31.05.2021, 11:00

«Мемлекетке қызметімді аяқтаймын»: Ұлттық тестілеу орталығының басшысы жұмыстан кетті

фото: sputnik.kz
Дидар Смағұлов мемлекеттік салада жеті жыл қызмет еткенін, енді басқа белестерді бағындыруға бел байлағанын айтты.

Білім министрлігі Ұлттық тестілеу орталығының басшысы Дидар Смағұлов жұмысын ауыстыратынын мәлімдеді деп жазды sputnik.kz.

"Мемлекетке қызметімді аяқтаймын! Достар, осымен ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығы директоры лауазымынан өз еркіммен кетемін! 7 жыл бойы мемлекеттік салада қалтқысыз қызмет еттім... енді басқа белестерді бағындырар уақыт келді!", - деп жазды ол әлеуметтік желіде.

Смағұлов білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке "түрлі сынға қарамай, осы жауапты лауазымға тағайындап, сенім білдіргені үшін" алғысын айтты.

"Иә, ҰБТ мен үшін аяқталған жоқ: осыдан кейінгі жұмысымды министрдің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша штаттан тыс кеңесшісі ретінде жалғастыра бермекпін (қандай да бір ақысыз)", - деді ол.

Сонымен қатар Смағұлов енді әділ ҰБТ-мен айналысатынын жеткізді.

"Дидар ағай кетті, ҰБТ-да көшіруге болады" деп ойлайтындар опық жейді. Енді мен басқа нәрселерге алаңдамай, тек ҰБТ-ның әділдігімен айналысамын!", - деді экс-басшы.   Сондай-ақ ол өзіне толық еркіндік қажет болғанын атап өтті.

Еске салсақ, Қазақстанда 6 мамыр мен 30 маусым аралығында Ұлттық бірыңғай тестілеу өтіп жатыр. Мектеп түлектері алғаш рет тесті электронды форматта тапсыруда. Биыл ҰБТ-ға 140 мыңға жуық бала қатысады.