Алматы қаласында студенттер арасындағы «Жас өркен» фестивалінің ашылу салтанаты өтті. Оны Алматы қаласы әкімдігінің ұйытқы болуымен Бостандық ауданы әкімі аппараты мен Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы ұйымдастырды. Шараның ерекшелігі сол, фестиваль ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған негізгі міндеттерді орындауға негізделген.
Фестивальде Бостандық ауданындағы колледж студенттері бақ сынады. Жалпы шара «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Отаным тағдырым» тақырыбымен өтіп жатыр. Қазақстан жастары арасында мәдениет пен өнерді насихаттап, ерекше дарын иелерін анықтауға мұрындық болатын шараға қатысуға ниет білдірушілер саны көп болды. Бұл фестиваль рухани құндылықтар мен ұлттық болмысты бірінші орын қоятын, жан-жақты талантты жастардың шығармашылығына жол ашып, армандарының орындалуына көмектеспек.
«Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай» деген болатын. Яғни, өзіміздің ұлттық кодымызды сақтай білуіміз үшін, өзіміздің төл мәдениетімізді, өнерімізді, тарихымыз бен салт-дәстүрімізді сақтай отырып, келешек ұрпаққа аманат етуіміз керек. Олай болса, бүгінгі «Жас өркен» фестивалінің басты мақсаты да осы. Осындай ауданымыз үшін маңызды мәдени іс-шаралар арқылы біз жас ұрпақтың бойында шығармашылық серпіліс тудырып, ұлттық құндылықтарды дәріптей аламыз», - деді фестивальдің ашылуында Бостандық ауданы әкімі Бекқали Нұрғалиұлы.
Оған қоса, фестиваль алдағы уақытта колледждер арасындағы мәдени және өзге де қарым-қатынастарды нығайту, тәжірибе алмасу орталығына айналмақ. Жастардың әлемдік мәдениет ағысына ілесіп, елдегі саяси-қоғамдық жаңалықтарға араласуына да септігін тигізбекші. Фестиваль көркем оқу, вокал, эссе номинацияларына бөлінген. Ал жабылуы 11 қазан күні болады.
«Байқауға Бостандық ауданы бойынша 10 колледждің студенттері қатысып жатыр. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында жаңа тұрпатты мемлекет қалыптастыру үшін ұлттық кодымызды сақтай білуіміз керегін айтты. Ал ұлттық код дегеніміз – біздің салт-дәстүріміз, тіліміз, тарихымыз, мәдениетіміз. Халық әндері мен терме-дастандар. Яғни, тарихымызды түгендеу. Сондықтан да осы фестиваль номинацияларының ішіне эссе жазуды кіргіздік. Ұлттық құндылықтарды дәріптеу ешқашан тоқтамауы тиіс. Алдағы уақытта екі жылда бір рет «Жас өркен» фестивалін ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз», - дейді Бостандық ауданы Ішкі саясат бөлімі басшысы Бекжан Қалиұлы.