Жаңа ортада адамдармен танысқан сәтте немесе белгілі бір оқиға бұрын сіздің басыңыздан өткендей әсер қалдырады. Бірақ қалай әрі қашан болғанын қанша тырыссаңыз да еске түсіре алмай қиналасыз. Бұл не? Өткен өмір тәжірибесі ме әлде түйсік пе? Қаншама зерттеу жұмыстары жүргізілсе де, әлі күнге дейін дежавю құбылысының қайдан, не себепті пайда болатынына жауап табылған емес.
Дежавю феномені
Бұл – адам өмірінің бір сәтін бұрын бастан кешкеніне сенімділік танытатын ішкі сезімі. Дежавю естілген тіркестер, көрген образдар мен сезімдер арқылы іске асады. Бұл феномен бірнеше болжамдардың туындауына әсер етті. Көп жағдайда құбылысты түсіндіру үшін тылсым дүниелердің көмегіне жүгінеді. Алайда, ғылым оның басқаша түсіндірмесін табу үшін түрлі тәжірибелер мен зерттеулер жүргізуде.
Дежавю феноменін ғалымдар қалай түсіндіреді?
Дежавюді зерттеу барысында құбылыс адамның сезімі, эмоциясы деңгейінде іске асады. Дежавюді сезінген адамды бақылау әрі сараптау өте қиын. Ғылым саласындағы қиындықтардың негізі оны зертхана жағдайында шақыра алмаудан туындайды.
Бұл құбылысты зерттеуде басымдық танытқан сала психология болды. «Déjà vu» терминін француз зерттеушісі Эмиль Буарак енгізді. Қазақ тілінде мағынасы – көрілген, сезілген, бастан кешкен.
Құбылысты зерттеу барысында ғылымдар бірнеше рет мистикалық түсіндірмелермен бетпе-бет келген. Әрине, ғылыми тұжырымның аз болуы, дәлелдің болмауы осындай пікірлердің туындауына себеп болған. Эзотерикамен айналысатын адамдар дежавю құбылысын өткен өмірдің белгілері деп қабылдайды. Яғни, адам реинкарнацияға ұшыраған деген тұжырым айтады. Басқа түсіндірме болмаған соң, ғалымдар бұл пікірлер аясында жұмыс істей бастаған.
Атақты психолог Фрейдтің шәкірті К.Г. Юнг бірде дежавюді сезінген. Дегенмен, психологтың пікірінше, бұл – өткен өмірдің белгілері емес, генетикалық есте сақтау қабілетінің мүмкіндігі. Бұндай есте сақтау қабілетін Юнг қоғамда орын алатын бейсаналық психикалық үрдістердің жиынтығына жатқызған. Осылайша, адам миының бір бөлігі генетикалық жолмен естелікке ие болады. Бұл тұжырым негізінде дежавю кезінде адамдар олардың ата-бабалары бастан кешкен жағдаймен бетпе-бет келеді.
Дежавю құбылысы не себепті сезіледі?
Кеңінен тараған бірнеше себебі бар:
Психикалық ауытқу. Дежавюді сезінетін адамдардың басым бөлігінде психикалық ауытқу мен жүйке жүйесінің орнықты жұмыс істемеуі байқалған.
Эпилепсия. Талма ауруына шалдыққан адамдар дежавюді басқалардан жиі басынан кешіреді.
Күйзеліс. Дежавю құбылысын сезіну жүйкеге күш түскенде көбірек сезіледі.
Жарақаттар. Ғалымдар мидың шақалуы, бас сүйегінің зақымдану дежавюдың туындауына себеп болады деп түсіндіреді.
Санада сақтаулы сезімдер. Таңнның атуы, әдемі ғимарат секілді өзге де көру, ұстау арқылы ми қабылдаған сезімдер санада сақтаулы тұрады. Араға уақыт салып, сондай сезімдерді өзге қалада не елде сезінеді. Сол себепті ми бұрын орын алған оқиға ретінде белгі береді.
Ұмыт болған түс. Дежавю құбылысының ең қарапайым түсіндірмесі. Көп жағдайда белгілі бір нәрсе шектен тыс уайымдап, оқиғаның қалай өрбитінін өзіміздің санамызда елестетуге тырысамыз. Кейін оны түс ретінде де көреміз. Нәтижесінде есте қалмаған түстер шынайы өмірде орын алуы дежавю құбылысының туындауына себеп болады.
Дежавю саласы бойынша зерттеулер мен тәжірибелер:
Бастапқы уақытпен салыстырғанда, ғылым бұл құбылысты зерттеу саласын дамытуда ілгері жылжығанын байқауға болады. Өйткені, жаңа теориялар мен тәжірибе жұмыстарының қорытындысы пайда бола бастады.
Психоанализ. З. Фрейд дежавюді адамның ішкі жасырын ниетімен байланыстырды. Адамдар ойында түрлі оқиғаның кейіпкері бола алады. Жаңа болмыс қалыптастыруға қабілетті. Дегенмен, кей ойлағаны іске аспастан қалады. Алайда, адамның санасы оны ұмытпайды. Осылайша, ойлағаны «ойламаған» жерде іске асқан шақта дежавю құбылысы байқалады.
Нейрохирургия. XX ғасырдың ортасында Уайлдер Пенфилд эпилепсия дертіне шалдыққан адамдармен жұмыс істеген. Олардың миына аздаған электр разрядын жіберілген. Емделушінің көз алдына бейнелер келген. Кейін емделуші дежавю құбылысын сезінгенін айтқан. Сол сәттен бері зерттеушілер дежавюды ми жұмысының бұзылуымен байланыстырған.
Нейропсихология. Ғалымдар Э. Барбо мен А. Меклингер дежавюді мидың есте сақтау қабілеті бөлімінде жіберетін қатесінен туындайды дейді. Ми бұрын ұмыт болған ақпаратты беру арқылы, оны жаңа, тың ақпарат түрінде қабылдайды деп түсіндірген.
Мидың жұмысы неге дежавюмен байланысты?
Бірнеше мыңдаған зерттеу нәтижесінде мидың гиппокамп аймағы мен ми сыңарлары дежавюдің туындауына себеп болады.
Гиппокамп. Мидың бұл бөлігі ақпаратты жинайды, сараптайды және сақтайды. Ол адамға өткен мен бүгінді ажырата білуге көмектеседі. Адам гиппокамп арқылы кітапты бұрын оқығанын, фильмді көргенін, адаммен таныс екендігін ұғады. Бірақ жаңа мен ескі ақпарат арасындағы шекара бұзылып, гиппокампқа күш түскен жағдайда оның жұмысы бұзылады.
Ми сыңарлары. Ғалымдардың тұжырымы бойынша, мидың екі сыңары ақпараттың жинақталуына екі түрлі жауап береді. Сол ми сыңары өзекті мәселеге, ал оң сыңары ескі ақпаратқа жауап береді. Ми сыңарларының жұмысында ақау пайда болса, ақпараттар өзара алмасуы әбден мүмкін.
Бадамша тәрізді дене. Мидың бұл бөлігі адамдардың эмоциясына жауапты. Көбіне уайым мен қорқыныштың негізі саналады. Аталған ми бөліктерінің жұмыстарында ақаудың пайда болуы қан қысымы, шаршау, күйзеліс пен қатты уайымнан болуы мүмкін.
Дежавю – ғылым сырын әлі ұқпаған құбылыс. Осы уақытқа дейінгі зертеулерде мүмкін себептер мен олардың нұсқалары ұсынылды. Бірақ әлі де жауабы табылмаған сұрақ күйінде қалады.
Дереккөз: Massaget.kz