Келіссөздердің басты тақырыбы — Украинадағы соғысты тоқтату жолдары.
АҚШ пен Ресей президенттері Аляскадағы «Элмендорф-Ричардсон» әскери базасында келіссөздерін бастады. Кездесу кезінде журналистер Владимир Путинге сұрақтарын жаудырып, пікір білдіруін талап етті. Алайда Ресей президенті бірде-бір сұраққа жауап бермей, үнсіз қалды.
Трамп: «Путинмен саммиттің сәтсіз өту ықтималдығы – 25%»
АҚШ президенті Дональд Трамп Аляскада өтетін Ресей көшбасшысы Владимир Путинмен кездесуінің сәтсіз аяқталу ықтималдығын 25% деп бағалады. Бұл туралы ол 14 тамызда Fox News Radio эфирінде жүргізуші Брайан Килмидке берген сұхбатында айтты.
— Қазір ол (Путин) келісімге келетініне сенімді. Меніңше, ол бұған барады. Жақын арада мұны анық білеміз. Бірақ 25% ықтималдық бар, кездесу нәтижесіз аяқталуы мүмкін, — деді Трамп.
Зеленскиймен келіссөзге дайындық
Трамптың айтуынша, бұл кездесу Украина президенті Владимир Зеленскиймен өтетін екінші саммитке дайындық іспетті болмақ. Сол кезде шекара, аумақ және өзге де мәселелер бойынша нақты келісім жасалуы ықтимал. Ол Путин және Зеленскиймен үшжақты саммит өткізу үшін үш түрлі орынды қарастырып жатқанын айтты.
— Егер кездесу сәтті өтсе, Зеленскийге қоңырау шалып, біз жиналатын жерге шақырамын, — деді ол.
АҚШ президенті келісімге келу тікелей Путин мен Зеленскийдің еркіне байланысты екенін, ал өзі олардың атынан мәміле жасамайтынын атап өтті.
Аляскадағы келіссөздер форматы
Кездесу сағат 11:30-да (Аляска уақытымен) тар форматта басталып, кейін екі ел делегацияларының қатысуымен жалғасады. Артынша жұмыс таңғы асы ұйымдастырылмақ.
Ресей делегациясында СІМ басшысы Сергей Лавров, президент көмекшісі Юрий Ушаков, қорғаныс министрі Андрей Белоусов, қаржы министрі Антон Силуанов және халықаралық инвестициялық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкіл Кирилл Дмитриев бар.
Келіссөздердің басты тақырыбы — Украинадағы соғысты тоқтату жолдары. Сондай-ақ бейбітшілік пен қауіпсіздік мәселелері, сауда-экономикалық ынтымақтастық та талқыланбақ.
Еуропа кеңесінің төрағасы Антониу Кошта Берлиндегі бейнебайланыс барысында Трамптың үш мақсатын атағанын мәлімдеді: атысты тоқтату, «Украинасыз — Украина жөнінде ештеңе» қағидасын сақтау және әділетті әрі тұрақты бейбітшіліктен кейін қауіпсіздік кепілдігін АҚШ пен Еуропа бірлесіп қамтамасыз ету.