05.08.2015, 03:12

Назарбаев Бейжіңнің жеңісіне қуанған қазақстандықтарды қалай қабылдады?

kaz.tengrinews.kz

Нұрсұлтан Назарбаев 2022 Олимпиада ойындарының астанасына дауыс беру нәтижесінде Бейжіңнің жеңіске жетуі туралы жаңалықты байсалдылықпен және ұстамдылықпен қабылдады. Бұл туралы Tengrinews.kz-ке Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы Дәурен Абаев айтып берді.

“Президент дауыс беру сәтін ерекше назарда ұстады және бұл мәселе оған ерекше маңызды болды. Бірақ тәжірибелі саясаткер және ең жоғарғы деңгейдегі мемлекеттік менеджер ретінде Нұрсұлтан Әбішұлы ең күрделі жағдайлардың өзінде көңіл-күйге ерік бермейді. Мемлекет басшысы байсалды әрі ұстамды болды. Өздеріңіз білетіндей, дауыс беруден кейін президент ҚХР төрағасы Си Цзиньпинді бірден құттықтады және Олимпиаданы сәтті өткізуді тіледі”, – деді Абаев.

Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы 2022 жылғы Олимпиада ойындарының Алматыда өтпейтініне қуанған қазақстандықтардың көзқарасына қатысты өз пікірін білдірді.

“Мұндай жағдайларға біз байсалды қараймыз. Әркім өз пікірін айтуға құқылы”, – деді ол.

Сонымен бірге хатшы дауыс берудің өзі-ақ, Алматының әлемнің қайсыбір қаласына болса да бәсекелес бола алатындығын және команданың үлкен жұмысты атқарғанын атап өтті.

Бұрын хабарлағанымыздай, 2022 жылғы Қысқы Олимпиада ойындары Қытайдың Бейжің қаласында өтеді. Бұл туралы   Малайзия астанасы Куала-Лумпурде Халықаралық Олимпиада комитетінің 128-ші сессиясында белгілі болған еді.  Қазақстанға Олимпиада өткізу құқығына ие болуға үш қана дауыс жетпей қалды.