$ 494.87  520.65  4.91

«Әйеліңді ешкімге жамандама»: дінтанушы әйелін анасына жамандайтын еркектерді сынға алды

Сондай-ақ имам бүгінгі ер азаматтардың әкеден гөрі анаға жақын екенін, мұның да тәрбиеге өзіндік ықпалы бар екенін айтты.
Фото: ашық дереккөзі
Фото: ашық дереккөзі

Белгілі дінтанушы Нұрлан қажы Байжігітұлы өзінің әйелін жамандап, артынан сөз ертетін жігіттерді қатаң сынға алды. Имам, әсіресе, анасына тым жақын келетін, жұбайының қыр-сыры мен кем-кетігін туған шешесіне баяндап беретін ерлердің көбейгеніне қынжылады. Ол ер азаматтарды мұндай нәрседен аулақ болуға шақырды деп жазады KAZ.NUR.KZ

"Алла қосқан жұбайыңды жамандама. Оған үйленерде жақсылығын да, кем-кетігін де өзіңе қабыл алдың. Сондықтан, кейін соңынан сөз ертпе. Нағыз еркектің тірлігі бұл. Өкінішке қарай, достарына, туыстарына әйелінің кемшілігін айтатын ер-азаматтарымыз жоқ емес. Көп жағдайда әйелін анасына жамандайтын еркектерді көріп жүрмін. Келінінің кемшілігін іздеп отыратын енелерге керегі де осы емес пе? Кейін мұның арты үлкен дауға айналып, екі ортаға ене түсіп, талай шаңырақ шайқалады. Бұл керек пе сізге? Әрине, қажет емес. Сондықтан, өз абыройыңды ойласаң, әйеліңді ешкімге жамандама", - дейді қажы. 

Сондай-ақ имам бүгінгі ер азаматтардың әкеден гөрі анаға жақын екенін, мұның да тәрбиеге өзіндік ықпалы бар екенін айтты. 

"Бұрын аналарымыз ұлды әкеге икемдеп, қызды өз бауырына тартқан. Ұл бала әкесі секілді айбынды, ер мінезді болып, ұсақ-түйекке араласпауы үшін жасалған қадам бұл. Ал қыз бала анасының қасында үй шаруасын үйреніп, болашақ келін болар жерінде өзін қалай ұстау керектігін көріп өседі. Міне, осы бір даналық бүгінде жойылып барады. Анасына сыпсыңдап өсек айтатын жігіттер көп, өкінішті. Тағы бір нәрсені енелерге қаратып айтқым келеді. Егер балаңыз әйелімен бақытты болса, сол адамды бар кемшілігімен, бар жақсылығымен сүйіп қосылса, орысша айтқанда оған "комфортно" болса, аз-кем қателігіне бола олардың өміріне араласпаңыз. 

Әйелінің ұлты қандай болса да, мінезі қандай болса да, олардың әрі қарай бақытты болып кетуін ғана ойлаңыз. Қазіргі жастар артық ақыл-кеңесті ұната бермейді. Оны бұрынғының жігіттері ғана түсінетін", - дейді Нұрлан қажы. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары