Мемлекет басшысы Бас прокурор Асхат Дауылбаевты қабылдады. Кездесу барысында А.Дауылбаев елдегі заңдылық пен құқықтық тәртіптің ахуалы, Мемлекет басшысының азаматтар құқықтары мен бостандықтарын, кәсіпкерлерді қорғауға бағытталған тапсырмаларының орындалуы туралы баяндады, деп хабарлайды Skifnews.kz.
Мемлекет басшысы құқық қорғау жүйесінде таяуда болған өзгерістердің маңыздылығына тоқтала келіп, олар елдегі қылмыстылықтың азаюына септігін тигізетінін айтты.
– Бүгінде тіркелетін қылмыстар саны артты, бұл жалпы қылмыстық ахуалды байыптауға оң әсерін тигізді. Барлық, тіпті ұсақ құқық бұзушылық та тіркелуге тиіс. Бұл жазадан құтылмау қағидатын іске асыруға мүмкіндік береді. Жаңа Қылмыстық, Қылмыстық-процестік кодекстер осы жұмысты күшейтуге бағытталған. Сонымен бірге міндетті түрде бостандығынан айырмай, айып салу секілді жазаның қаржылық түрлеріне ден қойған жөн. Осының бәрі қылмыстылық деңгейін төмендетуге және азаматтардың сенімін арттыруға бағытталған, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Бас прокурор құқық қорғау органдарында азаматтар арыздарының 93 пайызы үш күндік мерзім ішінде қарала бастағанын айтты. Сонымен қатар, барлық қылмыстарды 100 пайыз тіркеу қамтамасыз етілген. Елдегі жалпы қылмыс деңгейі 5,7 пайызға төмендеді, бұл ретте аса ауыр қылмыстар саны 21 пайызға, ауыр қылмыстар 22 пайызға азайған.
Сондай-ақ А.Дауылбаев Қазақстан Президентін азаматтардың еңбек құқықтарының, халықтың әлеуметтік жағдайы төмен топтары мүдделерінің қорғалуы, кәсіпкерлікке қолдау көрсету, сот өндірісіне дейінгі объективтілікті және тиімділікті қамтамасыз ету жөніндегі прокуратура органдары жұмысының нәтижелері туралы хабардар етті.
Кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы бірқатар нақты тапсырмалар берді.