$ 494.87  520.65  4.91

«Алданып жүрген – кілең қазақ әйелдері!»: заңгер желілік маркетингтің «құлдарын» сынады

«Мемлекеттен алған балалардың жәрдемақысын сетевойға тығу масылдық па, әлде, жеңіл ақша табу жолына үйреніп қалу ма?» - деп күйінді ол.
фото: bugin.kz
фото: bugin.kz

Заңгер, қоғам белсендісі Айгүл Орынбек Instagram-дағы парақшасында қазіргі қазақ әйелдеріне деген қынжылысын білдірді, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

Оның айтуынша, бүгінде қазақтың қыз-келіншектері жалқауланып бара жатыр. Жеңіл ақша табуға құнығып, тіпті, балаларының мүгедектігі үшін алатын жәрдемақысын да желілік маркетингке салып жіберіп, алданып, көмек сұраған әйелдер көбейген.

«Айтқанның аузы жаман, айтпасыңа тағы болмайды! Биліктегілерді «жемқор» деп күндесек, жеңіл ақша табамын деп миллиондап сетевойға салғандарды не деуге болады? «Балаларымның мүгедектік жәрдемақысын сетевойға құйып жатырмын» деп жылаған ананы көріп, айтарға сөз таппай отырмын! Алданып жүрген – кілең қазақ әйелдері! Өзге ұлт әйелдерінің ақылдары көп пе, әлде, біздің кейбір қазақ әйелдерінің ақылдары жоқ па?

Бастамасы 20 миллионнан салған, ең аз салғаны – 1 миллион! «2 миллион кредит алып, сетевойға құйдым, көпбалалы анамын, ақшам жоқ, өз-өзіме қол жұмсаймын, не істеймін, көмек беріңізші», - деп жылап хабарласып жатқан бір адам!» - дейді түрлі арыз-шағымды қабылдап отырған заңгер.

Осы орайда, ол мемлекеттен берілетін жәрдемақы, сол сияқты басқа да жеңіл келген ақша адамды масылдыққа жетелейді-ау деп топшылап отыр.

«Мемлекеттен алған балалардың жәрдемақысын сетевойға тығу масылдық па, әлде, жеңіл ақша табу жолына үйреніп қалу ма? «Белі ауырып таппаған ақшаның қадірі жоқ» демекші, қалай оңай келді, солай оңай жұмсай салуға бола ма? Мемлекеттен алар кезде жер тепкілеп әкімдікті «төңкеріп жіберіп» аласыздар, ал сетевойға салар кезде неге сол әкімдік, Нұр Отан, Прокуратурадан бір ауыз сұрамайсыздар?» - деп ашынды Айгүл Орынбек.

Сондай-ақ, заңгер ақшасына ие болмайтын ақымақтығымен қоймай, шайпаулығы бар әйелдердің осы жазбасына «Ақылың өзіңе, басымызды қатырмашы!» деп жазатындарын да біліп отыр.

«Иә, менің ақылым өзімде. Ақылдарың болмаған соң бастарың қатып, әркімге алданып, көмек сұрап жүрсіңдер! Сол себепті, әркім өзінен бастасын, естеріңді жиып, жан-жағыңдағы өзге ұлт әйелдеріне қараңдар! Жалқаулық бойымызға сіңіп кеткені соншалық, есіктің алдына помидор мен бәдірен егуді де қойдық! Сетевойға салған ақшаны еңбекке сал, бір тиынды екі тиын қыл! Жылап, қайыр сұрап жүрген аналарды көріп өскен балалар қайыршы болмай, не болады? Сығандардан еш айырмашылығымыз қалмай бара жатыр. Олар көшеден сұраса, біздікілер әкімдіктен сұрайды!» - деп түйіндеді ол бұл тұрғыда айтар ойын.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары