$ 443.85  474.3  4.8

Түркістан облысында егістікке жетпей жатқан суды әкім өз шарбағына тартып алыпты

Егіс алқабын былай қойғанда, Отырар ауылының тұрғындары бақшасына еккен азын-аулақ көкөнісін суғара алмай отыр. Арықта су болмағандықтан, құдықтан шелекпен тасып құюға мәжбүр.

Қарғалы ауылдық округіне қарасты Отырар ауылында 150 гектардай жүгері, 60 гектардан астам жоңышқа қурап кетудің алдында тұр. Себебі, су жоқ. Түркістан облысының Отырар ауданына қарайтын бұл ауылдың тұрғындары егістік алқап тұрмақ, үйдің іргесіндегі бақшасын да суара алмай отыр, деп хабарлайды «Хабар 24» телеарнасы.

Тіршілік нәрінен тарығып, шөліркеген отырарлық шаруалардың әрқайсысы 5-10 гектардан жүгері, жоңыршқа еккен.

«Мына жүгерінің қазір егілгеніне 80 күн болды. Бір су ішпеген әлі. Топырағы шығып жатыр. Енді бұл «мал болмайды» ғой. Жүгері болудан кетті бұл. Не мал жемейді, ащы бұл қазір», - дейді Сәбит Жанпейісов атты шаруа.

Ауыл тұрғындары өзі «қасқалдақтың қанындай» суға жол-жөнекей мотор қосып, тартып алатын дөкейлердің де бар екенін айтады. «Бірақ, оны қадағалап отырған ешкім жоқ» деседі ашынған диқандар. Бұл мәселеден ауыл әкімі де, аудан басшысы да хабардар.

«Ауданға барғанмен, бізді қабылдамайды, «әкімің бар» деп. Ал әкіміміз ауданнан шыға алмайды. Біз сияқты халық шығынға батып отырады. Әкім сайланғанда ауылға кеп жиналыс жасаған. Су жоқ деп халық айтып еді. «Ойбай, еге беріңдер, біз сумен қамтамасыз етеміз» деді жаңадан сайланған аудан әкімі. Әкім айтқан соң соған жұрт сенді», - дейді Отырар ауылының тұрғыны Күлзина Әуелбекова.

Содан әкім сайланып алған, ал су әлі жоқ. 

«Қыста қардың аз болуы, жауын-шашынның болмауының салдарынан шаруаларға ескертіп айтылды. Су тапшы болады. Сондықтан су аз ішетін дақыл немесе ерте пісетін дақыл егіңіздер деп. Алайда, шаруалардың жылда істеп қалған кәсібі бұл. Сол келген судан басқа су жоқ бізде», - дейді Отырар ауданының әкімі Әбдіғали Жүнісов.

Егіс алқабын былай қойғанда, Отырар ауылының тұрғындары бақшасына еккен азын-аулақ көкөнісін суғара алмай отыр. Арықта су болмағандықтан, құдықтан шелекпен тасып құюға мәжбүр.

«Бала-шағамыз бар, соған азғантай картошка егеміз. Соған су жоқ. Мынау құдықтан шелектеп тасып құямыз. Мән-жайды өзінен білейік деп, Қарғалы ауылдық округінің әкімі Есенбай Шынтерековті жұмыс орнына іздеп бардық. Шаруалардың шағымын жеткіздік. Алайда, ауыл әкімі «ағынсудан проблема жоқ» деді», - дейді Отырар ауылының тұрғыны Жүсіп Мейірманов.

Ал әкім Есенбай Шынтерековтің өзі болса, «су ішпедік» дегендер – екі-үш шаруашылық, соған қазір су келіп жатқанына 2-3 күн болды деп отыр.

«Суғарып жатыр. Қураған бір де бір гектар жер жоқ», - деген әкімге тілшілер: «Біз сол егістен келдік. Қурағандар бар ғой», - деп те көрді. «Олар – ең соңынан еккендер. Соңындағы 6-7 гектар су ішсе, ауылдың ішіне де береміз», - деп сөзді қысқа қайырды Есенбай Шынтереков.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, ауыл ішімен өтетін арықты ауыл әкімі қоршап алған. Су Есенбай Шынтерековтің шарбағы арқылы өтеді. Әкім қоршап алған жерге дейінгі арық кең қазылған. «Бар мәселе әкімнің шарбағына келгенде басталады», - дейді ауыл тұрғындары.

Шаруалар: «Әкімнің шарбағын қараңыздар. Шарбағының ішіндегі арық. Мына жағы қанша кең қазылған. Ал іші бір күрек бойы қазылған», - десе, әкім: «Менің шарбағымның іші тап-таза!» - деп отыр. Ал ағын судың азабын тартып, шығынға шаш етектен батқан шаруалардың ендігі жағдайы не болары әзірге белгісіз.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары