$ 494.87  520.65  4.91

Алматыда инновациялық жобалар байқауы басталды

Алматыда «Social innovation-2018» инновациялық жобалар байқауы басталды. Бұл байқауға 156 қазақстандық новатор қатысуға өтініш білдірген. Қазылар алқасы үздік деген 50 жобаны таңдап алды.

Ұйымдастырушы ҚР Тұңғыш Президенті қорының өкілдері айтқандай, жаңа технологияларды әлеуметтік салаға енгізу басты мақсат болып табылады.

«Ең алдымен жобаның әлеуметтік маңыздылығына баға беріледі. Әлеуметтік маңызы бар, қоғамға пайдасын тигізетін инновациялық жобалар ғана қор тарапынан қаржыландырылады», - деді «Ақпараттық-ресурс орталығы» қоғамдық қорының директоры Алтынай Көбеева.

Новаторлар зағип жандарға арналған интернет-радио мен балаларға арналған 3D-музей, аналарға арналған мобильді қосымша ойлап тапқан. Бұл жобаларды жүзеге асыруға 1-5 млн теңге аралығында грант бөлінбек.

Қазақстан коммуникативті қауымдастығының директоры Бағила Ахатова Алматыдағы киелі жерлер бойынша интерактивті карта жасап, үш тілде жолнұсқа ойлап тапқан.

«Қала - тек көшелер мен ғимараттардан тұрмайды ғой. Әр ғимараттың тарихы бар. Әр адамның сол ғимаратпен, саябақпен байланыстары естеліктері бар. Енді адамдар интернетте әр орын туралы естелік қалдыра алады. Мәселен Мұрат Әуезов ағамыз үшін Бөгенбай көшесіндегі аллея өте ыстық. Ол Жазушылар одағында жұмыс жасаған кезінде сол аллеяда жүріп шабыт алатын. Олжас Сүлейменов болса, қаланың тамыры саналатын, Абай көшесімен созылып жатқан арнаны ұнататын», - деді Б. Ахатова.

67 жастағы зейнеткер Күләш Алматшаева 40 жылдан бері ҰОС кезіндегі тұрмыстық заттарды сақтаумен айналысып келеді. Зейнеткер 30 чемонданға сиятын коллекция жинап үлгерген. Өз жобасын Күләш апа «Чемодандағы музей» деп атауды ұсынды.

«Мен осы заттарды жинап алып, қарттар үйіндегі қарияларға, балалар үйіндегі балаларға көрсетемін. Оларға осы тұрмыстық заттар туралы, сол замандағы қиындықтар туралы айтып беремін. Мен оларға Екінші дүниежүзілік соғыс пен азаматтарымыздың ерліктері туралы айтып беремін. Көп адамдар естеліктерімен бөліседі» - деді ол.

Сонымен қатар, К.Алматшаева коллекциясындағы ең құнды жәдігерлер - зергерлік бұйым жасайтын станок пен Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі радий дыбыс зорайтқышымен таныстырды. Одан бөлек жұмыссыз адамдарға киіз басуды үйрету, зейнеткерлердің компьютерлік сауатын ашу, Каспий теңізінде жағажай салу туралы жобалар таныстырылды.

Аталған байқау 6-сәуірге дейін жалғаспақ. 50 үміткердің ішінде 10 жоба авторы қаржылық қолдау табатын болады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары