$ 444.22  476.38  4.82

«Бұл сайлау өткен жылы өткен референдумның нәтижесі» - Шетелдік сарапшылар

Мәжіліске алты партия өтті.
Фото: zakon.kz
Фото: zakon.kz

Мәжіліс және мәслихат депуттарының кезектен тыс сайлауының нәтижесі де белгілі болып қалды. Алдын ала жүргізілген exit-poll қорытындысы бойынша дәл қазіргі таңда Мәжіліске алты партия өтіп тұр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. 

Олар Аманат (53,33%), «Ауыл» (11,26%), «Ақ жол» (8,87%). Қазақстан халық партиясы (6,93%), Республика (8,33%) және Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы (5,12%) болып отыр. Ал «Байтақ» жасыл партиясы өте алмай қалды. Ол ең аз дауыс (2,51%) жинағанын айта кету керек.  
Жалпы бұл сайлау соңғы 20 жыл ішіндегі саяси науқандарға қарағанда өзгеше болғанын атап өту керек. Өйткені бұл жолы сайлау бюлетендерінде «Бәріне қарсымын» деген арнайы баған болды. 

Сонымен қатар сайлауға бір мандатты үміткерлер бағын сынап көрді. Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында аралас сайлау жүйесін енгізуді бастама етіп көтеріп, пропорционалды және мажоритарлық сайлау жүйесін бірге қолдануды ұсынған болатын. 
Тағы бір ерекшелігі биылғы сайлауға сайлаушылардың 54,19 пайызы қатысқан. Бұл 19 жыл ішіндегі ең төменгі көрсеткіш болып отыр.  
Бірақ соған қарамастан сайлау барынша әділ, ашық өтті деуге болады. Саяси науқанға қатысқан партиялар exit-poll қорытындысына толықтай қанағаттанатындарын білдіріп, арнайы мәлімдеме жасап үлгерді.  

Мәселен, «Ақ жол» партиясы сайлау лайықты деңгейде және заң талабына сәйкес өтті деп есептейді. Ашықтық пен бәсекелестіктің мұндай деңгейі Мемлекет басшысының саяси реформалары арқасында мүмкін болды, соның нәтижесінде сайлау жүйесінде елеулі өзгерістер жасалды: аралас пропорционалды-мажоритарлық модельге көшу, азаматтық белсенділер мен тәуелсіз кандидаттардың саяси процеске белсенді араласуына мүмкіндік берді. Қатысушыларға сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге де, дауыс беру барысын бақылауға да жан-жақты мүмкіндіктер жасалды», - делінген аталмыш партияның мәлімдемесінде. 

Respublica партиясы да 8,9 пайыз дауыстың жақсы көрсеткіш екенін атап өткен.  
«2023 жылдың 19 наурызы – Respublica партиясының тарихында ерекше күн. Respublica тарихқа ҚР Парламентіне өткен алғашқы сайлау күні ретінде енеді! 
Әрине, бұл – өз қызметін 2 ай бұрын бастаған жаңа партия үшін жақсы көрсеткіш, бірақ бұдан да жоғары нәтижеге жетуіміз керек еді! 
Қазақстан халқына таңдауы, сенімі үшін шын жүректен алғыс айтқым келеді! Сайлау алдындағы кезеңде және сайлау күні көрсеткен қолдауларыңызды біз ешқашан ұмытпаймыз!» - деп ел халқына рахмет айтты.   

Сол секілді «Ауыл» партиясы да сайлаудың заң нормаларына сәйкес өткендігін растап отыр. Партия жетекшілерінің айтуынша, үгіт насихат жұмысы, сондай-ақ кандидаттарымызды тіркеу барысында қысым, шектеу әрекеттері тіркелген жоқ. 

«Мәжіліс пен мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауы Президент бастамасымен 2022 жылы өткен Конституциялық реформалардың заңды жалғасы болды. «Ауыл» партиясы пропорционалды жүйе арқылы, ал оның қатарындағы азаматтар өз конституциялық құқықтарын пайдаланып, бірмандаттық округ бойынша сайлану мүмкіндігін еркін қолданды. 

«Ауыл» партиясы сайлау заң нормаларына сәйкес, әділ, ашық және тиісті деңгейінде өткендігін растайды. Үгіт насихат жұмысы, сондай-ақ кандидаттарымызды тіркеу барысында қысым, шектеу әрекеттері тіркелген жоқ», - делінген партияның арнайы мәлімдемесінде. 

Айтпақшы, Мәжіліске ілінбей қалған «Байтақ» партиясы да сайлауға қатысты шағымдарының жоқ екенін атап өткен. «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев партияның экзит-полл қорытындысы бойынша Парламентке өтпегеніне қарамастан, ұсынған бағдарлама бойынша өз бетінше жұмыс істей беретінін айтты. 
«Қазақстан Республикасы Президентінің саяси реформаларының арқасында жеті жыл бойғы сәтсіздіктерден кейін «Байтақ» партиясын тіркеуге қол жеткіздік. Сайлау алдындағы өткен айда біздің ұжым Қазақстанның барлық аймақтарын аралап шықты. Халық тарапынан көтерілген 500-ге жуық өткір де түйінді сауалдарды жинап, партия бағдарламасына енгіздік. Экзит-полл нәтижесі бойынша біздің партия парламентке өткен жоқ. Бірақ «Байтақ» партиясы өз күшімен ұсынған бағдарламасы бойынша жұмысты жалғастырады. Парламенттің жаңа құрамына ел игілігі үшін жұмыс істеуге тілектеспін», - деп жазған «Байтақ» партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев Facebook парақшасында. 

Тағы бір айта кетерлігі, шетелдік сарапшылар да сайлауда айтарлықтай заң бұзушылықтар болмағанын айтып жатыр. Мәселен, Түркі мемлекеттері ұйымы Қазақстандағы сайлауға қатысты жоғары баға берді.  
Түркия мемлекеттерінің Парламенттік Ассамблеясының Миссия басшысы, Түркия Ұлы Ұлттық Жиналысының мүшесі Реджеп Шекер «Кезектен тыс депутаттар сайлауы заңнамалық реформалар аясында өтті. Шетелде 62 елде 77 сайлау учаскесі құрылып жұмыс істеді. Түркия байқаушылары сайлау науқаны жөнінде толық ақпарат алды. Бірқатар жәшіктерді ашудан бастап, дауысты санауға дейінгі кезеңдерге қатысты. Сайлау ашық, бейбіт жағдайда өтті деп бағалаймыз», - деді сайлауға қатысты өз бағасын беру барысында. 

Жалпы Мәжіліс және мәслихаттар сайлауын 793 шетелдік байқаушы қадағалады. Олардың 131-і 41 мемлекеттен және 662-сі 12 халықаралық ұйымнан келді. Сонымен қатар, парламенттік сайлауда Еуропа елдері де айрықша белсенділік танытқан. Бір ғана ЕҚЫҰ-ның өзінен 400-ден астам өкіл келіп қатысты.  
 
Ұлыбритания Парламентінің мүшесі Даниэль Кавчински сайлауға дайындықтың жоғары деңгейде өткеніне таңқалысын білдірген. Ол өз сөзінде  
Қазақстанның қысқа уақыт ішінде демократияны қалыптастары білгеніне ризашылығын білдірген.  

Ал АҚШ-тан келген байқаушыларды адамдардың ынта-ықыласы қызықтырған. Олардың айтуынша, АҚШ-та сайлау бейсенбі күні өтеді. Халық осы себепті көбіне жұмыстан босай алмай, өз таңдауына жасай алмай жатады. Ал сайлаудың жексенбіге қойылуы адамдардың толықтай таңдау жасауына мүмкіндік береді.  
 
Қырғызстаннан келген сарапшылар «бәріне қарсымын» бағанға қатты қызығушылық білдірген.   
Хорватия мен Литва байқаушылары бұл сайлаудың ашықтығын өткен жылы өткен референдумның нәтижесі деп бағалаған.  

«Бұл сайлау өткен жылы өткен референдумның нәтижесі. Нәтижесі халықты қуантады деген ойдамыз. Біз тек қана сайлау учаскелеріне ғана емес, штаб пәтерлерде де болып, бағдарламалармен таныстық. Әр партияның саяси шешімдеріне үлкен баға беруге болады. Конституцияға енгізілген өзгертулерменде танысып, тың нәтижелер күтеміз. Бізге де кімнің жеңімпаз атанатыны қызықты», – дейді Хорватия Конституциялық сотының судьясы Мато Арлович. 
  
Оның айтуынша, сайлауда шынайы бәсеке байқалған. 
  
«Барлық мәселелер қарастырылып, жаңа заңнама қабылданған екен. Демократизацияны барлығымыз айтып жатсақта, Қазақстан бұл процесті жеделдете білді. Көп партиялы жүйе мемлекеттің саяси өміріне үлкен өзгеріс әкеледі. Шынайы бәсекелестік байқалып сезілді. Парламент пен үкіметткің кез келген шешімі қоғамның қалауымен тікелей байланысты болуы керек», – деп атап өткен Қазақстан-Литва парламентаралық ынтымақтастық тобының төрағасы Эдмундас Пупинис.  
Ең маңыздысы бұл саяси науқан жалпы Орталық Азия елдеріне келгенде сыни тұрғыда қарайтын Еуропа елдерінің де көңілінін шығып отырғанға ұқсайды. ЕҚЫҰ Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының (ДИАҚБ) сайлауды қадағалау жөніндегі миссиясының басшысы Оуэн Мерфи кезекті сайлаудан шынайы бәсекелестік барын айтқан.  
Біз сайлауды бақылауды ақпанда бастадық. Осы уақыттан бері әр мәселені назарға алып, қадағалап келеміз. Біздің 350-ге жуық байқаушымыз Қазақстанның бүкіл өңірінде байқау жүргізіп жатыр. Біз осы айдың соңына дейін осында боламыз. Өйткені сайлаудан кейін арыз-шағым түсуі мүмкін. Осы мәселелерді тәуелсіз зерделеу үшін жұмысты одан әрі жалғастырамыз, - деп атап өткен Оуэн Мерфи. 
Жалпы еліміздегі саяси науқанға алыс-жақын шетелден 236 журналист келіп келіп қадағалап отырған. Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенконың айтуынша, 12 халықаралық ұйым мен 41 шет мемлекеттен аккредиттелген шетелдік байқаушылардың жалпы саны 793 адамды құраған. 

Өңірлерде барлығы 682 тренинг пен семинар өткізіліп, 18 мыңнан астам байқаушы тартылған.  
Қысқасы сайлау барысы бастан-аяқ халықтың назарында болды деуге болады. 16 сағат бойы тікелей эфирден «Сайлау-2023» онлайн марафоны болды.  
Шын мәнінде бұл сайлау – елімізде жүріп жатқан саяси трансформацияның басты көрінісі болды деуге болады. Өйткені әр сағат сайын жедел баспасөз конференциялары ұйымдастырылып, халықаралық байқаушылар, сарапшылар, Бас прокуратура, Ішкі істер министрлігінің өкілдері дауыс беру барысына қатысты соңғы ақпараттармен бөлісіп отырды. 
Соынмен қатар  «Сайлау ерекшеліктері», «Парламент пәрмені», «Мәслихат мінбері», «Мемлекеттік басқару реформасы», «Инвестиция», «Монополия және олигополия» сияқты саяси-қоғамдық тақырыптар талқыланатын «Дискуссия» алаңында спикерлер өз пікірін білдіріп қоғамның негізгі талаптарын  ортаға салып отырды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары