$ 486.44  534.31  5.06

15 миллион теңге тұрады: Әлия Назарбаева Абай атындағы жаңа мектепке бір кабинет ашып берді

«Кабинетте 10 ноутбук, интерактивті панель бар. Ноутбуктар Америкадан әкелінді. Әрбіреуінің құны – 1,5 миллион теңге».

Үкімет басшысы Асқар Мамин елордада Абай Құнанбаев атындағы №87 мектеп-гимназиясының ашылу салтанатына қатысты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Sputnikке сілтеме жасап.

Білім күнінде ашылып отырған бұл 900 оқушыға шақталған жаңа мектеп Амангелді Иманов пен Евгений Брусиловский көшелерінің қиылысында орналасқан.

Асқар Мамин келесі жылы Абайдың туғанына 175 жыл толатынын атап өтіп, бас ақынның атындағы білім ордасына ерекше сый жасады.

«Қазіргі заманда адам өмір бойы білім алуы керек. Сіздердің білім деңгейлеріңіз заман сұранысына сай және бәсекеге қабілетті болуы қажет. Біз сіздерге сенім артамыз. Сондықтан мектептің ашылуына орай арнайы сыйлық әзірленді. «Қоғамдық маңызы бар бастамалар» қоры атынан заманауи компьютерлермен және 3D интерактивті технологиялармен жабдықталған қоршаған ортаны танып-білу кабинетін сыйға тартамыз», – деді ол.

Сондай-ақ, «СарыарқаАвтопром» зауыты да оқушыларға әлемдік стандарттарға сай мектеп автобусын сыйға тартқанын жеткізді.

Мектептің ашылу рәсіміне Экологиялық ұйымдар қауымдастығы президиумының төрайымы Әлия Назарбаева, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов және қалалық Білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин де қатысты.
Олар Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай ашылған «Абайтану» кабинеті мен мектеп мұражайын аралады.

Әнуар Жанғозин жаңа мектептегі оқушылар қаладағы үш ауысымды №16 және №5 білім ордаларынан ауысқанын айтты. Атап айтқанда, Абай атындағы №87 жаңа мектеп қазақ тілінде білім береді.

Осы орайда, STEM академиясының ғылыми зерттеулер бойынша директоры Мағжан Қыстаубаев Әлия Назарбаеваның қоры №87 мектепке 15 миллион теңгенің кабинетін сыйға тартқанын айтты.

«Бұл кабинетте оқушылар барлығын виртуалды түрде көреді. Мәселен, физика, химиядан эксперимент жасасаң, мұндағы компьютерлердің көмегімен барлығын анық көруге болады. Тіпті, адам ағзасын көруге мүмкіндік бар. Бұл кабинетті жөндеуге, мұндағы құрал-жабдықтарға 15 миллион теңге жұмсалды. Кабинетте 10 ноутбук, интерактивті панель бар. Ноутбуктар Америкадан әкелінді. Әрбіреуінің құны – 1,5 миллион теңге. Қаржыны Әлия Назарбаеваның қоры бөлді», – деді Мағжан Қыстаубаев.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары