$ 495.2  522.34  4.94

Адам өміріне жауапты мамандықтарға талап күшейтілді

Енді аталмыш маман даярлау саясатына жұмыс берушілер жанама түрде араласпақшы. Ол үшін әр мамандық бойынша кәсіби стандарт бекітіліп, білім беру бағадарламалары сол стандартқа сай бейімделеді.
Фото: pixabay.com
Фото: pixabay.com

Адам өміріне жауапты мамандық иелеріне маңызды талап қойылды, деп жазады bugin.kz.

Алдағы екі жылдың ішінде еңбек нарығындағы жұмысшылардың 60%-ы жаңа талап бойынша іріктелетін болады. Сол үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Білім және ғылым министрлігіне «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп жыл аяғына дейін кәсіби стандарттарды белгілеу жүктелген болатын. Премьер-министр Асқар Маминнің қатысуымен осы тұрғыда атқарылған жұмыстардың қорытындысы шығарылды.

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіби стандарттарды дайындау барысында елдегі жұмыспен қамту орталықтарына жұмыс іздеп барған адамдар арасында сауалнама жүргізіпті. Жүгінушілердің 59%-ы қолында университеттің немесе колледждің дипломы бар екенін айтқан. Яғни, диплом қазір маманның жұмысқа орналасуына кепіл бола алмай тұр. Ал Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің сөзіне қарағанда, қолданыстағы білім бағдарламаларының тек 32%-ы ғана жұмыс берушілердің көңілінен шығып отыр. Жоғары оқу орындарының рейтингін түзу барысында 2018 жылы диплом алған түлектердің 74%-ы жұмыс тапқаны анықталған. 

Енді аталмыш маман даярлау саясатына жұмыс берушілер жанама түрде араласпақшы. Ол үшін әр мамандық бойынша кәсіби стандарт бекітіліп, білім беру бағадарламалары сол стандартқа сай бейімделеді.

«Еңбек» кодексі бойынша 2016 жылдан бері «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы  кәсіби стандарттарды бекітіп келеді.  Жыл соңына дейін 480 кәсіби стандарт бекітілуге тиіс болатын. «Атамекен» палатасына әзірге 319 стандарт өткіздік. Бұл 480 стандарт жұмыс істеп жүрген қазақстандықтардың 60%-ын қамтиды. Нақты айтсақ, 2500 мамандық бойынша жұмыс істейтін 6,5 млн адам деген сөз. Кәсіби стандарттарды дайындамай тұрып, Білім және ғылым министрлігі ұлттық біліктілік шектерін бекіткен болатын. Мысалы, бұрын дәнекерлеушілер 6 санатқа бөлінсе, енді 8 шек бойынша біліктілігін анықтайды. Сегізінші шек ең білікті дәнекерлеушіге беріледі», – дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің кеңселік жоба жетекшісі Ерасыл Жұманбаев.

Кәсіби стандарт тек жоғары оқу орнын бітірген мамандардан ғана талап етіледі деген сөз емес. Кәсіби-техникалық колледжден диплом алғандар мен жұмысшылар санатының барлық өкілі осы стандарттар бойынша іріктелетін болады.

«Атамекен» палатасы еліміз бойынша 30 сертификаттау орталығын аттестациялады. Келесі жылы сертификаттау бойынша әдістемелік жоба іске асады. Яғни, саланы реттейтін заң жобасын дайындаймыз. Ең әуелі 480 кәсіби стандартты қамтитын 9 сала бойынша сертификаттау әдістемесі бекітіледі. Шартты түрде айтсақ, қызметкер әр үш жыл сайын сертификаттау орталығы арқылы біліктілік сынынан өтіп отырады. Егер сәтті өтсе, біліктілік шегінің келесі сатысына көтеріледі. Нәтижесі нашар болса, қайта оқытуға жіберілуі мүмкін. Сертификаттау қызметі ақысыз болмайтыны түсінікті. Келесі жылы қабылданатын заң жобасында қызметкерді сертификаттау ісін жұмыс беруші есебінен жүзеге асыруға басымдық берілген. Десе де бұл мәселенің басы әзірге ашық», – дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілі.

Оның айтуынша, кәсіби стандарттар бірінші кезекте «Еңбек» кодексінде айқындалған «реттелетін мамандық» иелерінен талап етілмек.

«Әсіресе 6 өрт сөндіруші, дәрігер, ұшқыш сияқты адам өміріне тікелей жауапты кәсіп иелерін міндетті түрде сертификаттаудан өткізуге басымдық береміз. Бүгінгі жиында Үкімет басшысы Асқар Мамин сертификаттау жүйесін жеделдетіп енгізуді тапсырды. Кәсіби стандарт деген ұғымды жұмыс берушілердің болашақ мамандарға қоятын талабы деп түсіну қажет. Барлық стандарт солардың талабы бойынша дайындалды. Мысалы, журналистердің кәсіби стандартын Журналистер қауымдастығы ұсынды. Енді Білім және ғылым министрлігі дуальді оқыту мен халықаралық тәжірибелерді енгізе отырып, сол стандарт бойынша білім беру бағдарламасын ұсынады. Болашақ журналистер университет пен колледжде сол бағдарлама бойынша білім алатын болады», – дейді Ерасыл Жұманбаев.

Кәсіби стандарттар толық бекітіліп, соған негізделген бағдарламалар бекітілігеннен кейін ғана мамандарды біліктілік шектері бойынша іріктеу жүзеге асырылады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#мамандық