1 миллионнан астам тұрғыны бар Шымкентте 568 мың 794 адам сайлау тізіміне енгізілсе, олардың 230 мың 318-і сағат 14:00-ге дейін дауыс беріп үлгерген. Пайыздық өлшеммен айтқанда – 40,1 %. Онымен қоса мүмкіндігі шектеулі азаматтарға да қажетті жағдайлар қарастырылған. Мәселен, ұлғайтқыштар, аудио-бейне материалдар және әдістемелік нұсқаулар қамтамасыз етілді.
«Бүгін сағат 12-ге дейін, заңға сәйкес, сайлауға келе алмаған азаматтар өтініш жазу керек болған. Осыған сәйкес, екі бақылаушымен бірге комиссия мүшелері үйден-үйге барып, дауысын ала алады. Бірақ биыл мүмкіндігі шектеулі азаматтарға сайлау учаскесіне келуге мүмкіндік жасап отырмыз. Кабиналар дауыс беруге ыңғайлы, сонымен бірге пандустар орнатылған» дейді Шымкент қалалық орталық сайлау комиссиясының хатшысы Қайырбек Құнанбаев.
Айта өтейік, Шымкент қаласындағы сайлау процесін саяси партиялардан 238 адам, қоғамдық ұйымдардан 534 адам, оған қоса шетелдік 26 бақылаушы қадағалады.
«SN.kz»-ақпарат.