$ 494.87  520.65  4.91

Алматының Атлетикалық ауылында Almaty Zhastary орталығы ашылды (ФОТО)

Алматының Алатау ауданында "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында жастармен жұмыс істейтін Almaty Zhastary орталығы ашылды. Салтанатты шараға қала әкімі Бауыржан Байбектің өзі қатысып, өскелең ұрпақтың білім мен ғылымға құлшынысын арттыратын мұндай орталықтардың маңыздылығын атап өтті.

Айта кетейік, биыл ақпан айында бұл Атлетикалық ауылда қысқы Универсиада ойындары өткен болатын. Енді бұл кешен қаңырап бос қалмауы үшін ел игілігіне пайдаланылуда. Мұнда спорт пен мәдениетті дамытуға арналған орталықтар әлі де ашылатын болады.

Жастардың ой-өрісін дамытып, салауатты өмір салтын ұстануға мүмкіндік жасайтын Almaty Zhastary орталығы Атлетикалық ауылда орналасқан. Нысанды аралау кезінде Бауыржан Байбек коворкинг-орталықтың, шығармашылық бөлмесінің жұмысымен танысып, жастардың кәсіп таңдап, жұмысқа орналасуына көмектесетін орталықта болды.

"Барлық кеңесшілердің қызметі, шеберлік сағаттары, семинар-тренингтер жастар үшін су тегін. Тіпті, ағылшын тілі курсы мен компьютерлік біліктілікті арттыру сабақтары да ақысыз өтеді. Алматы қаласының кез-келген тұрғыны осында келіп, біздің орталықтың қызметтерін тегін ала алады", - дейді Алматы студенттер алянсының жетекшісі Сандуғаш Сандыбаева.

Қала әкімі сондай-ақ, "Дүсенбілік футбол-2017" турниріне қатысушы жастармен де кездесті. Аталған турнирге Алматыдағы базарларда жұмыс істейтін жас азаматтардан құралған командалар қатысуда. Ойыншылардың көбі еліміздің әр облысынан келгендер.

Жастар орталығының ашылу салтанатынан кейін Бауыржан Байбек аталған турнирдің жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне қатысты. Жалпы, "Дүйсенбілік футбол-2017" жарысына Алматының 40 сауда орталығынан 44 команда қатысты. Олар жұмыстан тыс уақытта салауатты өмір салтын қалыптастырып, қаланың мәдени дамуына өз үлестерін қосып отыр.

Бүгінде Атлетикалық ауылдағы пәтерлердің барлығы өз иелерін тапқан. Қалалық Тұрғын үй басқармасы мамандарының айтуынша, кешенде барлығы 1748 пәтер бар екен. Олардың 1500-і келісімшарт негізінде жекеменшікке берілсе, қалғаны Қазақстанның ипотекалық компаниясы арқылы үлестірілген. Пәтерлердің барлығы кезекте тұрған азаматтарға: көпбалалы отбасыларға, мемқызметкерлерге және өзге де мұқтаж жандарға арендалық негізде 20 жылдық мерзімге берілді.

ФОТО: informburo.kz

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары