$ 494.87  520.65  4.91

Мейрамхана да балабақшаға айналды: оралдық кәсіпкерлер мемлекеттік көмекті құр жібермей жатыр

Әр балаға мемлекеттік тапсырыс бойынша бюджеттен 29 мың теңге бөлінеді. Бұдан бөлек, ата-ананың төлейтіні тағы бар. Нәтижесінде, балабақша ашу тиімді бизнес көзіне айналғандай.

Бір ғана Орал қаласында бүгінде 58 жеке балабақшада 4 мыңға жуық балдырған мемлекеттік тапсырыс бойынша тәрбиеленуде. Әр бүлдіршін үшін ай сайын бөбекжай иесіне 29 мың теңге төленеді. Осы істің тиімділігіне көз жеткізген кәсіпкерлердің құлшынғаны сонша, тіпті, бүгінде мейрамханаларын жауып, орнына балабақшалар ашып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тұрғын үй құрылысы қарқын алғалы қаланың солтүстік-шығыс бөлігі адам танымастай өзгерді. Жаңа шағын аудандарда халық тығыз қоныстанған. Сол себепті де мұнда балабақша тапшылығы айқын сезіледі. Есесіне, аяқ басқан сайын кафе-тойханаларға тап боласың. Алайда, қаптаған көңіл көтеру орындарынан түсер пайда соңғы кезде азая бастаған сыңайлы.

«Бұрын бұл жақ бос тұрды. Мен мейрамхана салған кезде көңіл көтеру орындары бұл ауданда болмады. Қазір қаптап кетті. Осы жерде қанша үй бар, ал балабақша жоқ. Сондықтан бөбекжай ашам дегендерге ғимаратты жалға беріп жатырмын», - дейді ғимарат иесі Александр Манасян.

Мектепке дейінгі мекеме бір ай бұрын ашылыпты. Қазір мұнда 70 балдырған бар. Оларға барлық жағдай жасалған. Бұрынғы сауна тұзды шахтаға айналса, бильярд залының орнына сауықтыру бөлмесі орналасқан. Әр баланың ата-анасы 40 мың теңге төлейді. Мемлекеттік тапсырысқа қол жеткізген соң, баға 12 мың теңгеге түспек.

Мейрамхана ғимаратын жалға алған кәсіпкер Мұрат Қуанышқалиев бұл өзінің бесінші балабақшасы екенін айтады. Тойхананы қайта жабдықтап, жиһаз сатып алу үшін ол 20 миллион теңге жұмсапты. Мемлекеттің қолдауы арқасында қаржының қайтарымы боларына сенеді.

«Үлкен балабақша ашу арманым болатын. Сондықтан тәуекелге барып, несие алдық. Жалақыны ғимаратты жалдауға төлейміз, коммуналдық қызмет тағы бар. Егер мемлекет тарапынан жан басына қаржыландыру болмаса, ата-аналарға ауыртпалық түсер еді. Онда әр балаға ата-ана кем дегенде 50 мың теңге төлер еді», - дейді кәсіпкер.

Әрбір балаға мемлекеттік тапсырыс бойынша бюджеттен 29 мың теңге бөлінеді. Бұдан бөлек, ата-ананың төлейтіні тағы бар. Нәтижесінде, балабақша ашу тиімді бизнес көзіне айналғандай. Мысалы, 2 жыл бұрын Оралда 23 балабақша болса, бүгінде мектепке дейінгі жеке мекемелердің саны 60-қа жуықтапты.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары