13.10.2020, 16:00

«Балық қыз»: Шиеліде терісі тілініп, қабыршақтанып кеткен 2 жасар қыздың анасы жұрттан көмек сұрады (ВИДЕО)

Отбасында тағы бір ұлдың терісінде өзгерістер пайда болған. Бастапқыда қал деп ескермегенімен уақыт өте ақтаңдап бір жақ бетіне жайылған.

Балық қыз. Қызылорда облысы Шиелі ауылында 2 жасар Әмина Төлеуді туыстары осылай атайды. Себебі қаршадай қыздың терісі тілініп, қабыршақтанып барады. Дәрігерлердің тілінде бұл сирек кездесетін ихтиоз ауруы.

Бұл туралы "Астарлы ақиқат" бағдарламасында айтылды. 

Қайғы-қаперсіз жүретін балалық шағында денедегі дертпен күресіп жүрген Әмина жайлы айтамыз.

Эльмира Ембердиева екі жасар қызының денесі қабыршақтанып түсіп жатқанын айтады. Қызының күтіміне анасы қарап отыр. 

"Әмина туа сала денесіндегі өзгеріс байқалды. Денесіне қабыршақ шыға бастады. Күлдіреп кетеді, қышиды. Оған шыдай алмай қызым жылайды. Әрбір екі сағат сайын суға шомылдырып тұру керек. Бастапқыда жамбасында жөргекқаптың астында жара ізі пайда болды. Кейін денесіне жайылды. 7-8 айлығында бүкіл денесіне шықты", - деді анасы. 

Айтуынша, ай сайын қызының денесіне жағатын майы мен дәрісін алу үшін 100 мың теңге ақша жұмсалады. Үкіметтен ешқандай көмек жоқ. Кепілдендірген дәрі-дәрмек тізімінде бұл дертпен ауыратын балаларға көмек берілмейді екен. 

"Дәрігерлер бұл ауруды емдей алмады. Емшілерге де қараттық, емдік суларға апарып шомылдырдық, ешбірі көмектеспеді. Тек майын жағып, күнделікті жуындырып отырамын. Ата-енемнің зейнетақысын қызымның күтімін жұмсаймыз. Өзім жұмыс істемеймін. Қызымның еміне қараймын", - деді анасы. 

Отбасында тағы бір ұлдың терісінде өзгерістер пайда болған. Бастапқыда қал деп ескермегенімен уақыт өте ақтаңдап бір жақ бетіне жайылған. 

"Баламды дәрігерге көрсете алмадым. Қызымнан шыға алмаймын. Диагноз қойып үлгерген жоқ. Кей мамандар бұның тұқым қуалайтынын айтады. Басқа екі баламның денесінде бұндай ауру жоқ", - деді Эльмира Ембердиева. 

Дәрігер, дерматовенеролог Айнұр Таубаева мұның толығымен  емделмеген ауру екенін айтады. 

"Бізге мұндай аурумен ауыратын науқастар күн сайын келеді. Ең үлкені 63 жаста. Бұл аурумен ауыратын адамдар ұзақ өмір сүрмейді деп айтуға болмайды. Ол ауруға байланысты. Бір аурудың өзі түрлі болып келеді. Емделетін түрі болады. Емделмейтіні бар. Ең дұрыс ем - дұрыс күтім. Күнделікті күтім жасау. Ақтаңдақ (витилиго) ауруы кей жағдайда тұқым қуалайтыны айтылады. Бірақ ол нақты зерттелген ауру емес. Әртүрлі себептері болуы мүмкін", - деді маман. 

Бағдарлама қонақтары Түркістан облысы Созақ ауылында шипалы су бар екенін айтты. Дәл осы аурумен ауырған науқастар құлан-таза айығып кеткен кездері болған. 

Отандық дәрігерлер бұл ауруды емдеуге қауқарсыз көрінеді. Анасы екі баласының денсаулығына қандай жолмен болса да көмек болса екен деп күтеді. 

Дереккөз: Stan.kz