көп жинай алады. Мен 7-8 жылдық тәжірибем бойынша айтсам, ең жақсы жұмыс істейтін адам күніне 25 литрге дейін қарақат тере алады.
Отбасылық табыс көзі
Қарақат теру кәсібі ең бірінші отбасылық жұмыс болғанда, табысты еселейді. Мысалы, отбасында ересек балалары барлар жиналып, қарақат теруге барса, жақсы ақша табуға мүмкіндік бар. Елорда маңындағы ауыл тұрғындарының көпшілігі қарақат теріп, одан түскен қаражатқа күзгі жем-шөбін, балаларының оқу-құралдарын алады. Бұл – тиын санап отырған тұрғындар үшін барынша көмек әрі ақша табудың мүмкіндігі. Алайда, «қарақат теріп, үй алдым, машина алдым» деген сөздер сәл шындыққа жанаспайды. Шамамен бір адам қарақатты үзбей 30-35 күн тергенде 300 мың теңгедей табыс табады.
Биыл қарақат теретін адамдар өте көп
Биыл жидек теретін адамдар саны жылдағыдан көп. Басқа облыстардан келіп, туыстарының үйіне жатып, нәпақа тауып жатқан адамдарды білемін. 5 литр шелек қарақатты 1500-1800 теңгеге саудалаймыз, өткен жылы ол баға 900-1000 теңге шамасында болған.
Қарақатты саудалау проблемалары
Қарақат теріп, нәпақа табудың қиыншылығы көп. Күні бойы терген қарақатымыз кей кездері іске аспай, шіріп кететін жағдайлар болады. Оның басты себебі, өнімді алушы болмай қалады... Қарақатты жақсы бағаға әрі жылдам өткізудің жолдары қиын. Жолдың үстіне тұрып сатуға болмайды, ол – заңға қайшы әрі қауіпті. Соңғы 7-8 жыл ішінде қарақат сату үшін жолға шыққандар арасында түрлі қайғылы жағдайлар болды. Көп жағдайда қарақаттың пайдасын алыпсатарлар көріп жатады. Олар бізден арзан бағаға сатып салып, үстінен еселеп қосып сатады. Алайда, біз оларға амалсыздан беруге мәжбүрміз. Әйтпесе еңбегіміз еш кетеді.