Қазақ тіліне аударылған «Әлеуметтану теориясы» атты еңбекте әлеуметтану теориясының туу, даму, қалыптасу кезеңдеріне тарихи шолу жасалып, бүгінгі көзқарас тұрғысынан зерделенеді. Бұл іргелі еңбек үлкен үш бөлімнен, он сегіз тараудан тұрады.
Әлемдік деңгейдегі танымал әлеуметтанушы ғалымдар Джордж Ритцер мен Джеффри Степницкидің бірлескен авторлық еңбектерінің нәтижесінде жазылған «Әлеуметтану теориясы» атты зерттеуі толықтырылып, өңделіп оныншы рет қайта басылып шыққан.
«Классикалық әлеуметтану теориясы» атты бірінші бөлімде ерте кезеңдегі әлеуметтік ойлар мен әлеуметтану ғылымының негізін қалаған сол дәуірдегі әйгілі классик теорияшылардың өмірі мен еңбектері, көзқарастары қазіргі заманғы теориялармен сабақтастырыла қарастырылған.
«Қазіргі заманғы әлеуметтану теориясы: негізгі мектептер» деп аталатын екінші бөлімде кейінгі кезеңдегі әлеуметтану теориясының мәселелері, осы уақытта қалыптасқан мектептердің өкілдері мен олардың мақсаттары, ұстанымдары, бағыттары тәрізді тарихи мән-мағынасы пайымдалған.
«Модерндік теориядан постмодерндік әлеуметтік теорияға дейін (және одан кейінгілер)» атты үшінші бөлімге жаһандану, структурализм, постструктурализм және модернизм, постмодерндік әлеуметтік теория, XXІ ғасырдағы әлеуметтік теория сынды қазіргі әлеуметтік теориялар арқау болған.
Аталмыш басылымның тағы бір ерекшелігі әлеуметтану теориясының ерте кезеңдегі тарихы (1-тарау) мен осы саладағы соңғы зерттеулерді (6-тарау) қамтитын екі тарихи тарау енгізілген.
Мәтін тым ұзақ әрі ауыр болмау үшін кейбір бөлімдер қайта жазылған. Осы тараулар студенттерге әр теорияшының жұмысын тарихи, әлеуметтік және саяси тұрғыда зерделеуге мүмкіндік беретін шолу ретінде ұсынылған. Оныншы басылымға бірқатар маңызды жаңа материалдар мен қосымшалар енгізіліп, сілтемелермен толықтырылған.
Бұл жәйт әлеуметтану теориясының үнемі дамып, жетіліп, жаңарып отыратынына бірден-бір дәлел. Басылымға енгізілген негізгі өзгерістер мен жаңа толықтыруларға біраз мысал келтіре кетейік.
Бірінші және он бесінші тарауларға отаршылдық мәселесі арқау болған. Жаңадан енгізілген материал отаршылдықтың маңызын, оның зардабы мен салдарын ашып көрсету үшін қосылды. 1 және 6-тараулардағы уақыт кестелері жаңа материалдармен толықтырылып, 1-тараудағы уақыт кестесі жаңа әрі талдауға оңай формада берілген.
Кітаптың І бөліміндегі 2–5-тараулардың соңы заманауи қосымшалармен толықтырылды. Бұл қосымша студенттердің қазіргі заманғы классикалық теорияның өзектілігін түсініп, қабылдай білулеріне сай бейімделген. Басылымдағы жаңа қосымшалардың әрқайсысында классикалық теориялық тұжырымдамаларға негізделген соңғы екі-үш зерттеу қорытындыланған.
Уақыт талабына сай бұл басылымға енген қосымшалардың сипаты өзгеріп отырса да, авторлар тарапынан қазіргі әлеуметтанудың негізгі мәселелері болып саналатын нәсілшілдік, интернет, тұтыну және қоршаған орта тәрізді тақырыптар арқау болған. 3-тарауда француздық әлеуметтанушы әрі саясаттанушы ғалымдар Э.Дюркгейм мен Г.Тардтың пікір-таластарына қатысты жаңа материалдар, сонымен қатар Э.Дюркгеймнің еңбектеріне айтылған сын-пікірлер де қамтылған.
Г.Зиммельдің еңбектеріне арналған 5-тарау оның кейінгі уақыттарда аударылған жазбаларынан алынған материалдарды қамту үшін жаңартылды. Бұл қосымша өте маңызды, себебі ол «өмір» ұғымын енгізеді, сондай-ақ Г.Зиммельдің жалпы теориясына осы ұғымның қалай әсер еткені зерделенеді.
Ал 6-тарауда ерте кезеңгі әлеуметтік ілім негізін қалаушы әйелдер мен У.Дюбуаның еңбектері бүгінгі көзқарас тұрғысынан қарастырылады. Аталмыш теорияшы ғалымның Атланта әлеуметтану мектебінің дамуына қосқан үлесі жайындағы талдау жан-жақты пайымдалады.
Заманауи феминистік теорияның өзекті мәселелерін арқау еткен 12-тарау оқулықты мазмұндық жағынан анағұрлым байытып қана қоймай, теориялық қасаңдықтан арылуға да айрықша ықпал еткені сөз болады.
Аталмыш басылымның ең маңызды жаңа қосымшасы – нәсілшілдік пен отаршылдық теориясына арналған 15-тарау. Бұл тарауда нәсілшілдік пен отаршылдық теорияларымен қатар, жергілікті халықтың заманауи теориялары туралы мәселелер қамтылған бөлім де қамтылған. Құрылымдық функционализм, жүйелер және конфликт теориясына арналған 7-тарау мен квир теориясы арнайы сөз болатын 18-тарау да осы басылымның негізгі жаңалықтарының бірі деп білеміз. Тұтынушы қоғамын зерттеудегі ең соңғы жаңалықтарға сүйене отырып, 18-тарауға өндіріп-тұтыну теориясына қатысты арнайы бөлім енгізілген. Бұл бөлім интернет және өндіріп-тұтынушылар қозғалыстарының қазіргі капитализмнің сипатын өзгерту жолдарын баяндайды. Осылайша барлық мәтін қазіргі жаңа көзқарастарға сай қайтадан жаңартылған.
Теорияның ерекшелігі – оның сабақтастығы мен әрдайым өзгеріп отыратын сипатында. Авторлар әлеуметтану теориясының осы және өзге де ерекшеліктерін оқырмандарға әсерлі болу үшін хронологиялық реттік кезеңдер бойынша беруге тырысқан.
Қазіргі сәтте балансты өндіріп-тұтыну формасы алдыңғы қоғамдарға қарағанда кеңірек таралғанын айта кету абзал. Бұл жәйттің адамзатты өндіріп-тұтынудың жаңа тәсілдеріне бейімдегеніне бірден-бір мысал дейді автор. Дж.Ритцер мен Д.Степницки өндіріп-тұтынудың жаңа мәніне айрықша ықпал еткен бірнеше тарихи факторларды атап көрсетеді. Мысалы, қызмет көрсету индустриясының өсуі және постмодерндік теорияның пайда болуы өндіріс пен тұтыну сияқты екі жағдайдың тұтастығы арасындағы айырмашылықтарды азайтты.
Бұл тарихи факторлар ішінде ең маңыздысы – өндіріп-тұтынудың жаңа мәнін айқындайтын компьютерлер мен интернет сияқты технологияларды дамыту болып отыр.
Дж.Ритцер тұтынуды бірден көбейту мен басқару сияқты параметрлерді талдау арқылы тұтыну тәсілдерінің тұжырымдамасын жасады. Бұрынғы идеяларды кеңейте отырып, оның қазіргі таңдағы теориялық-тәжірибелік қолданысының аясын кеңейтіп, жаңа сапалық деңгейге көтерді. Өндіріп-тұтынудың жаңа тәсілдерін жеңілдететін материалдық технологиялар: 3D принтерлер, сканерден өткізу машиналары, банкоматтар және адамдарға үйде отырып-ақ өздерінің маңызды органдарын бақылауға мүмкіндік беретін медициналық құрылғыларды адамзат игілігі үшін қолдануға болатынын атап көрсетеді. Бұл мысалдардан бөлек, өндіріп-тұтынудың жаңа мәні көбінесе цифрлық технологияларға байланысты екеніне айрықша тоқталып өтеді. Материалдық тұрғыдан алғанда, бұл әлдеқайда ауқымды және өндіріп-тұтынуды аралас жүргізуге мүмкіндік береді. Travelocіty, eBay, Facebook, Fourquare, YouTube және Etsy сияқты интернет-сайттар осыған мысал бола алады. Бұл іс жүзінде өндіріп-тұтынудың жаңа тәсілдерінің көпшілігі материалдық және сандық элементтерді біріктіретінін білдіреді. Олар материалдық және сандық тұрғыда кеңейтілген деңгейде жұмыс істейді. Сонымен қатар, Дж.Ритцер адамзат өндіріп-тұтынуды таяу арада «ақылды өндіріп-тұтыну машиналары» арқылы шеше алады деп болжайды. Қазіргі технологиялар өндіруші-адамның тікелей қатысуынсыз бір мезгілде өндіруге және тұтынуға бағытталған. Бұған мысал ретінде адам денесін «оқып», олардың қозғалысын қайталайтын нанотехнологияларды (Fіtbіt және смартфон) мысалға келтіреді.
Дж.Ритцер: «Көпшілік үшін белгілі смартфон өзінің ішінде деректерді жинайды және анонимді түрде осы деректерді «көлемді дерек» жинайтын компьютерлерге жібереді», – дейді. Ол бұл ғылыми-технологиялық мәні бар тұжырымы арқылы ақылды машиналар интернет көмегі арқылы бір-бірімен байланыса отырып, пайдаланушылардың араласуынсыз-ақ, адам үшін шешім қабылдайтын дистопиялық болашақты сипаттайтынын баяндайды. Өндіріп-тұтыну машинасына назар аудара отырып, осы тараудың алдыңғы бөлімдерінде талқыланған кейбір озық идеялар мен «өндіріп-тұтыну» теориясының өзара сабақтастығына тағы бір мәрте көз жеткіземіз.
Бұл еңбекте әлеуметтану теориясының мәселелері туралы студенттердің білуіне тиісті маңызды деректер қамтылған. Теорияларды өмірден алынған мысалдармен байланыстыра отырып, тереңірек талдау үшін ақпараттық және әлеуметтану тарихындағы әйгілі ойшылдар туралы мәнді библиографиялық шолулар да берілген. Оқулықтан әлеуметтану мен оның теориясына байланысты туындаған көптеген сауалдарыңызға толықтай жауап ала аласыздар. Оқулық әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс кафедрасында ғылыми редакциядан өткен.
КЕРЕК ДЕРЕК
Кітапты баспаға әзірлеген – Ұлттық аударма бюросы.
Аудармашылар – Г.Әбдікерова, Д.Бұрханова, С.Серікжанова, С.Дүйсенова, А.Мырзабекова.
Әдеби редактор – А.Ауанова, К.Сәбит, Т.Сәукетай.
Ғылыми редактор – Г.Әбдірайымова.
Жауапты редактор – Г.Әбдірайымова, З.Башбаева.
Жауапты шығарушы – З.Зақанқызы, Д.Мұхамадиев.
Пікір жазғандар – З.Шаукенова, Ш.Жаманбалаева.
Анықтама үшін:
Джордж Ритцер – америкалық әлеуметтанушы, Мэриленд университетінің беделді профессоры. Жаһандану, метатеория, тұтыну үлгілері, қазіргі және постмодернистік әлеуметтік теорияны зерттеуші ғалым. Оның кітаптары әлемдегі жиырмадан астам тілге тәржімаланған, соның ішінде «Қоғамды макональдандыру» кітабының ғана оннан астам аудармасы бар. Мәртебелі атақ-дәрежелері: Австралияның Мельбурн қаласындағы Ла Тробе университетінің құрметті докторы; Дублиндегі Тринити колледжі Университеттік философия қоғамының Құрметті патроны; Америкалық әлеуметтанушылар қауымдастығының білім беру ісіне зор үлес қосқан. Америка әлеуметтану қауымдастығының төрт секциясын – теориялық әлеуметтану, ұйымдар мен кәсіптер, әлеуметтану тарихы секцияларына жетекшілік еткен. Ғаламдық және трансұлттық әлеуметтану секциясының бірінші басқарушысы.
Джеффри Степницки – Альбертадағы (Канада) МакЭван университеті әлеуметтану кафедрасының меңгерушісі, доцент. Классикалық және қазіргі социологиялық теориядан дәріс береді. Әлеуметтік теория мәселелеріне байланысты көптеген ғылыми еңбектер мен мақалалардың авторы.
Дәурен МҰХАМАДИЕВ,
«Ұлттық аударма бюросының» редакторы, филология ғылымының кандидаты, «Әлеуметтану теориясы» оқулығының жауапты шығарушысы
Дереккөз: «Алматы ақшамы»