«Рухани жаңғыру» идеясы – қоғамдық сананы жаңғыртуды мақсат еткен бірегей жоба. Бұл бағдарламаны жариялағандағы Елбасының мақсаты – қазақстандықтардың рухани құндылықтарын қайта оятып, Қазақстанды әлемдегі өркениетті елдердің отыздығына ендіру болатын. Ал, бұл мақсаттың жүзеге асуына бүкіл ел мүдделі болғандықтан, қазірдің өзінде қазақстандықтар бағдарламаның іске асуына атсалыса бастады.
«Рухани жаңғыру» ең алдымен жастардан басталуы керек. Өйткені, өскелең ұрпақ – Қазақстанның болашағы. Сондықтан жастар тәрбиесі бүгінгі күн тәртібіндегі басты тақырып. Ал, оларды тәрбиелеумен айналысатын мұғалімдер қауымы да шет қалмай, Елбасы бағдарламасының қыр-сырын меңгеруі тиіс. Осы орайда, бүгін Жамбыл облысы Байзақ ауданының ұстаздары «Рухани жаңғыру» идеясын талқылау үшін бас қосып, мұғалімдер форумын өтізді. Зиялы қауым өкілдері мен өңірлік үздік ұстаздар қатысқан іс-шарада рухани жаңғыру мақаласындағы «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасы бойынша 3 бірдей жаңа жоба таныстырылды.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жаңа, тың жобалар жасақтау - басты міндет. Мемлекет басшысының талабын ұстанған байзақтық білім саласының қызметкерлері жиында 3 бірдей жоба ұсынып, талқыға салды. «Ұлттық сананы қалыптастыруда, ұлттық мектеп», «Мәңгілік ел ұрандары» алғашқы 2 жоба мектеп оқушылары арасында 2017-2021 жылдар аралығында жүргізілетін болады. Жоба аясында «Мұрагер»домбырашылар оркестрі де құрылған. Мұнымен қоса, үзіліс кезінде соғылған қоңыраудың үні Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу» күйімен орындалуда.
«Бүгінгі таңда үкімет насихат жұмыстарын жүргізумен қатар оны бағдарламалық мақалада көрсетілген бағыттар мен міндеттерді іске асыруға арналған жобалардың қолға алына бастады...», - деді М.Х.Дулати атындағы ТарМУ проректоры Асқар Абдуалиев.
Ауданда 25 млн. теңгені құрайтын 125 орынға арналған ұлттық салт-дәстүрге тәрбиелейтін жекеменшік балабақша салынуда. Бұл таныстырылған 3-жоба. Сондай-ақ, қатысушылар ұмыт қалған әдет-ғұрыптарды жаңғырту мақсатында үйірмелер ашып, этнопедагогиканы тәрбиеге енгізу арқылы нағыз ұлттық мектеп қалыптастыру қажеттілігін айтты.
«Бүгін өзімізге қатысты 3 жобамызды талқыладық. Бұл жобаның ең бастысы ұлттық бағыттағы білім беру мектеп және дарынды балаларға. Осы бағыт бойынша жұмыстар басталып, негіздері қалана бастағанын көрсетеді», - деді Байзақ аудандық білім бөлімінің басшысы Әбдікәрім Әбдімомынов.
Жиын соңында педагогтардың ақпараттық компьютерлік технологиялар қолдану құзыреттілігін арттыру талабы сөз болды. Сонымен қатар, алдағы уақытта «Мектепке тағзым» акциясыжалғасып, осы мақсатта түрлі іс – шаралар барлық білім ошақтарында мазмұнды, әрі сапалы ұйымдастырылуы шарт деген үндеу тасталды.