$ 494.87  520.65  4.91

«Ерсі көрінеді»: келіні мен қайын атасының Тик-токтағы биі елді шулатты

Тик-Ток түсірді, еріккеннің ермегі деп жастарды сөгіп жатамыз. Бірақ қазір қазыналы қарттарымыз да, атап айтсақ қайын ата мен келіндер билеп жүр.

Әлеуметтік желілерде қазыналы қарттарымыз түрлі қылық шығарып, елдің назарын өзіне аудартып жүр. Біреулер мұны жөнсіз желікпелік десе, енді бірі заманға сай әрекет деп ақтап әлек. Көз үйренбеген көрініс жастар қауымына ұнап жатқанға ұқсайды. Ал мамандар болса мұндай үрдістің соңы қазақы тәрбие мен ұлттық нақыштың ұмытылуына алып келеді дейді, деп хабарлайды zakon.kz Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

Тик-Ток түсірді, еріккеннің ермегі деп жастарды сөгіп жатамыз. Бірақ қазір қазыналы қарттарымыз да, атап айтсақ қайын ата мен келіндер билеп жүр. Бұл еріккенің ермегі ме?

Ал бұл трендтен қалыспай, немерелерінің жаңа ермегін түсінгісі келген Серікқазы ата мен Күлзия апа. Отасқандарына 50 жыл болған қариялар басты мақсат танымал болу емес, керісінше тиктоктан бас көтермей, күні-түні телміріп отырған жастарға отбасылық береке бірлікті насихаттау дейді.

Күлзия Данабаева, зейнеткер:

"Біз сияқты ата әжесі бар екенін, танымайтын адамдарға көрсеткісі келген шығар. Жақсы жағынан көрсетіп жатса, неге қуанбасқа ? Балаларға тәлім тәрбие көрсету үшін , жас кезден анау 60-70-ші жылдарда қандай болдық? Содан бері қол ұстасып келе жатырмыз".
Ал, Серікқазы ата әлеуметтік желі арқылы жеткіншектерге қарияларды сыйлау керектігін түсіндіргісі келетінін айтады.

Серікқазы Байқоңыров, зейнеткер:

"400 мың көрермендеріміз бар, бәрі құттықтап, сөйлеп жатыр. Жаман сөз айтылған жоқ, жақсы сөздер ғана айтылып жатыр. Бұның мән мағынасы келешек қазақ ұрпақтарының дұрыс болғанын қалаймыз. Табыс көзі жасап отырғанымыз жоқ. Біздің мақсатымыз ұрпақтың тәрбиесіне мән беру. Келешек ұрпақтың осындай атасы мен апасы бар екенін көріп жүрсе екен. Үлкенді сыйласа екен, үлкеннің қадірін тани білсе, үлкеннің қадірін арттыра білсе..."
Ал, Сіз көріп тұрған мына тиктокерлер қайын атасы мен келіні. Мөлдір Ошақбаева көңілді жүретін қайын атасын тик токқа түсуге ұсынысты өзі жасаған. Тіпті, қайын ата мен келін биін бірінші болып енгізген де өзі.

Мөлдір Ошақбаева, блогер:

"Әрине, бұл ерсі көрінеді, бұндай нәрсе қазақта болмағандықтан , көздеріне ерсі көрінеді. Бұл не сұмдық! Біз қайынатамызбен тикток түсірмек түгілі бетіне тіке қарамаймыз, бір дастарқанда отырып шәй іше алмаймыз деген пікірлер келіп жатты. Қазақы әдет ғұрыпты сақтаған қайын ата мен келіннің арақатынасы бар. Басымда орамалым, үстімде халатым, азанда тұрған соң сәлемімді салып, шәйін беріп, осындай қарым қатынас, ұйымшыл қарым қатынастамыз".

Болат Драмқұлов, Тик-ток қолданушысы:

"Тоғызыншы қыркүйек туған күнім еді, көңілді кештің аяғы тикток түсірумен аяқталды. Отбасымызбен содан бері тикток түсіреміз. Биді тез үйрендім себебі жастайынан өнерге құштарлығым бар".

Ал психологтардың тик-токқа қатысты пікірі қақ жарылады. Мәселен Ақгүл Молдабекованың пайымынша, мұндай видеолар психологиялық тұрғыдан кері әсерін тигізеді.

Ақгүл Молдабекова, психолог:

"Әрине бұл өзекті проблема. Бір жағынан ол ұлттық нақышқа нұқсан келтіреді. Екінші жағынан санаға осындай ой қалыптастырады. Онсызда еліктеуі көп халықтың ішінде психологиялық аспектінің итермелеуіне алып келеді".

Дегенмен вайнерлердің психологтармен келіскісі жоқ. Айтуларынша, қайын ата мен келіннің арасындағы бірлестік отбасындағы атмофсераны нығайтып, керісінше бір-біріне деген сыйластықтары артады.

Нұрдәулет, вайнер:

"Менің ойымша оның қазір жаман несі жоқ деп ойлаймын. Ағасымен түсірсін, інісімен түсірсін. Әпкесімен түсірсін. Өйткені бұл жақта отбасы ғой. Отбасы егер қолдап тұрса, бәрін де істеуге болады. Бәрін жасап көруге болады. Былайша айтқан кезде".
Ал зейнеткер Жамал әже келін мен қайын ата арасындағы қазіргі қарым-қатынасты құптамайды. Өйткені бұрынғы келіннің сипаты өзгерек болған, дейді.

Жамал Бисекеева, зейнеткер:

"Ата-бабамыздан келе жатқан ата мен ененің алдында басын иіп, көзіне тіке қарамайтын. Сондықтан ол дұрыс емес. Біздің заманда қасына барып әңгімелесуге де ұялатын, сөйлеуге де ұялатын, билемек түгілі! Енемен сырласатын шығармыз, ене шеше сияқты ол түсінікті. Атаның бетіне қарауға ұят".

Қысқасы, танымал әлеуметтік желінің қолданушылар саны 500 миллионнан асты. Ал оның негізгі аудиториясы ретінде жасөспірімдер көшбасында тұр. Десе де АҚШ, Үндістан, Еурпаның кей елдері тик-токтан бас тартқан. Мамандардың зерттеуінше, әлгі желі жасөпірімдердің санасын улап, теріс бағытта тәрбиелейді екен.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары