Биылғы ҰБТ тапсырғандар арасында павлодарлық түлек Данияр Уәлиев бірінші болып ең жоғары –140 баллды жинады. Әзірге ол мұндай көрсеткішке жеткен жалғыз оқушы, деп хабарлайды Stan.kz.
Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігі жанындағы қоғамдық кеңестің мүшесі, «Білім-Инновация» қоғамдық қорының қызметкері Нұрбол Төлебаев Facebook парақшасында мәлім етті.
«Сүйінші! Оқушымыз ҰБТ-дан 140 балл алды. Қорымыз жариялаған соңғы үлгідегі MacBookPro М1 иеленген Данияр Арманұлы Уәлиев – Павлодардағы ер балаларға арналған «Білім-Инновация» лицейінің биылғы түлегі. Алтын белгі үміткері. Жүзуден спорт шеберіне үміткер. Бірнеше мәрте ҚР чемпионы. Жалпыресейлік жарыстардың жүлдегері. Nur Sultan Оpen халықаралық жарысының чемпионы», – деп жазды Нұрбол Төлебаев.
Айта кетейік, биыл түлектер ҰБТ-ны екі рет тапсыра алады. Сөйтіп, ең жақсы нәтижесі бар сертификатпен мемлекеттік білім грантын тағайындау конкурсына қатысады.