$ 495.2  522.34  4.94

Әйел әлсіздігімен мықты немесе гендерлік теңдікті дұрыс түсініп жүрміз бе?..

Егер адамның биологиялық, әлеуметтік, саяси, психологиялық сияқты жан-жақты қырлары бар екендігін ескерсек, шындығында ер мен әйел абсолютті тең бола алмайды.
Фото: taldykorgan-online.kz
Фото: taldykorgan-online.kz

«Байтал шауып бәйге алмас» деген байырғы заманнан қол үзгелі қашан... Бүгінде әйелсің бе, ерсің бе қоғамда қатар жүріп қызмет етіп, бірдей табыс таба аласың. Тіпті табысың күйеуіңнен көп болса, бала туған соң үйде өзің емес, отағасын отырғызуға да құқық берді қоғам. Ендеше, әрегідік әйел теңдігі, гендерлік саясат деген мәселелердің айтылып қалатыны несі? Жалпы, біз осы гендер ұғымын дұрыс түсініп жүрміз бе? Себебі қазір көпшіліктің көзіне гендер деген үйде отырған әйелді көшеге дырылдатып сүйреп шығарып, қаласа да, қаламаса да еркектермен қатар тұрғызып қоятын ұрдажық секілді көрінетін секілді. Ал бұл бізде осы саясатты дұрыс түсіндірмеудің салдары

«Аяз, әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл»...

Егер адамның биологиялық, әлеуметтік, саяси, психологиялық сияқты жан-жақты қырлары бар екендігін ескерсек, шындығында ер мен әйел абсолютті тең бола алмайды. Яғни, «тең» деген сөз екі жыныстың биологиялық болмысын теңестіру емес. Осыны дұрыс түсінбеу салдарынан Ұлыбританияда бала туу саны барынша азайып, тіпті алдағы 40-50 жылда Англияда ағылшын деген ұлттың жойылу қаупі төніп тұр. Өйткені, әйелдер «біз де ер адамдармен бірдейміз» деген желеумен бала туудан бас тартуда. Жалпы, осы ұғымды дұрыс түсінбеу салдары қоғамды дұрыс бағытқа бастамайды. Бұл бір.

Екіншіден, бұл – Батыс елдерінің өзекті мәселесі.

«Кезінде мәселен АҚШ мектептерінде директор болып қызмет ететін ер адам мен әйел екі түрлі жалақы алатын болған. Ер мен әйелдің тең құқылығы осы тұста туындайды. Неліктен? «Екеуміздің жұмысымыз бірдей, екеуміз де мектеп директорымыз, неге ерлер көп алады, неге біз аз аламыз?» Міне, бұл жерде әйел адамды кемсітушілік бар. Еңбекке ақы төлеудің теңдігі сақталмай отыр деген сөз. Ал, бізде бұл мәселе жоқ», – дейді белгілі саясаттанушы Дос Көшім.

Бұл бір ғана мысал. Бұдан бөлек тіпті Скандинавия елдерінде Парламент депутаттарының 50 пайызы әйел, 50 пайызы ер адам болуы міндетті деген сияқты арнайы заңдар қабылданған. Бұл біздің баяғы Кеңес үкіметі кезінде депутаттардың 30 пайызы еңбекшілерден, 20 пайызы шаруалардан, 10 пайызы интеллигенциядан болуы керек деген сияқты ережелерге қатты ұқсайды. Яғни, дәл сол сияқты қолдан жасалған жасанды дүние. Мұны саяси тілмен айтқанда қолдан жасалған теңестіру немесе жасанды пропорция дейміз.

Демек, гендерлік теңдік деген ұғым әйелдің әлсіз жаратылысын, ал ерлердің жаратылысынан күштілігін ескере отырып, екі жыныс иелерің құқығын қорғайтын әділетті саясат. Яғни, қазақша айтқанда әйел әлсіздігімен мықты екенін, еркекті ол еркелегенде ғана жеңе алатынын білдіретін термин.

Жалғызбасты әкелер де бар...

Әйел, әйел деп, біз кейде керісінше отбасындағы ананың рөліне мән беріп, әкелерді елеусіз қалдырып жатқандаймыз. Бұрын қазақ баласы «әкең келе жатыр» дегенмен тәрбиеленді. Ал балаға дастарқан басына әке келмей, тамақ жемеуді, «әкеңе айтам» деп баланы тәртіпті болуды аналар үйрететін. Ал, қазір керісінше, отбасында әйелдер бірінші орынға шығып, еркек тұрып, әйел сөйлегеннің кесірінен ер адамның рөлі әлсіреп, тіпті ол бір керексіз адам секілді боп қалғандай да жайы бар. Сондықтан, ерлердің де мүддесін қорғау маңызды.

«Қазіргі отбасылық тәрбие жүйесінде ер азаматтардың рөлін дұрыс бағалау кемшін. Дәстүрлі қазақ тәрбиесінде «сен жігітсің, шаңырақ иесісің» деп, ал, қыздарға «сен болашақ анасың, ошағыңның иесісің» деген функцияларды санасына сіңіреді. Сондай тәрбие көрген отбасыларда ішкі қайшылық көп туындамайды. Жалпы, қазақта ажырасу деген атымен болмаған ғой. Ұрпаққа деген жауапкершіліктің жоғары болғаны соншалық, жаңа құрылған отбасы ортада бала тұрғанда, ажырасу туралы мың рет ойланатын. Оған әлеумет қарсы шығатын. «Ажырасып, баланы тірі жетім етуге болмайды» деген ережелер кішкентай кезден санада қалыптасатын. Қазір осындай ережелер ескерілмейтіндіктен, оларға атүсті қараудан түрлі мәселелер туындап отыр. Яғни, бала дүниеге келген соң, ол әке тәрбиесін де, шеше тәрбиесін де көріп өсуі керектігі тасада қалды», – дейді белгілі ғалым Әбдірашит Бәкірұлы.

Бұл бір, екіншіден, бүгінде заман ағымына сай жалғызбасты ана ғана емес, баланы жалғыз өзі тәрбиелеп отырған ерлер мәселесі де алға шықты. Яғни, гендерлік теңдік болуы үшін біз жалғызбасты әкелер мәселесін де жалғызбасты аналармен қатар қойып қарауымыз керек.

Тағы бір заман туғызған проблема – азаматтық және кейбір этникалық топтар өкілдері арасында туысқандық некелердің пайда болуы. Ерлер мен әйелдердің азаматтық хал актілерін жазу органдарында тіркелмей, діни мекемелер арқылы неке қиюы бүгінде жиі көрініс табуда. Және мұндай некенің көбінің соғы отбасылардың ажырасуына әкеп соқтырып жатқаны жасырын емес. Яғни, біз ойлағандай гендерлік саясат дегеніміз тек әйелдердің ғана құқығын қорғап қана қоймай, отбасы жағдайын тұтас қарастыратынын айта кеткеніміз жөн.

Жоғарыда айтып кеткеніміздей, гендер ұғымын тек қана әйел теңдігін қорғайтын бағыт немесе оның құқықтарын асыра пайдалануды көздеуге бетбұрыс деп қана түсінуге болмайды. Гендер – тек әйелдің ғана емес, ер адамның да тұлғалық ерекшеліктерін қорғайтын, ал кемсітушілік болған жағдайда оның да мүддесін сақтауға атсалысатын қоғамдық үдеріс. Әйел адам ғана емес, ер адам отбасында көп жағдайда әйелдер тарапынан психологиялық қысымға ұшырайды. Өйткені, ер адамға отбасын асырау міндеті жүктелген. Егер, олар тең болса, әйел адамға да ол міндет жартылай жүктелсін деген мәселе қойылуы керек еді ғой. Немесе әскер қатарына ер адамдар шақырылады. Ауыр жұмыста көбіне өлім-жітімге душар болатын да солар.

Осыған байланысты біздің елімізде «Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы» бар. Сондай-ақ «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» ҚР Заңы, ерлермен әйелдердің тең құқықтарының және тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы» ҚР Заңы қабылданды және ең басты ерекше атап көрсетерлік жайт, елімізде 2010 жылдан бастап, ҚР Президенті жанындағы отбасы істері және демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия жұмыс істейді.

Мәриям ӘБСАТТАР

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары