$ 444.22  476.38  4.82

Мектеп оқушылары арасында «Туған жерім» республикалық шығармалар байқауы басталды

Бүгін бүкіл республика бойынша мектеп оқушылары арасында «Туған жерім» тақырыбындағы шығармалар байқауы басталды. Мұндағы басты мақсат – Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының негізгі ережелерін іске асыру аясында жастар арасында отансүйгіштікті нығайту болып табылады.

Байқау осы жылдың 5 қыркүйегі мен 1 желтоқсан аралығында аймақтық деңгейде еліміздің барлық жалпы білім беру мекемелерінде өтеді. Жеңімпаздар конкурстық комиссияның шешімімен анықталып, ауданның үздіктері облыстық, облыстың үздіктері республикаға жолдама алады.

Шығармалар төрт номинация бойынша төрт түрлі тақырыпты қамтиды. Атап айтсақ, «Шағын отан неден басталады?», «Туған өлке батырлары», «Туған өлке болашағы жайлы арманым» және «Туған өлке игілігі».

Оқушылар осылардың арасынан өздері таңдап алып, қалаған тақырыбы бойынша шығармаларын ұсынады. Конкурсқа 5-11 сынып оқушылары қатыса алады әрі ол үш бөлімнен тұрады. Яғни, 5-ші мен 6-шы сыныптар, 7 мен 9 шы сыныптар, сосын 10-шы 11-ші сынып оқушыларының шығармалары қазақ және орыс тілдерінде қабылданады.

Байқау қорытындысы 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті күні қарсаңында жарияланып, жеңімпаздар «Нұр Отан» партиясының аймақтық филиалдарының арнайы дипломдарымен және естелік сыйлықтарымен марапатталмақ.

Айтулы байқауға Жамбыл облысының оқушылары да қатысуда. Жас өрендер өз туған жерлері туралы жазудан жалықпайтындарын айтып отыр.

 «Жалпы шығарманы қабылдау 25 қазанға дейін жүретін болады. Барлық ауданда барлық мектептің оқушылары бұл байқауға қатыса алады. Шығарма байқауы ең алдымен барлық мектептерде насихатталып, БАҚ жарияланады 1 кезең, 2 кезең – шығармалардлы іріктеу, жинақтау, 3 кезең – ең мықты шығармаларды арнайы кітап қып шығару жоспарланған», - дейді байқаудың облыстағы ұйымдастырушыларының бірі – «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалы жанындағы «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Уәлихан Болатбек.

Айта кетейік, Мемлекет басшысының биыл сәуір айында жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Туған жер» бағдарламасы қарастырылған. Аталған жоба еліміздегі ауылды елдімекендердің әлеуетін, экономикалық ахуалын жақсартуға бағытталған. Бағдарлама аясында қалталы азаматтар, танымал тұлғалар бүгінде өз ауылдарына әлеуметтік нысандар салып, жолдарын жөндеп беруде.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары