$ 498.34  519.72  4.85

Үштұғырлы тіл саясаты - болашақтың кілті

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында көрсетілген басым бағыттардың бірі – жастарға тәрбиемен қоса сапалы білім беру. Әсіресе, бұған дейін қолға алынған үштұғырлы тіл саясатын одан әрі жетілдіріп дамыту болып табылады. Яғни, жақын болашақта жастарымыз тек ана тілімізде ғана емес, қазақ, орыс және ағылшын тілдерін бірдей жетік меңгеруі тиіс. Бұл өз кезегінде сананы жаңғыртып қана қоймай, бәсекеге қабілетті жастарды тәрбиелеп шығарары сөзсіз.

Ал, жастарға үш тілде білім бере алатын мұғалімдер мәселесі дәл қазіргі таңда шешіліп жатқан дүние. Еліміздің барлық облысында мұғалімдер арнайы курстардан өтіп, тіл біліктілігін жетілдіруде. Олар енді келер жаңа оқу жылынан бастап сабақты ағылшын тілінде де қоса оқытатын болады.

Осы тіл курстарынан өтіп жатқан ұстаздар қатарында жамбылдық педагогтар да бар. Биыл облыстағы 600-ге жуық мұғалім ағылшын тілі курстарынан өтіп, А2 деңгейіндегі сертификат алды. Ал, 253 ұстаз қазір біліктілікті арттыру курстарынан өтуде. Бұл туралы «Білім беруді модернизациялаудағы үштілділіктің маңызы» атты облыстық ғылыми-практикалық конференцияда айтылды.

Қазақстан азаматтарының үштілді еркін меңгеруі туралы идеяны тәжірибе жүзінде іске асыру бүгінде мемлекеттік деңгейде талқыланып, білім реформаларында белсенді түрде қарастырылып отыр. 2019 жылдан бастап 10 және 11 сыныптарда төрт пән ағылшын тілінде өткізіледі. Әрине, ол үшін педагогтардың тілді жетік меңгеруіне аса мән берілуде. Осы мақсата өткен жылы облыстағы 45 мұғалім әлемнің озық елдерінде тәжірибеден өтіп келді.

«Пәннің ғылыми негіздерін неғұрлым түпнұсқада оқитын болса, балаларымыздың болашағы жарқын болады. Олар тереңірек білім алады. Сол себепті, ағылшын тілі оқушыға да, мұғалімге де өте қажет болып отыр», - дейді Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары Жәмилә Бекбатырова.

Бұдан бөлек, ғылыми конференцияда мұғалімдерге арналған семинар-тренингтер ұйымдастырылды. Онда пәнді ағылшын тілінде оқытудың тиімді әдіс-тәсілдері түсіндірілді. Облыстық білім басқармасының мәліметінше, өңірдегі 3 мамандандырылған мектепте физика, химия, биология, информатика пәндері ағылшын тілінде жүргізіледі.

«Бүгінгі таңда университетте біз білім берудегі үштілділіктің маңыздылығына тереңірек тоқталып өттік. Бұл конференцияда мен Еуропа мен АҚШ-тың тілді оқытудағы айырмашылығы жөнінде баяндадым. Қазіргі уақытта Қазақстанда мұндай жиындарды өткізу аса маңызды болып отыр», - дейді Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің стратегиялық даму және инновация жөніндегі проректоры Джейсон Белл.

ЮНЕСКО «XXI ғасырды полилингвизм ғасыры» деп атады. «Біздің болашақ ұрпағымыз тек өз ана тілін меңгеріп қана қоймай, бірнеше шет тілін еркін меңгеруі керек. Сонда ғана еліміздің білім беру жүйесін әлемдік кеңістікке алып шығамыз», - дейді конференцияға қатысушы педагогтар.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары