Apple корпорациясы iPhone смартфондарының 8, 8 Plus және X маркалы жаңа модельдерін таныстырды. Презентация Стив Джобс атындағы жаңа театр ғимаратында өтті.
iPhone 8 бен 8 Plus смартфондарының жетінші iPhone-нан айырмашылығы көп емес. Оның тек қаңқасы шыныдан жасалған және сымсыз қуаттағышы бар. Сондай-ақ, жаңа iPhone A11 Bionic процессорымен жабдықталған.
Жаңа гаджеттер сатылымға 22 қыркүйектен бастап шығады. Олардың жады 64 және 256 Гб.
Сегізінші iPhone-нан бөлек Apple "болашақтың смартфонын" да таныстырып отыр. Компания басшысы Тим Кук жаңа өнімді iPhone X немесе iPhone Ten деп атайтынын мәлімдеді.
Жаңа модельдің беті тұтастай монитордан тұрады. Оның тіпті негізгі батырмасы да жоқ. Бұған дейінгі iPhone өз иесін саусақ ізі арқылы таныса, жаңасы бет-әлпеті арқылы тани алатын қасиетке ие.
Гаджетке 6 ядролы Apple A11 процессоры орналастырылған. Бейнекамерасы жоғары сапалы 4К-видео түсіреді.