Елінің оңтүстік-шығысындағы әскери қақтығыстардан бас сауғалаған Украинаның 20-дан астам азаматы Таразға келді, деп хабарлайды «Новый Регион» басылымы.
Порталдың мәліметінше, босқындардың бірінің құжаты Жамбыл облыстық ішкі істер департаментінің көші-қон полициясы басқармасында рәсімдеуде жатыр.
«Жамбыл облысының көші-қон ведомствосына Сириядан келген Әлмұхаммед Свейда-Айеш Хасан деген азамат та тіркелген. Ол өз Отанын тастап, Таразға мәңгі қоныстануды ұйғарған. Сириялық азаматтың мамандығы дәрігер. Ол «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалына хабарласып, кәсібі бойынша жұмысқа орналастыруды сұраған. Сириялықтың сөзіне қарағанда, облыстық денсаулық сақтау басқармасы қазақстандық заңнама талаптарына сүйеніп, шетелдіктің медициналық қызметпен айналысуына құқық бермей отыр», делінген хабарламада.
Еске сала кетсек, Донбастың тәуелсіздігін жақтаушылар мен Украина күш құрылымдары арасындағы ұрыс әрекеттері шиеленісе түскен маусым айынан бері Украинаның оңтүстік-шығысынан босқындар легі ағыла бастады.