$ 494.87  520.65  4.91

Егер сізді бір діни ұйым төңіректеп жүрсе, қырағы болыңыз...

Қоғам олардан қырағылық пен кез келген діни ақпаратты асқан қырағылықпен, сабырлы ақылмен қабылдауды талап етеді. Себебі, діннің атын жамылып, қоғамда бүлік тудыруды көздейтін, ал сол жымысқы мақсатына жастардың күшімен өз дегеніне жеткісі келетін небір террористік және экстремистік ұйымдар бар екенін еске саламыз.
фото: syr-media.kz
фото: syr-media.kz

Соңғы жылдары мамандар жастар арасында теологиялық көрсеткіштің тым жоғары екендігін айтып жүр. Оны жастардың сөйлеу мәнері мен киім киісінен де байқауға болады.  

«Бұл – діндарлық емес, діншілдік. Діншілдер өте көп, діндарлар аз. Діндар адам өз нәпсісімен күреседі, діншіл адам өзгелердің иманымен айналысады», – дейді Нұр-Мүбәрак Египет ислам мәдениеті университетінің Діни экстремизмге қарсы орталығының директоры Асқар Сабдин.

Осы орайда, өз бетімен болсын діни білім алуға, дінге ұмтылатын жастар жан-жақтан төніп тұрған түрлі діни ұйымдардың қаупінің барын ұмытпаса екен дейміз. Қоғам олардан қырағылық пен кез келген діни ақпаратты асқан қырағылықпен, сабырлы ақылмен қабылдауды талап етеді. Себебі, діннің атын жамылып, қоғамда бүлік тудыруды көздейтін, ал сол жымысқы мақсатына жастардың күшімен өз дегеніне жеткісі келетін небір террористік және экстремистік ұйымдар бар екенін еске саламыз. Мәселен, бүгінгі таңда елімізде шетелдік ұйымдардың 22 террористік құрылымы тыйым салынған ұйым ретінде тіркелген. Олардың көпшілігі діни және исламдық террористік ұйымдар. 

Қазақстан аумағында тиым салынған террористік құрылымдардың ұлттық тізіміне келесі шетелдік ұйымдар енгізілген: 
1. «Аль-Каида»
2. «Шығыс Түркістандағы исламдық қозғалыс»
3. «Өзбекстандағы исламдық қозғалыс»
4. «Күрд Халық Конгресі» («Конгра-Гел») 
5. «Асбат аль-Ансар»
6. «Братья-мусульмане»
7. «Талибан» қозғалысы
8. «Боз гурд»
9. «Орталық Азиядағы Жамаат моджахедтер»
10. «Лашкар-е-Тайба»
11. «Әлеуметтік реформалар Қоғамы»
12. «Хизб-ут - Тахрир» ұйымы
13. «АУМ Синрикё»
14. «Шығыс Түркістан азат ету ұйымы»
15. «Түркістан ислам партиясы».
16. «Джунд-аль-Халифат»
17. РҚБ «Сенім. Білім. Өмір»
18. «Таблиғи жамағат»
19. «Ат-такфир уаль-хиджра»
20. «Ислам мемлекеті» (ДАИШ)
21. «Ан-Нусра фронты»
22. «Йакын Инкар» Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданы сотының 2018 жылғы 10 қазандағы шешіміне сәйкес экстремистік ұйым болып табылды. 
Егер қандай да бір діни ұйымға мүше болғалы жүрсеңіз немесе досыңыз, не танысыңыз қандай да бір ұйым жайлы айтып жүрген болса, жоғарыдағы ұйымдардың тізімінде бар-жоғын қарап алыңыз. Көзі ашық азамат ретінде сол ұйымның экстремистік не террористік ұйым емес екеніне көз жеткізіңіз. 
Егер Алматы қаласының тұрғыны не осы қалада білім алып жатқан студент болсаңыз, есіңізде болсын, қала аумағында қызмет ететін діни бірлестіктер жайлы толық ақпарат беретін Алматы қаласы Дін істер жөніндегі басқармасының қолдауымен ресми интернет ресурсы – интерактивті діни карта http://religionmap.kz/ жұмыс істеуде. Онда Алматыдағы барлық діни бірлестіктер, діни ғимараттар, діни әдебиеттерді сату орындары, миссионерлердің тізімі көрсетілген. 
Сонымен қатар, ресурстың функционалдығы –  картада нақты геопозицияны көрсете отырып, бейне және фотоматериалдарды қоса отырып, сайт арқылы хабарлама беруге болады. Бұл – алматылықтарды мониторинг процесіне тартуға мүмкіндік береді. Сол арқылы дінді заңсыз уағыздайтын күдікті адамдар туралы хабарлай аласыз. Алматылықтарға ыңғайлы болу үшін ПК, iOS, Android платформаларында қолжетімді интерактивті діни картаның арнайы мобильді қосымшасы жасалған. 
Дегенмен, сізді төңіректеп жүрген қандай да бір діни ұйым бар болып, ол жоғарыдағы қауіпті ұйымдардың тізімінде болмаса, бәрібір сергектік артық етпейді. Деструктивті діни ұйымның қандай белгілері барын білген абзал.

Деструктивті діни ұйым – адамның заңды құқықтары мен бостандықтарына қауіп төндіріп, радикалды діни идеяларды тарататын және адамның рухани, психологиялық және физикалық денсаулығын бұзатын, материалдық залал келтіретін, мемлекеттіліктің негіздеріне күмән келтіретін, дінаралық және халықаралық қақтығыстар тудырып, дәстүрлі отбасылық құндылықтарды мойындамайтын және азаматтық борыштан бас тартуға итермелейтін ұйым. 

Егер сізді қызықтыратын діни ұйымда осындай белгілер бола қалса, тіпті егер оның жұмысына ресми түрде тыйым салынбаса да, оның қатарына кірмеңіз. 

ҚР Терроризмге қарсы орталығының бағалауымен 2019 жылдың соңында Қазақстандағы деструктивті діни идеологияларды ұстанушылар саны 20 мыңнан сәл асатынын жариялаған болатын. 
Мамандардың сөзінше, Атырау мен Ақтөбе қалалары радикалды исламистер саны бойынша көш бастап тұр. Қарағанды және Түркістан облыстары мен Алматы және Нұр-Сұлтан қалалары да осындай қауіп бар осал қалалардың тізімінде. 
Сондықтан дінге қатысты кез келген жағдайда қырағы болған жөн. Төменде біз деструктивті діни ұйымдардың ерекше белгілерін беріп отырмыз. 

Деструктивті діни ұйымдардың негізгі белгілері:

* Діннің және насихатталатын діни догмалар идеясының эксклюзивтілігі;
* Мемлекеттің зайырлы құрылымын жоққа шығару: заңдар, билік, басқару құрылымы; 
* Адамдарды шынайы сенушілер мен діннен безгендер деп бөлу, сондай-ақ діни араздықты тұтату;
* Діннің ғылыми түсіндірмелерін қабылдамау. Исламда мазхабтарды жоққа шығару (исламдағы діни мектептер);
* Белгілі бір мемлекетке немесе этносқа тән дәстүрлерді сақтаудан бас тарту;
* Зайырлы мәдени іс-шараларға қатысудан, теледидарда немесе желіде ойын-сауық және ағартушылық мазмұндағы бағдарламаларды көруден бас тарту;
* Әйелдерді бостандықтан шектеу, мысалы, киім таңдауда. Оларға діни негіздерді таңу;
* Діни салт-дәстүр бойынша неке қию және бұзу;
* Азаматтық борыштан бас тарту: білім алу, әскери қызмет, сонымен қатар кейбір медициналық қызметтерден бас тарту: қан құю, вакцинация. 

Ф: Тыйым салынған ұйым – Әсел Д 
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#ұйым