Әкімдер келеді. Әкімдер кетеді. Олардың атқарған жұмысы, халыққа көрсеткен қызметі елдің есінде қалады. Оңтүстік Қазақстан облысын талай әкім басқарды. Соның ішінде бір жылдан сәл ғана астам уақыт өңірге басшылық жасаған Бейбіт Атамқұлов турасында жұрт жақсы пікірде қалған секілді. Оның ең басты көпшіліктің назарына ілінген жері – тазалығы дегенді көп адамның аузынан естідік.
Қарапайым халықтан бастап, биліктің, мәслихаттың төңірегінде жүрген басшылар мен халық қалаулылары Бейбіт Бәкірұлы туралы әңгіме қозғала қалса, оның қызметке адалдығы, дүниеге құмартпағаны, өзін барлық жағынан таза басшы ретінде көрсете білгендігін тілге тиек етеді.
Басшы болғаннан кейін, ол жұмыс істеген соң кемшіліктердің орын алуы заңдылық. Бейбіт Атамқұлов кадр саясатында елеулі асығыстық пен қателіктерге жол бергендігіжасырын емес. Ондай олқылықтар орын алды. Бірақ жалпы алып қарағанда облыста оң өзгерістер көбірек бой көрсетті. Сырттан инвестиция тарту жөнінде ол өзіне дейінгі басшылардан бір саты болса да биік тұрды. Өңірге ірі мөлшерде қаржы тартылды. Облыс аудандары мен қалаларында да осындай жақсы тірліктер біршама жолға қойылды. Сыртқы дипломатиялық қызметтегі іскерлігін, таныстығын ол кісі орынды пайдалана алды деген пікірлермен толық келісуге болады.
Басшы үшін ең басты мәселе – елдің есінде жақсы жағынан қалу. Қызметке абыроймен келіп, бұл жерден абыроймен кетудің өзі кез келгеннің қолынан келе бермейді. Бұл тұрғыдан алып қарағанда Бейбіт Бәкірұлы өзін жақсы жағынан ғана таныта алды деген ойлар, әсіресе, тазалығы, бірсыдырғылығы жайындағы жұрттың жадында қалған бағалау орынды сияқты.
Дереккөз: "Уақыт" газеті