$ 498.34  519.72  4.85

Қырымбек Көшербаев қызылордалық дарынды жастарға сұранысқа ие мамандықтар туралы айтып берді

Қызылорда облысы әлеуметтік саланы қаржыландыруда, соның ішінде жастар мәселесін шешуде республикадағы алдыңғы орындардың бірінде. Бүгін өңірдегі дарынды жастарды қабылдаған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев осылай деді. Оның айтуынша, Қызылордада шешілмеген мәселелер көп болғанымен, жергілікті билік ең алдымен жастар проблемаларын шешуге күш салып келеді екен.

Айта кетейік, оқу жылының аяқталуына орай Қызылордада облыс әкімі Қырымбек Көшербаев биыл жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық, республикалық пәндік олимпиада, ғылыми жоба конкурстарының жүлдегерлерімен кездесті. Аймақ басшысы оларға оқуда табыс тілеп, жастардың болашағы үшін сапалы білімнің маңыздылығын атап өтті.

– Біздің басты мақсатымыз – өскелең ұрпаққа сапалы білім беру. Қызылорда облысы әлеуметтік саланы қаржыландыру бойынша елімізде алдыңғы орында. Аймақта шешілмеген шаруа көп. Бірақ, біз қаржыны жастардың білім алуына көбірек жұмсауға тырысамыз. Өйткені, елдің ертеңі, болашағы – сіздерсіздер. Білімді де білікті азамат болып қалыптасуға деген ынта-жігерлеріңізді, сол жолдағы нәтижелі еңбектеріңізді мақтан етемін, – деді Қ.Көшербаев.

Ол сондай-ақ, Мемлекет басшысының жастар үшін, жастардың кедергісіз білім алуы үшін жасап жатқан игіліктеріне де тоқталып өтті.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әрдайым «Заманауи әлемде елдің қуаты ең алдымен азаматтарының білімімен өлшенеді» деп, жастардың сапалы да заманауи білім алулары үшін бар жағдайды жасауда. Президент «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдауында цифрлық білім беру ресурстарын дамыту, кең жолақты интернетке қосу және мектептерді видеоқұрылғылармен жабдықтау жұмыстарын жалғастыруды тапсырды. Қазіргі таңда облыста жалпы орта білім беретін 293 мектептің 241-і кең жолақты интернетке қосылды, «Kүнделік» электронды журналы ақпараттық жүйесіне 124 мектеп енгізілді. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын білім саласында қарқынды жүзеге асыру үшін әлі де тыңғылықты жұмыстар қолға алынатын болады. Бұл заман талабына сай озық білім алуға жасалған жағдай. Осы уақытқа дейін қабылданған кешенді шаралар өз нәтижесін беруі де көңіл қуантады. Жұмсалған күш зая кетпеді, салған қаражат ауыз толтырып айтарлық интеллектуалдық қайтарым берді. Бұл орайда сіздердің жетістіктеріңіз тек қана сіздердің емес, ұстаздарыңыз бен ата-аналарыңыздың еңбегінің жемісі деп білемін, – деді облыс әкімі.

Жасыратыны жоқ, соңғы 10 шақты жыл көлемінде қазақстандықтар мектеп бітірген ұл-қыздарын жаппай "экономист", "заңгер", "халықаралық қатынастар" секілді мамандықтарға оқытты. Салдарынан кәсіби мамандықтар бойынша кадр тапшылығы қазірдің өзінде елімізде айтарлықтай сезілуде. Ал, сол экономистер мен заңгерлердің көбі өз мамандықтары бойынша жұмыс таппай, екінші мамандықты оқуға мәжбүр болып жүр. Сондықтан мамандық таңдар кезде еңбек нарығын зерделеп, сұранысқа қарай әрекет ету керек дейді Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев.

– Осыдан төрт ғасыр бұрын Абылай хан «Білектің заманы өтті, біліктінің заманы келе жатыр, дайынбысың әлеумет?» деген екен. Ұлы Абай да «Әсемпаз болма әрнеге, өнерпаз болсаң арқалан. Сен де кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» деген. Біз алдымызға отыз өркениетті елдің қатарына кіреміз деген үлкен мақсат қойдық. Ол үшін экономика ғана емес, әрбір азаматымыз бәсекеге қабілетті болу керек. Қазір әлемде «Жаңа мамандықтар атласы» өте танымал. Оны Ресейдің стратегиялық бастамалар агенттігі мен мәскеулік «Сколково» басқару мектебі жасаған. Мұнда роботтарды басқаратын нейроинтерфейстер жобалаушысы, интеллектуалды меншікті бағалаушы, электронды киімдер рецептісінің программисі секілді жаңа ғасырда сұранысқа ие болатын мамандықтар тізімі бар. Бұл кәсіптерді болашақта біздің балаларымыз да меңгеруі қажет. Халқымыздың асыл арманын, үлкен үмітін іске асыратын жастарымыз заман талабына сай болуы тиіс. Білімінің, кәсібилігінің арқасында алда тұрған заман шақыруларына дайын болып, мақсатына жетуге мүмкіндік алу керек, - деді аймақ басшысы.

Маңызды жиында оқушылардың көкейінде жүрген барлық сауалды облыс басшысы жауапсыз қалдырған жоқ. Басқосуда республикалық пәндік олим-пиаданың алтын медаль иегері Еламан Ерденбеков білім саласына жасалып отырған қолдау үшін облыс басшылығына алғысын жеткізді. Кездесуге келген өрендердің барлығы алға үлкен мақсат қойып, оған жету жолында аянбай тер төгуге даяр екендіктерін көрсетті.

Жоғарыда айтқанымыздай, облыста білімге басқа бірде-бір саламен салыстыруға келмейтін қолдау бар. Сәйкесінше, білімді өрендеріміз де үмітті ақтап, халықаралық деңгейдегі бәйгелерден құралақан қайтқан емес. Биыл осындай ғылыми жоба конкурстарына облыстан 41 оқушы қатысып, 46 жүлдені қанжығаға байлапты. Сонымен қатар осы жылы Мәскеудің, Санкт-Петербургтің рейтингі жоғары, маңдайалды университеттерінде білімін шыңдап жүрген, мамандығын жоғары технология мен үздік әдістемелер арқылы терең меңгерген 78 жас елге оралып, туған жерді түлетуге асығып отыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары