ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Дидар Смағұлов facebook-тегі парақшасында Ufuture компаниясына қатысты шағымын жариялады, деп хабарлайды Baq.kz.
"БҒМ-ға кезекті ақпараттық шабуылдың куәсі болдыңыздар. Олар бір ресурстарды ғана пайдаланады. Бұл жолы үлкен калибрлі адам қосылды. Мүмкін, бірден жауап беру керек еді, бірақ, сіз нақты істермен айналысып, тәулік бойы жұмыс істеген кезде әртүрлі интригаларды талдауға уақыт таппайсыз. Медиа шантаж біреудің "аранын" жапқанынан немесе біреудің ғасырлық схемаларын құлатқаннан кейін басталғанын білесіздер", - деп жазды Дидар Смағұлов.
Смағұлов бұл жолы мәселе қандай компанияға қатысты екенін айтты.
"Бұл жолы бәрі әлдеқайда қызықты, өйткені, қоғамда теріс пікір қалыптастыру бойынша классикалық науқанды біз өткен жылы өзіміз қолдаған адамдар бастады. Мен өткен жылдың қараша айында министрлік МЖӘ шартын жасасқан UStudy деген атпен танымал UFuture компаниясының «оскарлық» мәлімдемелері туралы айтып отырмын.
Олар 2017 жылы жұмысын бастаған еді. Ол кездері жобаның бюджеті де басқа болған. Олар мемлекеттен өздерінің қызметі үшін қомақты қаражат алуды көздеді", - деді ол.
Смағұлов атап өткендей, былтыр білім министрлігі тесттердің ашықтығын арттыруды қолға алмағанда, олардың жобасы тұрып қалатын еді.
"Компания бұл тесті шығарады, мемлекет ақша үнемдеп, ештеңе төлемейді. Тек компания ақылы тест жасауға құқық алады. Олар желіні 20-дан 100-ге дейін арттыруға уәде берген еді. Ашықтық пен қауіпсіздікті ұсынуы керек еді. Өкінішке қарай, компанияны қанша қолдайық десек те, тәжірибе жүзеге аспады", - деді ол.
Ол ҰКТ жеткізу 10 күнге кешіккенін айтты.
"2019 жылдың қарашасында ҰКТ жеткізу 10 күнге кешікті. Тестілеудің алғашқы 10 күнінде өңірлік ұстаздар елорда мен Көкшетауға UStudy тестілеу орталықтарына барып, жұмыс істемейтін бағдарламаға тап болды", - деді ол.
Смағұлов айтқандай, ауылдық мұғалімдерге обал болды, олар аудандардан таңғы бестерде шығып, 7-де жұмыс істемейтін компьютерлер алдында отырды.
"Нәтижесінде, кешірім сұрап, әр педагогке тестті кейін тапсыру мүмкіндігін бердік", - деді ол.
Смағұлов компания мемлекет үнемділігін ұстаздардың мойнына артып қойғанын айтты.
"Олар өз еріктерімен 260 теңге тұратын тесттің бағасын 2500 теңгеге дейін арттырып қойған. Біздің бағаны төмендету ұсынысын жауапсыз қалдырды. ТЖ кезінде халық үшін тестілеуді тегін қылды. Олар ҰБТ мен өзге тестті "тегін" шығаруды неге қолдайтынын түсінікті шығар? Жыл сайын 130 мың бала мектеп бітіріп, ҰБТ тапсырады ғой", - деді ол.
Дидар Смағұлов атағандай, UStudy компаниясын кейбір ұйым қолдап отыр.
"Олар осы қолдау арқылы нарықтағы өзге ірі білім беру орталықтары мен жеке кәсіпкерлердің жолын кесіп отырғанын түсінбесе керек. UStudy мүшелері таратып жүрген жалған ақпаратқа тоқталсам, барлық жерде 35 тестілеу орталығын қаржыландыруға Дүниежүзілік банктен 8,074 млрд теңге бөлінгені туралы ақпарат жүр. Бұл жала жабу. Оның нәтижесін сот көрсетеді деп ойлаймын", - деді ол. Ол атағандай, 35 орталықты ашу жоспарда болған. Бірақ оның құны әрі кетсе 1,5 млрд болады. 8 млрд емес. Смағұлов аталған ұйымға бірнеше талап қойғандарын айтты.
"Егер де ол талаптарды компания орындамайтын болса, сот арқылы олармен келісімді бұзамыз", - деді ол.