$ 498.34  519.72  4.85

Білім мен ғылым саласында музей ісіне сұраныс артуда

Алматыда «Отандық туризмді дамытудағы музейлердің рөлі» атты республикалық форумы өтті. Аталған форумды Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен «Алматы қаласы музейлер бірлестігі» КМҚК ұйымдастырып отыр. Шараның басты мақсаты - Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру дейді ұйымдастырушылар.

Форумға Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев, ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов, Қазақстан Туристік қауымдастығының директоры Рашида Шайкенова және т.б. республиканың әр аймағынан жиналған музей, туризм саласының мамандары қатысты.

Форумда музейлік туризмді дамыту жолдары, музейдегі жаңа технологияларды қолдану мүмкіндігі, музейлік нарық интеграциясындағы өзектілігі, қазіргі музей және туризм индустриясы, танымдық туризмнің дамуындағы тарихи-мәдени мұраның ықпалы секілді негізгі мәселелер талқыланды.

- Музейлер елдің туристік тартымдылығы қалыптасуында үлкен рөл атқарады. Эрмитаж, Лувр, Метрополитен, Прадо секілді мәдени брендтердің елге келуші туристер санына тікелей ықпал ететіні жөнінде көптеген мысалдар келтіруге болады. Ә.Қастеев атындағы ҚР МӨМ Қазақстанның ішкі және сыртқы туризмін  дамытуға белсенді түрде қатысып келеді. Мәселен, 2017 жылы музей ҚР Мәдениет және спорт министрлігімен әлемдік кеңістікте Қазақстан мәдениетін дамытуды көздейтін «Жаһанданған әлемдегі заманауи Қазақстан мәдениеті» жобасын жүзеге асыруда, - деді Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің директоры Гүлмира Кенжеболатқызы.

Ал Бөкей Ордасы тарихи-музей кешені директоры Ғайса Махимов музей саласының келешегіне керек ұсыныстарын ортаға салды.

- Еліміздің Еуропа бөлігінде орналасқан музейіне көбінесе Ресейдің Астрахань, Самара облыстарынан қонақтар келеді, сондай-ақ, басқа да шетелдерден қонақтар қабылдап отырамыз. Сол үшін музейіміз Бөкей Ордасы ғана емес, қаламыздың, еліміздің бай тарихын көрсететін кешенге айналып, табысты жұмыстар атқаруда. Біз әрдайым музей ісі мамандарын жұмысқа алуға дайынбыз, алдағы уақытта отандық музейлерде маркетинг-маркетолог кадрларын қабылдауды ұсынамын, - деді Ғайса Темірболатұлы.

Бүгінде музей ісі саласына жастардың қызығушылығы артып келеді. Бұл туралы аталған форумға қатысқан Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Тарих, археология және этнология факультетінің деканы Меңдігүл Сағатқызы айтты.  

- Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында биылғы жылы музей ісі және ескерткіштерді қорғау мамандығына грант саны артып, осы жылдан бастап университетте музей ісі және ескерткіштерді қорғау мамандығы бойынша PhD докторантура ашылды. Біздің факультетімізден шыққан музей мамандары республиканың әр өңірінде табысты жұмыс атқаруда, - деді ол.

Ақбота Мұсабекқызы

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары