Өткенде ғана президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына алғашқы Жолдауында елімізде заңда көрсетілген тәртіп бойынша митинг өткізуге рұқсат берілуі керектігін айтқан еді. «Конституцияға сәйкес, азаматтарымыз өз ойын еркін білдіру құқығына ие», – деген болатын сонда, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
Сонымен, тамыздың 2-сіндегі Жолдауда митинг туралы бір ауыз сөз айтылды, ал 3-і күні Жаңаөзен қаласының 500-ге жуық тұрғыны алаңға шығып кетті және 4-інде, яғни бүгін оларды қолдап Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтөбе және Семей халқы бас көтерді. Талап – Қытайдың 55 зауытын қазақ жеріне орнықтырмау. Енді осыны басынан бастайық...
Бұрынғы ереуілі шенділер тарапынан шерлі халыққа оқ атқан сорақылықпен есте қалған Жаңаөзен жұртымен бұл жолы Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Тұрымов пен қала әкімі Әділбек Дауылбаев сөйлесіп көрді. Олар жиналғандардың талаптарын тыңдап, қытайлық кәсіпорындар Қазақстанда да, өңірде де салынбайтынын жеткізді.
Ал Нұр-Сұлтан, Шымкент, Ақтөбе және Алматыдағы қалың бұқара Қытай зауыттарының Қазақстанда салынбайтынына сенбейді. Мысалы, бүгін жаңаөзендікдерді қолдап шыққан Ақтөбенің жүздеген тұрғыны жергілікті уақыт бойынша таңертеңгі сағат 10 шамасында облыстық әкімдік ғимаратының алдына жиналды. Олар елде шынымен де Қытай жобаларының қаптап бара жатқанын алға тартты.
Жиналғандарға Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Марат Тоғжанов пен облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова және өзге де шенеуніктер барып, оларды «бұл – рұқсат етілмеген жиын» деген желеумен таратуға тырысты. Әрине, өздерімен санасу үшін келмегендердің ескертулеріне наразы топ көнбістік танытпады. Сондықтан оларды «Ең бастысы, нақты ұсыныс жоқ. Бір фейкті тыңдап алған», – деп кінәлады Марат Тоғжанов.
Бүгін Шымкенттегі наразы топ та «рұқсат етілмеген митингте» еркін көсілді.
«Біздің осылайша өлместің күнін көріп отырғанымызға кім кінәлі? Сіздер билік кінәлі дейсіздер. Жоқ, біз өзіміз кінәліміз. Себебі, үндемей отырамыз. Неге біз үндемейміз? Бассыздық, жемқорлық неге болып жатыр дейсіз? Бәрі үнсіздіктен. Әділ мемлекет болуы керек. Егер болашағымызды өзіміз ойламасақ, ешкім бізді ойламайды», – деді шымкенттік Әбдірахман Рахымбек.
Бұл белсенділерге де жергілікті әкімдік өкілдері келіп, Қаратау ауданы әкімінің орынбасары Марат Тәжібаев та наразы топқа «мұндай жиын өткізу үшін рұқсат алу керек» екенін түсіндіріп бақты.
Осылайша, ақтөбелік Марат та, шымкенттік Марат та ашулы халыққа тегін ақылдарын өткізе алмады.
Сондай-ақ, семейлік бір топ адам қала әкімдігінің қарсы бетіне орналасқан Салық комитеті ғимаратының алдына жиналды. Алайда, «Мы против Китайской экспансии» деген жазуы бар ақ парақты кезек-кезек ұстап тұрған оларға жергілікті билік тарапынан ешкім шықпады...
Енді осы түпкі талабы бір наразылықтардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталмай-ақ қоялық. Одан да бүгін Жаңаөзендегі митингіге қатысты түсініктеме берген Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың не дегені маңыздырақ болар.
«Бұл ақпарат жалған, мұнда ешқандай кәсіпорын ашылғалы жатқан жоқ. Бірлескен кәсіпорындар, инвестициялар бар. Алайда, қазір әлеуметтік желілерде жалған ақпарат тарап жатыр, ол – заңсыз. Егер ол жерде заңсыз шерулерге үндейтін болса, ішкі істер органдары митингілердің жолын кеседі», – деп қатаң ескертті бас полицей. Енді мынадай сесті мәлімдемеден кейін қазақты Құдайдың өзі сақтап, біздің көзін шел басқан шенділер шерушілерге қайтадан оқ атып жүрмесе жарар еді.
Сонымен қатар, Жаңаөзен әкімі болып едел-жедел Мақсат Ибағаров тағайындала қалды. Әзірге оның алдында бұл қызметте отырған Әділбек Дауылбаевтың аяқ астынан босап қалуының себебі де түсіндірілген жоқ.
Айта кетсек, осы кішігірім дүмпулерге түрткі болған Қытай – Қазақстанға ең көп инвестиция құятын төртінші, ең көп қарыз беретін үшінші ел. Былтыр ғана ол елден 2 миллиард 62 миллион юань көлемінде несие алғанбыз. Ал биылғы сәуірде сол кездегі президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев Пекинде өткен «Бір белдеу – бір жол» форумына қатысып, Қытайдың Қазақстандағы 55 ірі жобасының 15-і жұмысын бастағанын, 11 нысан биыл пайдалануға берілетінін айтқан болатын.
Енді міне, елімізде Қытай-Қазақстан қатынасына қарсылық күшейген тұста Қасым-Жомарт Тоқаев Пекинге Мемлекет басшысы ретіндегі алғашқы ресми сапармен бармақ. 11-12 қыркүйекке жоспарланған бұл сапарда ол Қытай президенті Си Цзиньпинмен екі ел арасындағы қарым-қатынасты талқылайды.
Елдегі бас көтерулерге қатысты саясаттанушы Ерлан Сайыров бүгін өзінің фейсбук парақшасында пікір білдірді. Оның ойынша, осы мәселе сырткөз біреулердің, яғни көрінбейтін үшінші күштердің нұсқауы бойынша өршіп тұратын тәрізді. Сонда да өзіміздің ол алып елмен байқап араласуымыз керектігін де айтқан.
«Ең негізгі аспект, Қытаймен біз шекараласпыз, оның саны көп, экономикасы аспандап барады. Сақ болуымыз керек. «Сақтықта қорлық жоқ» деп бекер айтпаған, бұл – дұрыс. Әрбір жобаны мемлекеттік экспертизадан өткізу – негізгі міндет, сол экспертизаның өзі ашық, қоғамның араласуымен болуы керек. Ақпараттың шындығы мен ашықтығы өте маңызды. Ұлттық қауіпсіздік мәселесі – ең бірінші орында», – дейді саясаттанушы.
Жалпы, Үкіметтің осы мәселе бойынша халық алдында анық-қанық есеп бергені жөн деп санайды ол.
«Мені толғандырып отырған басқа мәселе, еліміздің ішкі саяси мәселесін «шайқалтқысы келетін» сыртқы күшер бар. Өйткені, әлсін-әлсін ақпараттық алаңға осы мәселені от ретінде лақтырып отырады. Сыртқы күштер дегеніміз – ірі корпорациялар. Кейбір мемлекеттер біздің елдің ішкі істеріне қол сұққысы келетін тәрізді. Кеше ғана ел басшысы Қ. Тоқаев елге Жолдауын жариялап, халықтың басым көпшілігі сол құжатқа өзінің ырзашылдығын білдірді. Президенттің күшейіп кетуінен де қауіптенетін күштер болуы да мүмкін. Өйткені, ол кісінің Пекинге сапары алдында осындай шудың шығуы бекерден-бекер емес екендігі анық», – деген күдігін де жасырмаған.