Сәуірдің 9-ы күні Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков ресми сапармен Түркияға барды. Сарапшылар бұл сапар соңғы жылдары екі ел арасындағы нашарлап кеткен ахуалдың жақсаруына септігін тигізеді деп санайды.
Бұл - Сооронбай Жээнбековтің Қырғызстан президенті болып сайланғалы ТМД елдерінен тысқары елге жасаған алғашқы сапары.
Түркия Жээнбековті аса жылы шыраймен қарсы алды. Жергілікті агенттіктердің хабарлауынша, Түркия Жээнбековты Анкараға өткен аптада сапарлаған Ресей президенті Владимир Путинге көрсетілгендей құрметпен күтіп алған.
Ертеректе Қырғызстан билігі мен ресми Анкара кей мәселелер бойынша ашық дауласып жүрген. Ал Жээнбековтің алдындағы президент Алмазбек Атамбаевтың тұсында Қырғызстан мен Түркия арасындағы ынтымақтастық нашарлап кеткен еді. Дипломаттардың сөзінше, Жээнбеков Түркияға екі ел арасындағы жағдайды жақсарту үшін барған.
Қырғызстан президенті сапарының алғашқы күні, яғни сәуірдің 9-ында Түркия басшысы Режеп Тайып Ердоғанмен кездесті. Кездесу барысында президенттер экономика, инвестиция, ауыл шаруашылығы, спорт, әлеуметтік қамту, ақпарат және баспа салаларында ынтымақтастық орнату туралы екі жақты құжаттарға қол қойды. Құжаттарға қол қою рәсімінен кейін өткен баспасөз мәслихатында Ердоған "Қырғызстан - Түркия үшін орны ерекше ел" деді.
Бұдан бөлек, Түркия президенті Ердоған "2016 жылы әскери төңкерісті ұйымдастырды деген күдікке ілінген" діни қайраткер Фетхулла Гүленнің қозғалысы Қырғызстанға да қатер төндіреді деп мәлімдеп, Қырғызстан президентін "Гүлен қозғалысы мүшелері" мен Анкара діни қайраткермен байланысы бар деп санайтын FETO ұйымына қатысты шара қолдануға шақырды.
- Өкінішке орай, 2016 жылғы төңкеріс жасамақ болғандардың әрекетінен кейін ынтымақтастығымызға сызат түсті. FETO өз ықпалына түсіп қалған адамдар арқылы екі елдің ынтымақтастығын бұзуға тырысты. FETO мүшелері мен оларды қолдайтын адамдар Қырғызстан мен Түркия арасына жік салуға тырысты. Президент Жээнбековтің бүгінгі сапары FETO ұйымының мұндай әрекеттеріне қайтарылған тамаша жауап болады. Осыған байланысты мынаны баса айтқым келеді: FETO ұйымының елдегі немесе шетелдегі соңғы мүшесі өз қылмысы үшін жауапқа тартылғанға дейін Түркия бұл қозғалысқа қарсы күресін тоқтатпайды. Бұл варварлардың емін-еркін әрекет етіп, бостандықта тайраңдауына жол бермейміз. Олардың мойнында 551 азаматымыздың қаны бар. Тағы 29 отандасымыз солардың қолынан мерт болды. Қай жаққа қашып, қай жерде тығылса да оларды құлағынан тартып шығарып, құқық қорғау органдарының қолына береміз. Бұл ұйымның басшыларын ұстау, оларды түп-тамырымен жою президент ретінде екеуміздің тікелей міндетіміз. Өйткені бұл қозғалыс Түркиямен қатар Қырғызстанның да қауіпсіздігіне қатер төндіріп тұр. Бұл ұйым Түркиядағы қазіргі әрекеттерін күні ертең Қырғызстанда да қайталауға тырысады. Екеуіміздің оңаша кездесуімізде, кеңейтілген жиында осы мәселелерді де қарадық, - деді Ердоған.
Ал Сооронбай Жээнбеков Ердоғанның бұл сөзіне жауап қайтарған жоқ әрі "Гүлен мектептеріне" шара қолдануға шақырған өтінішіне өз позициясын айтпады. Қырғызстан президенті Анкараға сапарының жемісті өтіп жатқанын мәлімдеп, Түркия басшысымен екі жақты және халықаралық маңызды мәселелер талқыланғанын ғана айтты.