$ 444.22  476.38  4.82

Тоқаев өңір мемлекеттері үшін стратегиялық маңызы зор 6 бағытты атады

Қасым-Жомарт Кемелұлының атап өтуінше, Қазақстанның Еуропалық Одақпен өзара іс-қимылы 29 негізгі бағыт бойынша белсенді дамып келеді.
Фото: t.me/aqorda_resmi
Фото: t.me/aqorda_resmi

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мемлекеттері мен Еуропалық Одақ басшыларының екінші кездесуіне қатысу үшін Шолпан-Ата (Қырғызстан) қаласына жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан мен ЕО стратегиялық серіктес

Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев және Түрікменстан Министрлер Кабинеті төрағасының орынбасары Нұрмұхаммет Аманнепесов қатысатын саммит басталмас бұрын Мемлекет басшысы Еуропалық Кеңес Президенті Шарль Мишельмен кездесу өткізді.

Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев Шарль Мишельге ілтипат білдіре отырып, Қазақстан Еуропалық Одақпен стратегиялық серіктестікке баса мән беретінін атап өтті.

Еліміздің Еуропалық Одақпен жасаған Кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімі берік қарым-қатынастардың жаңа кезеңіне жол ашты. Бүгінде ЕуроОдақ – Қазақстанның жетекші сауда серіктесі және экономикамыздың ең ірі инвесторы.

Өз кезегінде Шарль Мишель ЕуроОдақ пен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқанын жоғары бағалап, өзара қарым-қатынасты одан әрі дамыту үшін бірлесе жұмыс істеу керек екенін атап өтті. Сондай-ақ олар жаһандық және өңірлік күн тәртібіндегі мәселелер жөнінде пікір алмасты.

photo

Президент саммитте қандай мәселелер көтерді

Мемлекет басшысының пайымынша, Орталық Азия мен Еуропалық Одақ ынтымақтастығының болашағы шын мәнінде кең көлемді.

Өткен жылдың қорытындысында ғана еуропалық инвестициялар ағыны 23 пайызға артып, 12,5 миллиард долларға жетті. Жалпы, 30 жыл ішінде Қазақстанға тартылған 350 миллиард долларлық тікелей шетелдік инвестициялардың жартысына жуығы Еуропадан құйылды.

«Еуропалық Одақ - Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі болып отыр. Біздің сыртқы саудамыздың 40 пайыздан астамы оның үлесіне тиесілі. Өткен жылы Қазақстанның ЕО елдерімен өзара тауар айналымы көлемі 40 миллиард долларды құрады. 2025 жылға қарай бұл көрсеткішті 50 миллиард долларға жеткізуге барлық мүмкіндігіміз бар деп санаймын», - деді Президент.

photoҚасым-Жомарт Кемелұлының атап өтуінше, Қазақстанның Еуропалық Одақпен өзара іс-қимылы 29 негізгі бағыт бойынша белсенді дамып келеді.

Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттермен кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісім бар. Қазақстанда Shell, Eni, Total, Air Liquide, Alstom, Siemens және басқа трансұлттық корпорацияларды қоса алғанда, еуропалық капиталдың қатысуымен 3 мыңнан астам компания жұмыс істейді.

«Былтыр қараша айында Еуропалық Комиссияның Президенті Урсула фон дер Ляйенмен бірге тұрақты шикізат, аккумуляторлар және жаңғыртылатын сутектің құнын жасақтау тізбегі бойынша стратегиялық серіктестік туралы меморандумға қол қойдық. Біздің көпқырлы ынтымақтастығымызды одан әрі дамыту үшін мүмкіндік мол. Географиялық жағдайын ескере отырып, Қазақстан Орталық Азия мен Еуропалық Одақ арасындағы өзара тиімді кооперацияны кеңейту үшін өзінің сауда-экономикалық және көлік-логистикалық мүмкіндіктерінің барлық спектрін іске қосуға дайын», - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өңір елдері үшін стратегиялық маңызы зор 6 бағыт

Президент саммит барысында тек Қазақстан үшін ғана емес бүкіл өңір үшін Еуропалық Одақпен ортақ мүддеге сай келетін нақты 6 бағытты атады.

Оның біріншісі – тауар айналымын ұлғайту.

«Өткен жылы Қазақстан мен ЕО елдері арасында азық-түлік тауарлары бойынша өзара сауда көлемі 35%-ға артып, 1 миллиард долларға жуықтады. Мұнымен шектеліп қалмаймыз. Қазір біздің фермерлер дәнді және майлы дақылдардың, басқа да өнімдердің экспортын арттыруға дайын. Аграрлық саладағы өзара әлеуетті пайдаланып, өңірлеріміздің азық-түлік қауіпсіздігін айтарлықтай нығайта аламыз», - деді Мемлекет басшысы.

photo

Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткен екінші бағыт – көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту.

«Орталық Азия «Қытай – Еуропа» бағыты бойынша құрлықтағы транзиттік тасымалдардың 80 пайыздан астамы үшін өзіндік көпір саналады. Бұл ретте қазіргі кезеңде Транскаспий халықаралық көлік бағыты стратегиялық маңызға ие болды. Бұл бағыт өңірлеріміз арасындағы өзара қарым-қатынас деңгейін едәуір арттыра алады. Жуырда Қытайға жасаған мемлекеттік сапарымның аясында қытайлық серіктестерімізбен бірге Сиань қаласында логистикалық терминалдың іргетасын қаладық. Бұл порт Орталық Азия территориясы арқылы Еуропаға тікелей контейнерлік пойыздарды жіберу үшін маңызды хаб болмақ. Сондай-ақ біз Транскаспий бағытын Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасымен ұштастыруға уағдаластық. Былтыр осы күре жол арқылы шамамен 1,7 миллион тонна жүк тасымалданғанын атап өткім келеді. Бұл 2021 жылғы көрсеткіштен екі есе көп», - деді Президент.

photo

Фото: Getty Images

 

Еуропалық Қайта құру және даму банкінің бағалауынша, 2030 жылға қарай Транскаспий бағыты жыл сайынғы өткізу қабілетін 250-300 мың контейнерге дейін арттырып, әлеуетін кеңейте түседі.

Осы көрсеткішке қол жеткізу үшін Қазақстан цифрлық шешімдер енгізу және инфрақұрылымды жаңғырту бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.

«Транскаспий бағыты бойынша жүктердің реверсті транзитін дамыту еуропалық экспорттаушыларға қосымша мүмкіндіктер береді. Одан бөлек, Қазақстан Транскаспий бағытын Трансеуропалық көлік желісімен (TEN-T) және «Global Gateway» мега бастамасымен ұштастыру бойынша еуропалық серіктестермен бірлесіп жұмыс істеуге дайын. Биыл 19 мамырда Еуропалық банк Еуропа мен Орталық Азия арасындағы тұрақты көлік байланыстарына жүргізген зерттеуін ұсынды. Онда Оңтүстік Қазақстан аумағы арқылы өтетін «Орталық Транскаспий желісі» «ең тұрақты нұсқа» ретінде белгіленген», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

photo

Мемлекет басшысы атаған үшінші бағыт – энергетика және сирек кездесетін металлдар.

Осы орайда Қасым-Жомарт Кемелұлы осы жылдың қаңтар айынан бастап «Ақтау – Баку – Тбилиси – Джейхан» бағыты бойынша жылына 1,5 миллион тонна қазақстандық мұнай жіберу басталғанын айтты.

«Орта мерзімді перспективада «Ақтау – Батуми» бағыты бойынша мұнай экспортын кеңейтуді, сондай-ақ, Транскаспий бағытының құбырлары арқылы айдау көлемін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Оған қоса, Қазақстан Германияға «Дружба» құбыры арқылы мұнай жеткізуді бастады. Жыл басынан бері 90 мың тонна көлемінде жеткізілім болды. Бұл көрсеткішті келешекте ұлғайтып, жылына 1,2 миллион тоннаға дейін жеткізу әлеуеті бар», - деді Президент.

photo

Фото: Edgar Su/Reuters

 

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы сирек кездесетін металлдар саласында қабылданған жол картасы еліміз үшін зор мүмкіндіктер ашатынын баса айтты.

«Біз еуропалық серіктестерімізге Қазақстан аумағындағы 60-тан астам бағалы әрі түсті металлдар кен орындарын барлауға және өңдеуге жеңілдік беруге дайынбыз», - деді Мемлекет басшысы.

Төртінші бағыт – климат пен «жасыл энергетикаға» көшу.

Осы орайда Президент «Global Gateway» стратегиясын және «Team Europe» бастамасын іске асыру аясында Орталық Азиядағы климаттың өзгеруі, су ресурстары, жаңартылатын энергия көздерін дамыту мәселелері бойынша бірлескен күш-жігерді жандандыру орынды болатындығын атап өтті.

«Аралды құтқару халықаралық қорының қызметі ауқымында бірлескен күш-жігерді жандандыруға ерекше назар аудару қажет. Алматы қаласында Орталық Азия елдерінің климат және жасыл энергетика мәселелері жөніндегі жобалық кеңсесін құруды, сондай-ақ 2026 жылы Қазақстанда өңірлік климаттық саммит өткізуді ұсынамыз», - деді Мемлекет басшысы.

photo

Президент бесінші бағыт ретінде цифрлық даму туралы айта келе бұл бағытта ынтымақтастық мүмкіндіктері мол екеніне тоқталды.

«Биыл наурыз айында Microsoft компаниясы Қазақстанда озық технологияларды тарту орталығына айналатын Мультиөңірлік хаб ашқаны туралы жарияланды. Біз 2025 жылға қарай кемінде 100 мың жоғары білікті IT маман даярлау міндетін қойдық. Сондықтан Еуропа университеттерін Қазақстанда, оның ішінде маңызды өңірлік IT алаңға айналған Astana Hub технопаркі базасында филиалдар ашуға шақырамын. Жалпы, біз цифрландыру саласындағы өз әзірлемелерімізді кеңейтуді және өңірлік деңгейде цифрлық хаб ретінде тәжірибемізді бөлісуді жоспарлап отырмыз», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

photo

Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе алтыншы бағыт – өңірлік қауіпсіздік және тұрақтылық мәселесіне тоқталып, Қазақстанның сыртқы саяси бастамаларын ілгерілетуде және ауқымды демократиялық өзгерістерді жүзеге асыруда Еуропалық Одақтың көрсеткен қолдауына жоғары баға берді.

«Қазақстан Еуропалық Одақтың біздің сыртқы саяси бастамаларымызды ілгерілетуге және ауқымды демократиялық қайта құруды іске асыруға қолдауын жоғары бағалайды. Біз әрдайым Орталық Азияның барлық аймақпен және елдермен жемісті ынтымақтаса отырып, бейбітшілік пен прогрестің таралу ошағы болуын қолдаймыз. Еуропалық Одақпен көпқырлы серіктестігіміздің тұрақты дамуы өңірдегі қауіпсіздік пен тұрақтылыққа, оның ішінде Ауғанстандағы жағдайға да тікелей байланысты», - деді Мемлекет басшысы.

photo

Қасым-Жомарт Тоқаев Ауғанстандағы гуманитарлық дағдарыстың алдын алу үшін халықаралық қауымдастықтың күш-жігерін қолдауды жалғастыру маңызды екенін баса айтты.

Кездесу қорытындысы бойынша жиынға қатысушылар бірлескен баспасөз-коммюникесін қабылдады.

Ашық және сындарлы кездесу барысында қатысушылар өткен жылғы Астана қаласындағы инаугурациялық кездесуден кейін Еуропалық Одақ пен Орталық Азия мемлекеттері арасындағы көпжақты және өзара тиімді ынтымақтастықты қарастырды, сондай-ақ халықаралық оқиғалар тұрғысында Еуропалық Одақ пен Орталық Азия арасындағы қатынастарды талқылады.

photo

Олар Орталық Азия мен Еуропалық Одақ арасындағы жоғары деңгейдегі диалогты жалғастыруға және Орталық Азияның өркендеуі мен қауіпсіздігінің ортақ мақсаты үшін Тараптар арасында айқындалған басым бағыттарға сәйкес Еуропалық Одақ – Орталық Азия әріптестігін дамытуға өз бейілдігін растады.

Көшбасшылар Орталық Азия елдері мен Еуропалық Одақ арасындағы қатынастарды одан әрі институциоландыруды қолдау жолында жоғары деңгейдегі қолда бар және жаңа платформалардың қосқан үлесіне қошемет білдірді.

photo

Қатысушылар Еуропалық Одақ – Орталық Азия арасындағы соңғы диалогтар мен платформалардың, атап айтқанда, 2023 жылғы 18-19 мамырда Алматы қаласында өткен Еуропалық Одақ – Орталық Азия екінші экономикалық форумының, 2023 жылғы 10 наурызда Ташкент қаласында өткен Азаматтық қоғам форумының, 2023 жылғы 23-24 ақпанда Римде өткен қоршаған орта және су ресурстары саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Еуропалық Одақ – Орталық Азия жоғары деңгейдегі 7-ші конференциясының, 2022 жылғы 18-19 қарашада Самарқандта өткен Еуропалық Одақ – Орталық Азия өзара байланыс жөніндегі Еуропалық Одақ – Орталық Азия конференцияларының және Министрлік кездесуінің оң нәтижелеріне қанағаттанушылық білдірді.

Қатысушылар келесі министрлік кездесуінде «Еуропалық Одақ – Орталық Азия» Жол картасын қабылдауға ниет білдірді. Олар өзара құрмет пен өзара қолдау негізінде өршіл ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екенін растады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары