$ 439.43  473.31  4.82

Діни білімді оқу орны береді

Мысалы үшін елге белгілі айтыскер ақын Мұхамеджан Тазабековтің соңғы кездегі мәлімдемесі осы сөзіміздің дәлелі бола алса керек. Ол өз сөзінде алғашқыда діни теріс ағымды тани алмағанын айтып Бас мүфтидің алдында ағынан жарылғанын әлеуметтік желілерден көрдік.
фото: adil.islam.kz
фото: adil.islam.kz

Дінді тану үшін білім керек. Қазақстанда дін саласында дұрыс білім беретін бірқатар жоғарғы және өзге де оқу орындары бар. Олар туралы халық білуге тиіс, хабардар болуы аса қажет. Өйткені кейбір азаматтар, жастар діни білімді қайдан алуды білмеуінен, хабардар болмауынан діни теріс ағымдардың тұзағына ілініп, адасып жатыр. Осы жайтты ескере келе, Алматы қаласының Дін істері жөніндегі басқармасы дінтанушы мамандар мен теологтарды дайындайтын университеттер туралы ақпарат берді. 

Бүгінгі күнде еліміз бойынша дін саласындағы мамандар дарялау бағытында «Нұр-Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті, Әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық, Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық, Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық, Е. Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік және Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеттері жұмыс жасауда.

Бүгінде дін негіздерін түсіндіріп, экстремизм мен терроризмнің алдын алуға байланысты халықпен тығыз байланысты жұмыс істеп жүрген теолог-ғалым, дінтанушы мамандар осы оқу орындарының түлектері. 

Алғашқы жылдардан-ақ еліміз көптеген елдермен байланыс орнатып, мемлекетіміздегі жастарға кез келген салада  шетелдерден білімін жетілдіруге зор мүмкіндік туды.  Соның ішінде дінтану саласы бойынша да көптеген жастар шетел асты. Бір өкініштісі, діннің оқуын оқыған кейбір жастар, сол елдегі саясаттың салдарынан санасы өзгеріп, Қазақстандағы дін туралы әртүрлі пікір-көзқарастар қалыптастырды. Атап айтқанда арабизмді, фанатизмді тықпалады. 

Сан ғасыр иманның жолында ата-бабаларымыздың жүрген жолын теріске шығарды. Дінге шөліркеп, дін саласында оң-солын анық ажырата алмай отырған біз үшін шетелден оқып келгеннің айтқаны дұрыс, жолы ақиқат болып көрінгені рас. Керек десеңіз көзі ашық, көкірегі ояу деп жүрген азаматтардың өзі сол саясатпен жасалып жатқан уағыздың тереңіне үңілмей, сеніп қалып адасқанын мойындаған жайттарды кездестіріп жатырмыз. 

Мысалы үшін елге белгілі айтыскер ақын Мұхамеджан Тазабековтің соңғы кездегі мәлімдемесі осы сөзіміздің дәлелі бола алса керек. Ол өз сөзінде алғашқыда діни теріс ағымды тани алмағанын айтып Бас мүфтидің алдында ағынан жарылғанын әлеуметтік желілерден көрдік.  Әрине, адасқанның айыбы жоқ, егер қайтып үйіріне қосылса дейді дана халқымыз. Біз бұл жерде Мұхамеджанды ақтайық немесе даттайық деп отырғанымыз жоқ. Ол жағын сараптауды оқырманның өз ой елегіне қалдырамыз. Біздің айтқымыз келгені жаңадан тәуелсіздік алып, қалай жүреміз, қайтып жол табамыз деп жатқанда сырттың саяси ықпалының қандай болғанын көрсету ғана еді. Құдайға шүкір, еліміз есін жиды, кімнің кім, ненің не екенін ажыратып жатыр. Барлық саланы мемлекет нықтап қолға алды. Әсіресе, әлемді әбігерге түсіріп, өз елімізде де  үлкен мәселе тудырған, тудырып тұрған, егер барлық халық дұрыс түсінбесе әлі де тудыра беретін дін саласын мықты мамандар мен теолог- ғалымдардың көмегімен, солардың білік-білімімен  ретке келтіріп жатқанын айтқымыз келеді. Көрмес, түйені де көрмес дейтін сөз бар, қазақта. Біздің міндет жақсыны көріп, оны жасаушының мерейін тасыту, жаманнан жиреніп, құтын қашыру. 

Осы тұрғыдан келгенде Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының игі шараларын айту бізге міндет болса, осыны оқыған азаматтың мемлекетті дамытуға үлес қосуы, ішкі бірлікті сақтауы, дұрыс бағытта жүруі, асыл дін – исламды басқа теріс діни ағым, секталармен шатастырмауы міндет деп санауға болады.    

Тағы бір тоқталатын оқу орны – «Нұр-Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университеті. Бұл – дін саласына арнайы мамандар дайындайтын университет. Оқу орнында Каир мен Александрия университеттерінің білікті ғалымдары мен еліміздің білікті профессор-оқытушылары дәріс береді. Енді дәрістің бағыттары туралы университеттің проректоры  Қайрат Құрманбаев айтып берсін: «Нұр-Мүбәрак – университет қана емес, бұл ғылым орталығы. Мұнда қоры мол кітапхана, зерттеулер көзі бар. Бакалавр, магистр, докторантура – сатылық білім жүйесі жолға қойылған. Ресей, Өзбекстан исламтанушылары зерттеу жұмысы барысында бізге келіп, таңданыс білдіретінін көзім көрген соң айтып отырмын.

 Нұр-Мүбәрак – зайырлылық принциптерге негізделген университет. Өйткені біз ҚР Білім және ғылым министрлігіне қараймыз. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру мақсатында  бірлесіп жұмыс істейміз және исламтанудың іргелі пәндерін оқытамыз. Мемлекет бізге осындай мүмкіндік берген. Сондай-ақ, біз универсиетте Құран, хадис, фиһқ негіздері, мұсылмандық құқық, мұсылмандық этика, теологиялық, діни құқықтық негіздерін қайнар көзінен оқытамыз. Әрине, әлеуметтану, экономика, Қазақстан тарихы, орыс тілі сияқты пәндер мемлекеттік пәндерге сәйкес бірінші курста оқытылады.  Ал оқытушылардың барлығы дерлік өз пәндерін арнайы зерттеген ғалымдар, білікті мамандар. Мысалы Мысырдан келген жиырма ғылым докторы  жұмыс істейді. Бұлар діндегі әр саланың негізінен бастап зерттеген ғалымдар. Сонымен қатар, былтыр біздің университетке 400 гарант бөлінген, биыл пандемияға байланысты 300 грант бөлініп отыр. 

Болашақта дінтану, исламтану бойынша шетелден білім алуға аса бір қажеттілік қалмайды. Бізде Түркияның білікті ғалымдары бар. Қоса кететін тағы бір ақпарат, университеттің өңірлік гранттары, яғни, әр облыстан оқуға болады. Міне, осының бәрі мемлекеттің жасап отырған мүмкіндігі. Университет те жастардың жағдайын жасауға бар күшін салып жатыр. Сонымен қатар, ҚМДБ-ға қарасты колледждер бар. Басым көпшілігі колледж статусындағы бұрынғы  медреселер. Бұл оқу орындарын бітіргендер де диплом сияқты колледжді бітіргендігі жөнінде, сол саланың маманы ретінде құжатын алады және жұмыспен қамтудың да тетіктері қарастырылған».

Міне, еліміздегі дін саласына, исламтану мамандығына, теология ғылымына қызығушылығы бар жастар үшін осындай бағыт-бағдар беріледі. Бүгінгі таңда діни білімді кез келген адамнан немесе топтасқан біреулерден алуға болмайды. Топтасып алып жеке үйде, подвалда, жалдамалы пәтерлерде айтылған уағыз-үгіттердің соңы қаншама жастарға жапа шектіріп, адастырып жатыр. Сондықтан білім алатын жерді таңдай білу керек дегіміз келеді.   
                                                        
                                                                                                       Еділ АНЫҚБАЙ 
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары