Қазақстан өзге елдерге үлгі боларлық қадамдарға бара бастағанын өзгелер сезіне бастады.
Тіпті көрші айырқалпақты қырғыздардың президенті Алмазбек Атамбаев екі сөзінің бірінде «Қазақстанды үлгі тұтамыз» деп сайрап жүрсе, алпауыт Ресейдің билік тізгінін ұстағандары да Қазақстанда жүргізіліп жатқан сәтті реформаларға тек бас шайқап, таңғалумен келеді. Мәселен, Астана экономикалық форумына келген «Ресей Жинақ банкі» АҚ төрағасы Герман Греф: «Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жарялаған «100 қадам» бағдарламасы Қазақстанды заманауи экономикалық мемлекет етудің бірден-бір жолы. Мен мұндай тақырыпта көп жыл жұмыс істедім, бұл құжатты жоғары деңгейде бағалаймын. Бұл мен көргендердің ішіндегі саналы түрде жасалған бірден-бір сапалы құжат. Осы «100 қадамның» ең болмағанда жартысы жүзеге асса, Қазақстан мүлде басқа мемлекетке айналады. Ресейге дағдарыстан шығу үшін не істеу керек? Дәл осындай «100 қадам» жасау керек, ойланудың қажеті шамалы. Бұл құжатта ешқандай мін жоқ. Бөлімдерді белгілеуден бастап барлығы да сауатты жасалынған. Ең бастысы, мемлекеттік аппараттың, елді басқаратын адамдардың сапалы болуы. Егер бұлар болмаса, басқа нәрселерді ойлаудың қажеті де жоқ. Мұндай жолды жүріп өткен елдер тым аз» деп Қазақстанда жүргізілгелі жатқан «100 нақты қадам» бағдарламасын мойындаған еді.
Ал енді сәрсенбі күні Ресейдің Санкт-Петербор қаласында ашылған Халықаралық экономикалық форумда Ресейдің экс-қаржы министрі Алексей Кудрин «Ресейдің басқа емес, Қазақстаннан үлгі алғаны дұрыс» деп барша жұртқа мәлім етті. «Неге бізге президенттік сайлауды жедел өткізбеске? Сол арқылы жаңа серпінді реформаларға жол ашпасқа? Мәселен, президент Назарбаев Президент сайлауын өткізу арқылы елді жаңа белеске бастайтын ауқымды реформаға («100 нақты қадам») мүмкіндік алды. Бізде президент сайлауын тоспай кезектен тыс өткізіп жіберейік. Ол жаңа реформаға жол ашар еді. Сондықтан президенттік сайлауды тездетіп, сан-салалы реформа жасауға жаңа мандат алған жөн. Бұған қоса тың ойлы жаңа команда да жасақталар еді» дейді Алексей Кудрин. Осылайша, көпшіліктің алдында Қазақстанның тәжірибесін қайталауды ұсынған оның айтқандарына әзірге ресми Ресей билігі пікір білдірген жоқ. Дегенмен, бірқатар саясаткерлер Кудринді қолдап жатқаны белгілі. Ресей саясаткерлері айтса айтқандай, қазір Қазақстан жаңа бір серпілістің алдында тұрғаны анық. Өйткені Елбасы ұсынған бес институттық реформа, оны жүзеге асыруға арналған «100 нақты қадам» бағдарламасы осының кепілі. Расында, қазір Қазақстан әлемге үлгі болуға лайық елдердің біріне айналды. Себебі, елде сәтті жүргізілген саяси-экономикалық реформалар соның бір көрінісі. Халықаралық ірі ұйымдарға мүше болуы, кейбіріне төрағалық етуі, көп тармақты бейбіт саясат жүргізуі, алыс-жақын мемлекеттермен барыс-келіс, алыс-берісті дұрыс жолға қоюы, әлемдегі жүздеген елдермен білікті дипломатиялық қатынас орнатуы, көптеген ұлт өкілдері тұратын елімізде береке-бірлік, ынтымақтастық орната білуі Қазақстанда жүргізіліп жатқан саясаттың өте дұрыс екенінің бір көрінісі. Демек, өзгелердің «Қазақстаннан үлгі алайық» деуінің жаны бар.